Өңірлер

Алматы мектебінде 1-сынып оқушысы терезеден секіріп кетті: оқиғаның мән-жайы

© Photo : Anita S.Мальчик закрывает лицо, иллюстративное фото
Мальчик закрывает лицо, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Баланың ата-анасы мұғалімге де, мектепке де кінә артпайтынын айтты

НҰР-СҰЛТАН, 12 қыркүйек — Sputnik. Алматыда алты жасар бала мектептің екінші қабаттағы терезесінен құлап, аман қалды. Қазір оқушы ауруханада жатыр. Білім беру мекемесі оқиғаның мән-жайын айтты.

Мұғалім үзіліс кезінде балаларды сыныптан шығарып, кабинетті кілтпен бекітіп кеткен екен. Кейінірек оқушылар айтқандай, бала партаның астына тығылып қалғандықтан, ұстаз оны байқамапты. Сыныпта жалғыз өзі қалған жеткіншек сыртқа шыққысы келіп, екінші қабаттағы терезеден секіріп кеткен, деп хабарлайды КТК арнасы.

"Балалар оның партаның астында тығылып қалғанын айтты. Жеткіншек екінші қабаттан секірген. Бірден дәрігерлерді шақырдық. Бұған дейін мұғалімдердің бәріне қауіпсіздік техникасы ережелері түсіндіріліп, олар қолдарын қойған болатын. Болған жайт туралы айтып, қайта түсіндірдік", - деді Алматының №80 орта мектебінің директоры Айгерім Байекенова.

Мектеп директорының айтуынша, баланың ата-анасы мұғалімге кінә артып отырған жоқ. Педагог жұмысын жалғастыра береді, бірақ қатаң сөгіс алған.

"Баланың жағдайы бір қалыпты. Үйін сағынады. Мұғалімге де, мектепке де шағымым жоқ. Терезеден секірген өзі, мұғалімнің кінәсі емес", - деді оқушының әкесі.

Тағы оқыңыз: Түркістан облысында оқушы мектепте алған ауыр жарақатынан қайтыс болды

Дәрігерлердің айтуынша, балақай көптеген жарақат алған – миы шайқалып, құрсақ қуысының ағзаларына зақым келген, оң және сол жақ білек сүйегі сынған.

"Бала ояу, тамағын өзі ішеді, сөйлеседі, емделіп жүр. Бір апта ішінде ауруханадан шығарсақ деп отырмыз", - деп атап өтті Балалар жедел медициналық жәрдем орталығы бас дәрігерінің орынбасары Дінмұхамед Рузуддинов.

Қазір оқиғаның полицейлер тергеп жатыр. Олар мән-жайды анықтауы тиіс.

Жаңалықтар
0