НҰР-СҰЛТАН, 8 қазан — Sputnik. Сенат төрағасы Дариға Назарбаева Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында кәсіпкер әйелдер ассоциациясының өкілдерімен жүздесті. Кездесу барысында ол Қазақстанда басшылық лауазымға әйелдерді көбірек алу қажеттігін атап өтті.
Тағы оқыңыз: "Халықтың алдында кінәліміз". Назарбаеваның орынбасары сенат қателескенін мойындады
Назарбаева кездесу кезінде мемлекеттік басқару мен еліміздің саяси өміріне әйелдердің қатысуын кеңейтуге назар аударды, деп хабарлады парламент сенатының баспасөз қызметі.
Оның пікірінше, Қазақстан халқының 50 пайызынан астамын әйелдер екеніне қарамастан, олар мемлекеттік құрылымдарда аз.
"Мемлекеттік органдар немесе компаниялардың басшыларымен қоса, көптеген жұмыс беруші басшылық лауазымға әйелдерге қарағанда ер адамды көбірек алатыны құпия емес. Бұл жағдайды республикалық та, аймақтық деңгейде де өзгерту керек", - деді Назарбаева.
НҰР-СҰЛТАН, 22 қаңтар – Sputnik. Павлодар облысы Баянауыл ауданының бұрынғы әкімі Оразгелді Қайыргелдинов үш жарым жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен брифингте айтылды.
"2021 жылы 18 қаңтарда Баянауыл аудандық сотының үкімімен ауданның бұрынғы әкімі Қайыргелдинов 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеуге сотталды", – деді агенттіктің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаров.
Қайыргелдинов лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланды деп айыпталды.
Экс-әкім Баянауыл ауданының коммуналдық меншігіне кәсіпкерден пайдалануға жарамсыз әуе айлағын заңсыз сатып алған.
Осылайша мемлекетке 240 миллион теңге сомасында шығын келтірді.
Оқи отырыңыз: Тоңазытқыштағы нәресте өлімі: сот залында шу шықты – видео
Еске салсақ, 2020 жылдың қарашасында Павлодар облысы Баянауыл ауданының бұрынғы әкімі Оразгелді Қайыргелдинов сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікке ілінді.
Оған қатысты қамауға алу түрінде бұлтартпау шарасы таңдалған еді.
Оразгелді Қайыргелдинов Баянауыл әкімі қызметін 2016 жылдан 2019 жылға дейін атқарды.
НҰР-СҰЛТАН, 22 қаңтар – Sputnik. Жамбыл облысында қол астындағы қызметкерін жаңа қызметке тағайындау үшін 2 миллион теңге пара алған шенеунікке қатысты іс тергелді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаров Жамбыл облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі тергеп жатқан іс туралы айтты. Оның сөзіне қарағанда, еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті департаменті басшысына қатысты қылмыстық іс қозғалған.
Ол алаяқтық жасап, департамент басшысының орынбасары лауазымына тағайындауға жәрдемдесу үшін қол астындағы қызметкерінен 2 миллион теңге пара алды деп айыпталып отыр.
"Қазіргі таңда күдікті сотқа тапсырылды. Оның кінәлілік дәрежесіне қатысты түпкілікті шешімді сот шығарады", - деді Биғайдаров.
НҰР-СҰЛТАН, 22 қаңтар – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматыда инфекциялық аурухана салу кезінде бюджет қаражатын жымқыру туралы іске түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Аталған қылмыстық іс ішкі мемлекеттік аудит актісі бойынша тіркелді. Тергеу барысында келтірілген нақты шығынды анықтау үшін актілер тексеріс жүргізу үшін тіркеледі. Ақшаның ұрланып-ұрланбағанын және сомасын анықтау үшін тиісті сараптамалар тағайындалады. Көп жағдайда бұрын айтылған шығын сомасы расталмай жатады, тіпті, істер тоқтатылған кездер де болған", - деп түсіндірді агенттіктің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаров брифингте.
Айтуынша, қазір қылмыстық іс тергеліп жатыр.
"Тергеу барысында ақша шынымен жымқырылды ма, жоқ әлде бұл қандай да бір заңбұзушылық па, мұның бәрі анықталады", - деп нақтылады ол.
Жемқорлыққа қарсы агенттік тергеу барысы туралы қосымша ақпарат береді.
"БАҚ-та резонанс туғызбауды өтінеміз. Бұл акті бойынша әдеттегі тіркеу, бізде ондай көп. Тергеу барысы туралы қосымша хабарлаймыз", - деді Биғайдаров.
18 қаңтарда Алматы жайлы қалалық орта басқармасының басшысы Сапар Нұрашевқа қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқаны белгілі болды. Сонымен қатар, бұл іске "Bi-Industrial" ЖШС директорының да қатысы бар екені айтылды.
БАҚ хабарлағандай, олар COVID-19 науқастарына арналған модульдік аурухананы салу кезінде 3,9 миллиард теңге жымқырды деген күдікке ілінді.
Күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 189-бабы "сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу" бойынша қылмыстық іс қозғалғаны хабарланды.
Бұл бап бойынша мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып немесе жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Бұған дейін БАҚ-та Сапар Нұрашевтың ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Алайда қала әкімдігі мұны жоққа шығарды.
Алматы әкімінің баспасөз қызметі Сапар Нұрашевтың өз жұмыс орнында екенін растайтын видео түсірді.