Әкімдік әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетовке қымбат көлік сыйға тартты

Әкімдік әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетовке қымбат көлік сыйға тартты

249
Осыған дейін Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов Бекзат Нұрдәулетовке екі бөлмелі пәтердің кілтін сыйға тартқан болатын

НҰР-СҰЛТАН, 9 қазан – Sputnik. Әуесқойлар арасында бокстан әлем чемпионы атанған 22 жастағы Бекзат Нұрдәулетовке Toyota Camry XV70 көлігі сыйға тартылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Жаңаөзен қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, көлікті спортшыға қалалық әкімдік пен "Өзенмұнайгаз" АҚ сыйлаған.

"Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаров чемпионды құттықтап, ата-анасына алғысын білдірді. Қала әкімі спортшының бапкерлерін атап өтіп, олар әлем біріншілігінде Бекзат Нұрдәулетовтың жеңіске жетуінің басты себепкер болғанын атап өтті", - делінген хабарламада.

Сонымен қатар мерекелік шараға қатысқан қалалық мәслихат хатшысы Сақи Мыңбай мен "Өзенмұнайгаз" АҚ транспорт жөніндегі басқарушы директоры Айтқали Бәшенов боксшыға сәттілік тіледі.

Ашық дереккөздегі мәліметтерге сүйенсек, Toyota Camry XV70 автокөлігінің автосалондағы бағасы – 10-17 миллион теңге аралығында.

Осыған дейін Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов Бекзат Нұрдәулетовке екі бөлмелі пәтердің кілтін сыйға тартқан болатын.

Тағы оқыңыз: Нұрдәулетовтен жеңілген Хулио Ла Крус күтпеген мәлімдеме жасады

Айта кетейік, Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен бокстан әлем чемпионатында 81 келі салмақта жұдырықтасқан Бекзат Нұрдәулетов төрт дүркін әлем чемпионы және Олимпиада жеңімпазы кубалық Хулио Ла Крусты тізе бүктірді. Ал финалда ол өзбек боксшысы Дилшодбек Рузметовті айқын басымдықпен ұтып, әлем чемпионы атанды.

249
Кілт сөздер:
чемпион, көлік
Тақырып бойынша
"Алға, Бекзат!": 22 жастағы қазақ боксшысы әлем чемпионы атанды - видео
Сәпиев бокстан әлем чемпионатында кімнен медаль күтетінін айтты
ӘЧ-2019: жас қазақ боксшысы Олимпиада чемпионын жеңіп, сенсация жасады – видео
"Тек қана алға!": Тоқаев сенсация жасаған Бекзат Нұрдәулетовті құттықтады

Түркістанда Абай мен әл-Фарабидің ескерткіші орнатылды

47
(Жаңартылды 20:36 23.10.2020)
Абай Құнанбайұлының ескерткіші қаладағы "Оқушылар сарайы" ғимаратының алдына орнатылған. Әлемнің екінші ұстазы атанған әл-Фарабидің ескерткіші жаңадан бой көтерген "Облыстық драма театр" алдына қойылды

АЛМАТЫ, 23 қазан – Sputnik. Түркістан қаласында қазақтың ұлы ақыны Абай мен ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабиге арналған ескерткіш орнатылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Абай Құнанбайұлының ескерткіші қаладағы "Оқушылар сарайы" ғимаратының алдына орнатылған. Әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің ескерткіші жаңадан бой көтерген "Облыстық драма театр" алдына қойылды. 

Абайдың ескерткіші
© Photo : Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынды
Абай ескерткіші қаладағы "Оқушылар сарайы" ғимаратының алдына орнатылған

Демеушілер есебінен жасалған екі ескерткіштің де авторы – мүсінші Гүлфия Мелдеш. 

"Түркістан дербес облыс ретінде өркендеп, тарихи шаһар жасарып, жаңаруда. Түркістан бар қазақтың басын қосып, ел болып бәтуа жасаған тарихи алқап. Осы екі рухани тұлғаға арналған ескерткіштердің рухани астанамыз Түркістанда тұруы заңдылық. Өйткені бұл ескерткіштер жаңа тәуелсіздік заманында біздің рухани жаңғыруымызға қолдаушы әрі куәгер болады деген үміттен шыққан ниет", - деді мемлекеттік хатшы шара барысында.

Әл-Фараби ескерткіші
© Photo : Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынды
Әлемнің екінші ұстазы атанған әл-Фарабидің ескерткіші жаңадан бой көтерген Облыстық драма театр алдына қойылды

Ал облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев өркениет көшіндегі әйгілі ойшылдардың мерейтойы қатар келген биылғы жылдың еліміз үшін елеулі жылға айналуын атап өтті.

"Біз бұл тойларды мемлекет басшысы айтқандай, ысырапшылдықпен емес, ынсап пен тәлім-тәрбиенің төңірегінде атап өтудеміз. Биылғы жылдың ауыр болғанына қарамастан біз ұлт руханиятына берері мол, рухани-мәдени бағыттағы біршама жұмыстар атқардық. Елеулі еңбектің бірі – бүгінгі тұғырға қонған бабаларымыздың бейнесі", - деді облыс әкімі.

Айта кетейік, қоладан құйылған қос ескерткіштің биіктігі 4 метр, салмағы 1,5 тонна. 3,5 метрлік тұғырға орнатылған.

47
Кілт сөздер:
ескерткіш, Әбу Насыр әл-Фараби, Түркістан, Абай
Тақырып бойынша
Қазақстанда қанша Абай Құнанбайұлы бар – статистика белгілі болды
"Абай айт­қан жал­қаулық жиі кездесетіні қынжылтады": Тоқаев мақала жариялады
Тоқаевтың "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласы жарияланды
Келешекте Абай институттарын ашамыз деп ойлаймын – президент
Елбасы Әл-Фараби атындағы университетті не үшін мақтады?
Алматылықтар, архивтегі сурет

Бекшин Алматыда инфекция жұқтырғандар неге көбейгенін айтты

101
(Жаңартылды 16:30 23.10.2020)
Әлемдегі эпидемиологиялық жағдай нашарлап бара жатыр. Ал қалада науқастардың көбеюіне көпшілік шаралардың ұйымдастырылуы себеп, деді ол

АЛМАТЫ, 23 қазан – Sputnik. Алматыда эпидемиологиялық жағдай шиеленісе түсті және инфекция жұқтырғандар саны өсіп жатыр. Бұл жайында қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Алматы қаласы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мәліметінше, Алматы қаласында 23  қазандағы жағдай бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 14 607 адамға жетті. Оның ішінде 8762 адамда ауру белгілері бар, қалған 5845 науқас симптомсыз.

"Соңғы тәулікте 44 адамның COVID-19 жұқтырғаны анықталды. Сондай-ақ, бес адам пневмонияға шалдықты. Тәуліктегі ауру жұқтыру өсімі – 0,3%, жұқтыру коэффициенті – 1,37 құрады. Қаладағы жағдай шиеленісе түсуде және аурушаңдықтың өсіп келе жатқаны байқалады", - деп атап өтті Жандарбек Бекшин.

Бекшиннің айтуынша, әлемдегі эпидемиологиялық жағдай нашарлап бара жатыр. Ал қалада науқастардың көбеюіне көпшілік шаралардың ұйымдастырылуы себеп болып отыр. 

"Той, ас беру шараларын өткізу аса қауіпті, өйткені ондай жиындарға көп адам жиналады. Олар желдетілуі нашар жабық үй-жайларда өткізіледі. Мұндай шараларда қонақтар ұзақ уақыт отыратыны белгілі", - деді Бекшин.

Айтуынша, қалада науқастар санының артуына тұрғындардың қоғамдық көлікте бетперде тақпауы да себеп болып отыр. 

"Сондықтан біз бетперде мен қолғап кию режимін қатаң сақтауды талап етеміз", - деді қаланың бас санитар дәрігері.

Инфекция таралуының тағы бір себебі – көп адам жұмыс істейтін ұйымдарда қызметкерлерді қашықтан жұмыс істеу режиміне ауыстырмау.

"Науқастар санының өсуінің тағы бір себебі – отбасында қайта жұқтыру тіркелуі. Ересектер, әсіресе, жастар түнгі клубтар мен тамақтану орындарына барғанда инфекция жұқтырады. Ал үйінде қарт кісілер мен балалар, ата-анасы бар. Ауру солай тарап жатыр". – деді Бекшин.

Айта кетейік, Алматыда 2020 жылдың 8 қазанынан бастап карантин шараларын сақтау бойынша мониторингтік топтардың жұмысы күшейтілді.

101
Кілт сөздер:
инфекция, коронавирус, Алматы, Жандарбек Бекшин
Тақырып:
Коронавирус эпидемиясы
Тақырып бойынша
Көп адам өлер еді: ҰҚК Алматыда жоспарланған терактіге қатысты мән-жайды айтты
Алматыда карантин күшейтіле ме – бас санитар дәрігердің жауабы
ҰҚК Алматыда қылмыстық топ ұсталғанын хабарлады
Алматыда мәйітхана директорын ұстаған сәттің видеосы жарияланды
Алматы блок бекетіндегі апат: прокурор экс-полицейді 10 жылға соттауды сұрады
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус

Әлем алдағы бірнеше айда пандемияның өте қиын кезеңін бастан өткереді ДДҰ

0
(Жаңартылды 09:32 24.10.2020)
Бүкіл әлем коронавирус пандемиясының өте қиын кезеңінде тұр, деп атап өтті Тедрос Адханом Гебрейесус

НҰР-СҰЛТАН, 24 қазан – Sputnik. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус коронавирустың таралуына байланысты әлемде қиын жағдай туындағанын хабарлады.  

"Әлем, әсіресе Солтүстік жарты шар бұл пандемияның күрделі кезеңінде тұр. Алдағы бірнеше ай өте қиын болады және кейбір елдер қауіпті жолға түседі. Көптеген елде сырқаттанған адамдар саны күрт өсіп жатыр", - деп мәлімдеді ДДҰ басшысы брифинг барысында.

Ол мемлекет басшыларын өлім-жітім өсіп, денсаулық сақтаудың негізгі қызметінде дағдарыс болып, мектептер қайта жабылмау үшін шұғыл шаралар қабылдауға шақырды, деп хабарлады РИА Новости.

Ал ДДҰ бас ғылыми қызметкері Сумия Сваминатан қарашаның соңына қарай бір немесе екі Covid-19 вакцинасы сынақтың үшінші кезеңінен өткізілетінін мәлімдеді. Айтуынша, сол кезде препаратты төтенше жағдайлар кезінде қолдануға кеңес беруге болады.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда коронавируспен ауырған адамдар саны 110 мыңнан асты 

23 қазанда Covid-19 індетінің әлемдегі күн сайынғы өсімі бойынша жаңа рекорд тіркелді – 445 419 адам ауырған. Жалпы, пандемия басталғаннан бері 41 570 883 адам коронавирус жұқтырғаны анықталып, оның 1 134 940-ы қайтыс болды.

0
Кілт сөздер:
ДДҰ, коронавирус
Тақырып бойынша
Қысқы қолғап коронавирустан қорғай ма – вирусолог жауап берді
Көпті мазалаған сұрақ: екінші тоқсанда қашықтан оқу жалғаса ма?
Қазақстанда бір аптада коронавирустан 28 адам қайтыс болды
Дәрігерлерге өтемақы төлеу тәртібі өзгерді – министрлік түсініктеме берді 
Бекшин Алматыда инфекция жұқтырғандар неге көбейгенін айтты