Өңірлер

Қордайда дүнгендермен кездескен мәжіліс депутаты эмоциясын ұстай алмады

© Photo : parlam.kzШакир Хахазов
Шакир Хахазов - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан мәжіліске сайланған депутат Шәкір Хахазов Қордайда дүнген диаспорасының өкілдерімен кездесті

НҰР-СҰЛТАН, 11 ақпан – Sputnik. Мәжіліс депутаты Шәкір Хахазов өз қандастарын байбалам салуды доғарып, ел-жұртқа жақсы қырынан көрінуге шақырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Әңгіменің турасын айтайық. Иә, біз дүнгендер дәулетті тұрамыз, ақша бар, жұмыс та істей аламыз. Бір-бірімізді бағалай білеміз. Бірақ, сол ақша кей кезде бізді бұзады. Жолда жарысамыз, жылдамдықты асырамыз, көлікті жолдың ортасына қалдырамыз, базарда саудаласамыз. Осы дұрыс па? Бізде астанада да дүнгендер бар. Ақшасын беріп тұрсаң да, саған керек қой, өзің ал деп тұрады. Бұл не қылған қызмет көрсету мәдениеті? ", - деп ашуланды Хахазов дүнгендермен кездесуде.

Ол ел арасында арандатушылық бар екенін, сондықтан оған еріп кетпеуге үндеді.

"Мен мұнда депутат ретінде келіп отырған жоқпын. Менімен сөйлесіп жүрген дүнгендердің барлығы біледі. Мен өндірісте істегенмін, құрылысшымын. Мені мәжіліске екінші мәрте келуге көндірді. Мен ол жұмыстың қандай екенін жақсы білемін. Және бұрынғы комсомол мен партиялық қызметті көргенмін. Ол жақта жұрт бекерден бекер отыр дейсіздер ме? Ең бастысы, біздің ұлтымызға қандай қолдау жасалып жатыр. Түсінесіздер ме?!", - деп ашынды депутат.

Хахазов, осы орайда өз қандастарына өтініш жасады.

"Қаласаңыздар, тізерлеп отырайын, өзіміздің бірлігімізді, адамгершілігімізді, мәдениетімізді көрсетейік. Байбалам салама бермеңдер. Бәрі рет-ретімен жасалады. Егер сіздердікі дұрыс болып, басқалар бұрыс жасаса, заң алдында жауап береді. Бәрі түсінікті ме?", - деді ол.

Айтуынша, ол Қордай ауданында барлық мешіт, шекараларды аралап шыққан. Батыр Бұлар, Аухатты ауылдарында болған.

"Маған халықаралық ұйымнан хабарласып жатыр. Хахазов қайда дейді? Ұят дегенді білу керек қой! Мен кеденде генералмен бірге жұрттарды өткізіп жүрмін. Оны ешкім көрмейді. Өсек таратуды доғарыңыздар! Мен сіздерге дүнген ретінде айтамын. Мен де сіздер секілді дүнгенмін, қаным да, жаным да бір. Эмоция үшін кешіріңіздер. Менің де ішім өртеніп жатыр", - деп дауыс көтере сөйледі Хахазов.

Тағы оқыңыз: Көзіне дәл тиген - Алматы облысы полиция бастығының орынбасарына оқ атты

Депутат заңсыздық пен тәртіп бұзушылық көп екенін жасырмады. Қордайда жүрген үкіметтік комиссияның мүшелерін де бұл жайдан хабардар еткен.

Қордайдағы қақтығыс

7 ақпанда Қордай ауданының Масанчи ауылында жаппай төбелес болып, оның соңы тәртіпсіздікке ұласқан. 8 ақпанда Қордай ауданында жергілікті ауқымда техногенді сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды.

7 ақпанда Қордай ауданының Қаракемер, Масанчи, Бұлар батыр ауылдарында 176 адам медициналық көмекке жүгінді, 41-і жатқызылды. Он адам көз жұмды.

Қылмыстық кодекстің 272-бабы (жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және қатысу) мен 99-бабы (адам өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.

Қордайдағы оқиғадан кейін 25-тен астам қылмыстық іс қозғалды.

Осы қақтығыстан кейін 10 ақпанда президент Жамбыл облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Сұлушаш Құрманбекованы және Қордай ауданының әкімі Болатбек Байтөлені жұмыстарына салғырт қарағаны үшін қызметінен босатуды тапсырды.

Сонымен қатар, Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев пен Қордай аудандық полиция бөлімінің бастығы Азамат Айқымбеков те қызметінен алынатын болды.

Бұдан бөлек, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов қызметінен кетті. Оның орнына Бердібек Сапарбаев тағайындалды.

Жаңалықтар
0