Өңірлер

Батыс Қазақстанда шенеунікке не үшін шабуыл жасалды?

© Sputnik / Абзал КалиевОграбление, иллюстративное фото
Ограбление, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті баспасөз қызметі оқиға 3 наурызға қараған түні Теректі ауданының Федоровка ауылында болғанын хабарлады

АЛМАТЫ, 4 наурыз – Sputnik. Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік қызметшіге шабуыл жасалды. Ол мұны мемлекеттік сатып алумен байланыстырып отыр, деп жазады Мой город басылымы.

Аслан Даубаев Теректі ауданында 2019 жылдың қарашасынан бастап жұмыс істейді. Бұған дейін Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінде қызмет атқарған. Оның айтуынша, автокөлік жолының жай-күйін қадағалау және жөндеу бойынша байқауға қатысқан адамдармен жанжалдасып қалған.

2 наурызда кешке екі ер адам Аслан Даубаевты әңгімелесу үшін шақырған.

"Тендерге қатысқан екі ер адам өздерін өте дөрекі ұстады. Олар мас болды. Мен келісімге келмегендіктен, қомақты қаржы жоғалтып жатқанын мәлімдеді. Бірнеше миллион көлемінде ақша жоғалтатынын айтты. Күртешемнен ұстап, балағаттай бастады. Үлкен қиындық болады деп қорқытты. Айтуларынша, олар шешен Мұсаға жұмыс істейді. Оларға талаптарының орындалмайтынын айттым. Мен мемлекеттік қызметшімін, төбелесуге қақым жоқ. Содан кейін үйге кетіп қалдым", - деді Аслан Даубаев.

Алайда олар түнде Аслан Даубаевтың үйіне келген.

"Олардың біреуі үйіме баса-көктеп кірді. Маған бас салған кезде арамызда төбелес басталды. Оның достары көмекке келді. Мен құтылып шықтым. Ас үйге кіріп, қолыма пышақ алдым. Содан кейін олар кетіп қалды. Дереу әріптестеріме хабарласып, полиция шақырдым. Әлгі ер адамдар 15 минуттан кейін қайта келді. Маған тағы да қоқан-лоқы көрсете бастады. Осы кезде полиция келіп, оларды ұстап әкетті", -  деді ол.

Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға 3 наурызға қараған түні Теректі ауданының Федоровка ауылында болған. Үш адам Теректі ауданының "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автокөлік жолдары" бөлімі бастығының үйіне заңсыз кірген.

Тағы оқыңыз: Таксистке шабуыл жасаған жолаушы әйел видеоға түсіп қалды

"Аталған факті бойынша Теректі ауданының полиция бөлімі қылмыстық кодекстің 389-бабы 3-бөлігі ("өзінше билік ету") және 149-баптың 2-бөлігі ("тұрғынжайға қолсұғылмаушылықты бұзу") бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмысын бастады. Жедел-тергеу шаралары жүргізіліп жатыр", - деді басқармадағылар.

Айта кетейік, сот күдіктілерге қатысты ешқайда шықпау жөнінде қолхат алу шарасын таңдады. Олардың кінәсі дәлелденсе, қарастырылып отырған бірінші бап бойынша үш жылға, екінші бап бойынша екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Жаңалықтар
0