ПАВЛОДАР, 21 мамыр – Sputnik. Павлодар облысының бас санитар дәрігерінің қаулысымен өңірде сауда және ойын-сауық орталықтары ашылып жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оқи отырыңыз: Қазақстанның тоғыз өңірінде ХҚКО ашылды
Облыстың бас санитар дәрігері Зәмзәгүл Дощанованың қаулысына енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға сәйкес, 21 мамыр, бейсенбіден бастап өңірдегі сауда және ойын-сауық орталықтары өз жұмысын қайта бастайды.
Олардың жұмыс режимі 10.00-ден 17.00-ге дейін.
Сонымен бірге сауда орталықтарында санитарлық-дезинфекция режимі күшейтілуі тиіс, маска режимі мен әлеуметтік қашықтық сақталуы керек. Заң бұзушылықтар анықталған жағдайда дереу Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес шаралар қабылданады.
"Сонымен қатар ойын-сауық алаңдары (ойын алаңдары, кинотеатрлар және басқа да көңіл көтеретін орындар) әзірге жұмыс істемейді", - делінген жаңа құжатта.
Бүгінгі таңда Павлодар облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған 167 пациенттің 141-і сауығып шықты.