Өңірлер

Қазақстанның бірнеше өңірінде карантин күшейтілді

© Sputnik / Владислав ВодневМедицинская маска на фоне панорамы города
Медицинская маска на фоне панорамы города - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қоғамдық көліктер мен сауда орталықтарының және базарлардың жұмыс кестесі өзгертілді. Бірнеше елді мекенде блок бекет орнатылды

НҰР-СҰЛТАН, 13 маусым – Sputnik. Билік Қарағанды және Ақтөбе облыстарында, сонымен қатар Байқоңыр қаласында карантин шараларын қатаңдату туралы шешім қабылдады.

13 маусымнан бастап Қарағанды ​​облысында карантин күшейтілді.  

Қоғамдық көлік таңғы сағат 06.00-ден 10.00-ға дейін және сағат 17.00-ден 21.00-ге дейін жүреді. Құқық қорғау, арнайы қызметтер мен медициналық мемлекеттік органдар мен ұйымдарды қоспағанда, жеке автокөліктің барлық түріне 23.00-ден 05.00-ге дейін жүруге тыйым салынады.

Оқи отырыңыз: Бекшин Алматыда коронавирус жұқтырғандардың көбею себебін түсіндірді 

Таксимен тек бір жолаушыны немесе бір ересек адамның ертуімен кәмелетке толмаған екі баланы тасымалдауға болады.

Эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанға дейін Жезқазған, Қарқаралы, Шет ауданы Жарық кентінің карантиндік аймақтарының периметрі уақытша белгіленеді. Олардың кіру және шығу жолдарында блок бекеттер орнатылады.

Бірқатар нысан үшін жұмыс кестесіне шектеулер енгізіледі:

  • ХҚКО келушілерді сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін қабылдайды;
  • сауда және ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері (орталықтары) жаңа кестеге көшеді: жұмыс күндері сағат 09.00-ден 21.00-ге дейін, демалыс күндері 09.00-ден 13.00-ге дейін;
  • азық-түлік және азық-түлік емес базарлар жұмыс күндері сағат 09.00-ден 17.00-ге дейін ашылады. Демалыс күндері санитарлық күн өткізу үшін жабылуы тиіс;
  • стационарлы емес қоғамдық тамақтандыру объектілерінің (дүңгіршектер, донерханалар, оның ішінде саябақтарда, гүлзарларда және т. б. жерлерде орналасқан нысандар) қызметіне тыйым салынады.
  • Мемлекеттік органдарда (ұйымдарда), ұлттық компанияларда және олардың филиалдарында, кеңселерде қызметкерлердің кемінде 70%-ы қашықтан жұмыс форматына көшуі тиіс. 65 жастан асқан адамдарға аса қажеттілік болмаса көшеге шығуға болмайды. 14 жасқа дейінгі балалар ересектермен бірге жүруі керек, сондай-ақ отбасы мүшелерін қоспағанда, үш адамнан артық жиналуға тыйым салынады.
  • Қарағандыда, Майқұдық аумағында саябақтар, балалар аула алаңдары жабылады, гүлзарлар мен алаңдарда серуендеуге тыйым салынады.

Қатаң карантин қашан аяқталатыны хабарланбады.   

Ақтөбе облысындағы шектеулер

12 маусымнан бастап Ақтөбе облысында карантин күшейтілді. Бұл шешімді өңірдің бас санитар дәрігері коронавирус жұқтырғандардың көбеюіне байланысты қабылдады.

Интернет және компьютерлік клубтардың, сауда орталықтарындағы балалар аттракциондары мен тамақтану орындарының, саябақтар мен гүлзарлардың жұмысы қайта тоқтатылды.

Сауықтыру лагерлері, түнгі клубтар, қорқор бөлмесі мен караоке де жұмыс істемейді. Кез келген бұқаралық іс-шараға, оның ішінде көрмелер, форумдар, конференциялар өткізуге тыйым салынады.

Қоғамдық көлік сағат 6:00-ден 21: 00-ге дейін жүреді.

Бірқатар нысан үшін жұмыс кестесіне шектеулер енгізіледі:

  • азық-түлік, мал, автокөлік, киім, құрылыс базарлары күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып дүйсенбіден бейсенбіге дейін сағат 09:00-ден 13:00-ге дейін, жұмадан жексенбіге дейін 10 00-ден 16:00-ге дейін жұмыс істейді;
  • азық-түлік дүкендері, супермаркеттер, гипермаркеттер онлайн тапсырыс пен жеткізу қызметін қоспағанда, 10:00-ден 20: 00-ге дейін;
  • азық-түлікке жатпайтын дүкендер, сауда орталықтары, сауда үйлері, тұрмыстық техника дүкендері, құрылыс дүкендері 10:00-ден 18:00-ге дейін;   
  • адамдар көп жиналатын сауда және ойын-сауық орталықтары күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып 10:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істейді;
  • ХҚКО келушілерді сағат 10:00-ден 16:00-ге дейін қабылдайды.

Таксимен тек бір жолаушыны немесе бір ересек адамның ертуімен кәмелетке толмаған екі баланы тасымалдауға болады, міндетті түрде маска кию керек.

Ақтөбе қаласы мен Ақтөбе облысының тұрғындары үшін қатты қажеттілік болмаса үйден және пәтерден шығуды шектеу талабы енгізілді. Маска режимін сақтап, антисептиктерді қолдану керек және отбасы мүшелерін қоспағанда, үш адамнан артық жиналуға болмайды.

Байқоңырда карантин күшейтілді

Сондай-ақ, 12 маусымнан бастап Байқоңыр қаласында карантин күшейтілді. Шешім қаладағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне байланысты қабылданды.

Қалада бұқаралық спорт, отбасылық және еске алу шараларын, корпоративті кештер өткізуге тыйым салу мерзімі ұзартылды.

Кинотеатрлар, компьютерлік және ойын клубтары да жұмыс істемейді.

Шұғыл әрекет ету қызметтерін қоспағанда, жолаушылар, жеңіл көлікке жүруге және адамдардың №3 бақылау-өткізу пункті арқылы өтуіне тыйым салынды.   

Қалаға қонақтарға және іссапармен келгендерге кіруге рұқсат жоқ.  

Отбасы мүшелерін қоспағанда, Байқоңыр көшелерінде үш адамнан артық топталып жүруге тыйым салынады.

Билік органдарының үй-жайларында және мемлекеттік мекемелерде көрсетілетін мемлекеттік және басқа да қызметтер алдын ала жазылу арқылы және санитарлық-дезинфекциялық режим сақтала отырып көрсетіледі.  

Мекемелерге, бөлшек сауда орындарына, дәріханалар мен базарларға барған кезде азаматтар кемінде 1,5 метр қашықтықты сақтауы керек. Медициналық маскаларды немесе респираторларды қолдану ұсынылады.  

Жаңалықтар
0