Өңірлер

"Енді не істейміз?": Ақтөбелік емшінің жаға ұстатарлық қылмысы әшкере болды

© AP Photo / Marcelo RuizСилуэт женщины, архивное фото
Силуэт женщины, архивное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Сотталушы өзіне тағылған кінәні мойындамады. Жәбірленуші тараптың да сот шешіміне көңілі толмай отыр

НҰР-СҰЛТАН, 19 маусым – Sputnik. Ақтөбеде мүгедек қарындасын екі жыл бойы зорлап келген азғын 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.

Естіген елдің жағасын ұстатқан бұл жайтқа қатысты сот биыл наурызда басталды. Ресми деректерге сүйенсек, 54 жастағы айыпталушының жәбірленуші қызға әкесі жағынан туыстығы бар, деп хабарлады "Астана" арнасы.

Емшілік қасиеті болған соң, жақындары мүгедек қызын емдеу үшін массаж жасауды сеніп тапсырған. Алайда туысы сөйлей алмайтын 28 жастағы қызды күштеп зорлаған. Әрі оны 2 жыл бойына әдетке айналдырыпты.

"Ақтөбе қаласы №2 сотының үкімімен Әміржан Қарлығашев бірнеше рет жасалған зорлау фактісі бойынша кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 ай мерзімі бас бостандығынан айыру жазасына кесілді", - дейді облыстық соттың баспасөз қызметінің жетекшісі Анар Айтжанова.

Одан бөлек айыпталушы жәбірленушіге 2 миллион теңге көлемінде моральдық залал төлейді. Сот сотталушының кәмелетке толмаған баласы бар екенін ескерген. Бірақ айыпталушы өз кінәсін мойындамады. Жәбірленуші тараптың да, үкімге көңілі толмады.

"Қызым соттан келген сайын қалай болды, не болды деп сұрайды. Осында болды ғой, неге мойнына алмайды деп күйінеді. Үкімге көңілім толмады, бір Құдай жазасын берсін. Сот осылай шешті. Енді не істейміз?", - дейді жәбірленушінің анасы.

Оқи отырыңыз: Шымкентте емші 13 жасар баланы өлтіріп алды – видео 

Бұл сұмдық жайтты бойжеткен анасына ыммен айтып жеткізген. Туа біткен сал ауруына шалдыққан жарымжан қызын қорлаған адамға қатысты үкімді тыңдап шыққан ананың жанары жасқа толы. Айтуынша қандай жаза алса да, қызының ары мен жанына түскен дақты өшіре алмайды.

Отбасы енді басқа жаққа қоныс аударуды жоспарлап қойған. Өйткені олар тұрған бұл үйдің әрбір бұрышы жақыны жасаған азғындықты еске салатын көрінеді.

Жаңалықтар
0