АЛМАТЫ, 7 шілде – Sputnik. Павлодар облысында төрт жүзге тарта медицина қызметкері жетіспейді. Бұл жайында өңір әкімі Әбілқайыр Сқақов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Үш айда медицина қызметкерлерінің саны 497-ден 2 826-ға дейін өсті. Тағы төрт жүзге жуық адам қажет. Бүкіл облыстағы дәрігерлер жұмылдырылды. Бұрынғы медицина қызметкерлері мен түлектер арасынан кадр іздеп жатырмыз", - деді ол.
Оқи отырыңыз: Министр коронавирустан емделетіндердің басты қателігін атады
Айтуынша, облыстық денсаулық сақтау басқармасының өтінішіне 103 адам жауап беріп, оның ішінде 17 адам қызметіне кірісті. Тағы 26 адам өз еркімен жұмысқа орналасты. 108 маман басқа медицина ұйымдарынан келді, қосымша тағы 15 адам жұмысқа кіріседі.
"Біз облыс тұрғындарына, бір кездері мамандық ауыстырған бұрынғы медицина қызметкерлеріне тиісті өтініш жасадық. Бұл мәселе шұғыл түрде шешіледі деп ойлаймыз", - дейді облыс әкім.
Сонымен қатар медициналық оқу орнын тәмамдаған түлектерді жұмысқа тарту мәселесі қарастырылып жатқанын айтты.
Айта кетейік, Павлодар облысында коронавируспен күреске 2,8 миллиард теңге бөлінген.
Індет басталғалы аймақта 1 460 адам коронавирус инфекциясын жұқтырды. 532 адам сауығып шықты, 14 адам көз жұмды. Пневмониямен ауыратын 2194 науқас провизорлық стационарларда емделіп жатыр.
Облыста 108 жасанды тыныс алдыру аппараты бар. Тағы 33 аппарат алу жоспарланып отыр.
НҰР-СҰЛТАН, 22 қаңтар – Sputnik. Павлодар облысы Баянауыл ауданының бұрынғы әкімі Оразгелді Қайыргелдинов үш жарым жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен брифингте айтылды.
"2021 жылы 18 қаңтарда Баянауыл аудандық сотының үкімімен ауданның бұрынғы әкімі Қайыргелдинов 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеуге сотталды", – деді агенттіктің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаров.
Қайыргелдинов лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланды деп айыпталды.
Экс-әкім Баянауыл ауданының коммуналдық меншігіне кәсіпкерден пайдалануға жарамсыз әуе айлағын заңсыз сатып алған.
Осылайша мемлекетке 240 миллион теңге сомасында шығын келтірді.
Оқи отырыңыз: Тоңазытқыштағы нәресте өлімі: сот залында шу шықты – видео
Еске салсақ, 2020 жылдың қарашасында Павлодар облысы Баянауыл ауданының бұрынғы әкімі Оразгелді Қайыргелдинов сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікке ілінді.
Оған қатысты қамауға алу түрінде бұлтартпау шарасы таңдалған еді.
Оразгелді Қайыргелдинов Баянауыл әкімі қызметін 2016 жылдан 2019 жылға дейін атқарды.
НҰР-СҰЛТАН, 22 қаңтар – Sputnik. Жамбыл облысында қол астындағы қызметкерін жаңа қызметке тағайындау үшін 2 миллион теңге пара алған шенеунікке қатысты іс тергелді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаров Жамбыл облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі тергеп жатқан іс туралы айтты. Оның сөзіне қарағанда, еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті департаменті басшысына қатысты қылмыстық іс қозғалған.
Ол алаяқтық жасап, департамент басшысының орынбасары лауазымына тағайындауға жәрдемдесу үшін қол астындағы қызметкерінен 2 миллион теңге пара алды деп айыпталып отыр.
"Қазіргі таңда күдікті сотқа тапсырылды. Оның кінәлілік дәрежесіне қатысты түпкілікті шешімді сот шығарады", - деді Биғайдаров.
НҰР-СҰЛТАН, 22 қаңтар – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматыда инфекциялық аурухана салу кезінде бюджет қаражатын жымқыру туралы іске түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қылмыстық іс ішкі мемлекеттік аудит актісі бойынша тіркелді. Тергеу барысында келтірілген нақты шығынды анықтау үшін актілер тексеріс жүргізу үшін тіркеледі. Ақшаның ұрланып-ұрланбағанын және сомасын анықтау үшін тиісті сараптамалар тағайындалады. Көп жағдайда бұрын айтылған шығын сомасы расталмай жатады, тіпті, істер тоқтатылған кездер де болған", - деп түсіндірді агенттіктің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаров брифингте.
Айтуынша, қазір қылмыстық іс тергеліп жатыр.
"Ақша шынымен жымқырылды ма, жоқ әлде бұл қандай да бір заңбұзушылық па, мұның бәрі тергеу барысында анықталады", - деп нақтылады ол.
Жемқорлыққа қарсы агенттік тергеу барысы туралы қосымша ақпарат береді.
"БАҚ-та резонанс туғызбауды өтінеміз. Бұл акті бойынша әдеттегі тіркеу, бізде ондай көп. Тергеу барысы туралы қосымша хабарлаймыз", - деді Биғайдаров.
18 қаңтарда Алматы жайлы қалалық орта басқармасының басшысы Сапар Нұрашевқа қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқаны белгілі болды. Сонымен қатар, бұл іске "Bi-Industrial" ЖШС директорының да қатысы бар екені айтылды.
БАҚ хабарлағандай, олар COVID-19 науқастарына арналған модульдік аурухананы салу кезінде 3,9 миллиард теңге жымқырды деген күдікке ілінді.
Күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 189-бабы "сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу" бойынша қылмыстық іс қозғалғаны хабарланды.
Бұл бап бойынша мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып немесе жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Бұған дейін БАҚ-та Сапар Нұрашевтың ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Алайда қала әкімдігі мұны жоққа шығарды.
Алматы әкімінің баспасөз қызметі Сапар Нұрашевтың өз жұмыс орнында екенін растайтын видео түсірді.