ПАВЛОДАР, 20 шілде – Sputnik. Қазір Мәскеуде тұратын кәсіпкер өзінің туып-өскен ауылындағы Баянауыл орталық аудандық ауруханасына 30 мың долларға дәрі-дәрмек пен оттегі концентраторларын сатып алды, деп хабарлады Ertis – adaldyq alańy жобалық кеңсесі.
Павлодар облысындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен Ertis – adaldyq alańy жобалық кеңсесі көмекті қабылдап, дәрі-дәрмектерді Баянауыл орталық аудандық ауруханасына табыстауға қатысты, бұл дәрілерді әлдекімдер сатып жібермеу үшін әр бумаға "Тегін" деген мөр қойылған.
"Бүгін туған елге деген алғыстың жарқын үлгісін көріп отырмыз. Баянауылдың тумасы өзінің туған жерін ұмытпай, өмір үшін маңызды дәрі-дәрмектерді жеткізіп, ауданға тағы бір рет көмектесті", - деді Ertis – adaldyq alańy жобалық кеңсесінің басшысы Ризабек Исабеков.
Аудан орталығына "Цефтриаксон", "Ингавирин", "Левофлоксацин", "Клексан", С дәрумені, парацетамол сияқты дәрі-дәрмектер мен басқа да заттар тиелген жүк көлігі келді. Сонымен қатар, аты-жөнін атағысы келмеген меценат сегіз оттегі концентраторын, сондай-ақ ересектер мен балаларға арналған пульсоксиметрлер және жеті жылу контейнерін тапсырды.
Демеушінің жалғыз талабы дәрі-дәрмектердің мақсатына сай ашық түрде қолданылуын қамтамасыз ету болды.
Сонымен қатар, демеуші өңір дәрігерлері үшін мәскеулік профессормен консультация ұйымдастырды, ол аудан тұрғындарына медициналық көмек көрсету бойынша ұсынымдарын бөлісті.
"Біз емдеу тактикасын жасадық, біздің хаттамамыздың аясында ұсынымдар берді. Аптасына екі рет профессорға хабарласып тұрдық, ол бізге дәрі-дәрмектерге қатысты кеңес берді. Жерлесімізге көмектескені үшін көп рахмет!" - дейді аудандық аурухананың бас дәрігері Сержан Арынов.
НҰР-СҰЛТАН, 19 қаңтар – Sputnik. Қазақстанның жеті облысында 20 қаңтар дабылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды Қазгидромет.
Ақмола облысында күндіз басым бөлігінде қар жауады деп болжанып отыр. Кей жерлерде бұрқасындатып, тұман түседі. Шығыстан соғатын желдің бағыты оңтүстік-батысқа ауысады, күші кей жерлерде 15-20 м/с дейін барады. Көкшетау қаласында таңертең және күндіз бұрқасын соғады, тұман басады, желдің екпіні 15 м/с болады.
Қостанай облысында кей жерлерде – тұман және бұрқасын. 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады.
Қарағанды облысында кей жерлерде бұрқасындатады деп күтілуде. Оңтүстік-батыстан, батыстан соғатын жел 15-20 м/с дейін күшейеді. Қарағанды қаласында күндіз жел күшейеді, екпіні – 18 м/с.
Тағы оқыңыз: Қазгидромет: желтоқсан айында соңғы 8 жылдағы ең қаһарлы қыс болды
Солтүстік Қазақстан облысының басым аумағында күндіз қар жауады. Кей жерлерде тұман түсіп, бұрқасындатады. Желдің күші 15-20 м/с, екпіні 23-28 м/с дейін жетеді деп болжануда. Петропавл қаласында да бұрқасын соғады, желдің екпіні 23-28 м/с дейін күшейеді.
Түркістан облысында кей жерлерде – тұман және жел (15-20 м/с).
Қызылорда облысында кей жерлерде тұман, көктайғақ болады. Қызылорда қаласында – көктайғақ.
Батыс Қазақстан облысында кей жерлерді тұман басады, бұрқасындатады. Орал қаласында да тұман және бұрқасын болжанып отыр.
АЛМАТЫ, 19 қаңтар – Sputnik. Түркістан облысындағы базарлар демалыс және мереке күндері жабылады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Түркістан облысы тұрғындары арасында коронавирус инфекциясының таралуына тосқауыл болу мақсатында карантин мен шектеу шаралары ұзартылды. Өңірдің бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, 15 қаңтардан бастап жабық базарлар демалыс және мереке күндері жұмыс істемейді. Жұмыс күндері сағат 09.00-ден 19.00-ге дейін қызмет көрсетеді.
Сондай-ақ, үй жанындағы дүкендер сағат 09.00-ден 23.00-ге дейін жұмыс істейді. Мал базарлар санитариялық-дезинфекциялық режимді күшейте отырып, тек сәрсенбі ашық болады.
Демалыс және мереке күндері қоғамдық тамақтану объектілерінің қызметі тоқтатылады. Олар дүйсенбі-жұма 09.00-ден 23.00-ге дейін ашық. Нысандарда санитариялық-дезинфекциялық режим, 2 метр әлеуметтік арақашықтық сақталуы керек.
Құрылыс, оптика, гүл дүкендері мен зоомагазиндердің қызметі жұмыс күндері сағат 09.00-ден 18.00-ге дейін, демалыс және мереке күндері жұмысы тоқтатылды.
Сұлулық салондары, шаштараздар, СПА-орталықтар, косметологиялық қызмет көрсететін объектілер қызметі сағат 09.00-ден 21.00-ге дейін шектеледі. Міндетті түрде алдын ала жазылу арқылы қабылдайды.
Мектепке дейінгі балалар мекемелерінің кезекші топтарында 15 баладан аспайды.
Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының аумағында 21 қаңтардан карантиндік шаралар қатаңдатылады. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласында да шектеу шаралары күшейтілді.
НҰР-СҰЛТАН, 19 қаңтар — Sputnik. Қазақстан президенті "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорының басқарма төрағасын қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Кездесу барысында Ахметжан Есімов акционерлік қоғамның 2020 жылы атқарған жұмыстарының алдын ала қорытындылары туралы баяндады.
"Жаһандық дағдарыс пен пандемияға қарамастан, холдинг өткен жылы өз қызметін табысты атқарды. Қорға қарасты компаниялар қызметкерлерінің жаппай қысқаруына жол берілмеді. Қор компаниялары активтерінің өсімі 800 миллиард теңгеге жетті", - деді ол.
Ахметжан Есімов соңғы 3 жылда "Самұрық-Қазына" займдарды өтеу үшін өз бастамасымен Ұлттық қорға 554 миллиард теңге қаржы аударғанын айтты. Холдингке қарасты компаниялардың бизнес-үдерістерін цифрлық трансформациялау нәтижесінде 171 миллиард теңге пайда түскен.
Сонымен қатар мемлекет басшысына отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған ауқымды жұмыстар туралы ақпарат берілді. 2018-2020 жылдардың қорытындысына сәйкес сатып алулар бойынша үнемделген қаржы 410 миллиард теңге болды.
Атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде "Самұрық-Қазына" холдингінің кредиттік рейтингі BB+/B "тұрақты" деңгейде екенін халықаралық Standart & Poor`s рейтинг агенттігі нақтылады.
Ахметжан Есімовтің айтуынша, "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы мұнай бағасының едәуір арзандағанына және OPEC+ компаниясының шектеулеріне қарамастан, қаржылық рейтингте оң көрсеткішін сақтап қалды. "Қазақстан Темір Жолы" акционерлік қоғамы соңғы 6 жылда бірінші рет өткен жылды қаржылық тұрғыдан пайдамен аяқтаған. "Қазатомөнеркәсіп" акционерлік қоғамы активтерінің құны IPO-ға (2018 жылы) шыққалы 2,1 миллиардтан 5,1 миллиард АҚШ долларына дейін көтерілген. "Самұрық–Энерго" акционерлік қоғамының қарызы 100 миллиард теңгеге азайды.
Кездесу соңында президент Есімовке бірқатар нақты тапсырма берді.