Өңірлер

Тоқаевтың тапсырмасы: облыс әкімінің орынбасары мен аудан әкімі отставкаға кетті

© Sputnik / Владислав ВодневСирийские переговоры. Нур-Султан, 11 декабря 2019 год
Сирийские переговоры. Нур-Султан, 11 декабря 2019 год - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары мен Ақжар ауданының әкімі қол астындағы қызметкерлерінің әрекеті үшін қызметінен қуылды

НҰР-СҰЛТАН, 3 қыркүйек – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Антон Федяев пен Ақжар ауданының әкімі Ербатыр Мадияров қол астындағы қызметкерлерінің жемқорлық әрекеті үшін қызметінен босатылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Облыс әкімдігі таратқан мәліметке сәйкес, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасының басшысы Батырбек Қалабаевтың кінәсі дәлелденіп, сот үкімі күшіне енген. Осыған байланысты облыс әкімінің орынбасары Антон Федяев қызметінен босатылды. Ал Ақжар ауданының әкімі Ербатыр Мадияров орынбасарының жемқорлық әрекеті үшін отставкаға кетті.

Оқи отырыңыз: Тоқаев жемқорлық үшін басшыларды қызметінен босатуды тапсырды  

"Бірінші басшылардың қол астындағы қызметкерлері жасаған жемқорлық әрекеттері үшін жеке жауапкершілігі заңнамасына сәйкес, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасының бұрынғы басшысы  Батырбек Кұрманханұлы Қалабаев пен Ақжар ауданы әкімінің орынбасары Құрал Досымбайұлы Досымбековке қатысты сот үкімінің күшіне енуіне байланысты президент әкімшілігінің келісімімен Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бұйрығы бойынша әкім орынбасары Антон Владимирович Федяев пен Ақжар ауданының әкімі  Ербатыр Қайыргелдіұлы Мадияров қызметінен босатылды", - делінген ресми хабарламада.

Параны соғыммен алған

Петропавл қалалық сотында СҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасының басшысы Б.Қалабаев пен бөлім басшысы Е.Кенжеболатовқа қатысты қылмыстық іс қаралды. Олар алдын ала сөз байласып, мердігерлер тарапынан жіберілген қателіктерді жасырған. Сол үшін бірнеше рет ірі көлемде пара алған. Ал пайдалануға берілген құрылыс нысандары тиісті нормативке сай болмаған.

Атап айтқанда, Тайынша ауданының Макашевка ауылында дәнді дақылдарды тазалауға арналған нысан заңсыз салынған. Жобалық-сметалық құжаттары да болмапты. Сол үшін Қалабаев пен Кенжеболатов 400 мың теңге пара алған. Ақжар ауданындағы дене шынықтыру мен сауықтыру кешені де солай салынған. Ол кезде аудан әкімінің орынбасары Досымбеков жарты жылқының етін жеткізіп берген. Параның көлемі 110 мың теңгеге бағаланды.

Бұдан бөлек, Айыртау ауданындағы Саумалкөл мен Лобанов орта мектептерінің шатырын күрделі жөндеу кезінде заң бұзушылықтарға жол берілді. Шенеуніктер оны жасырғаны үшін  250 мың теңге алған.

Сотта Қалабаев пен Кенжеболатов өз кінәсін толығымен мойындады. Прокурормен процессуалдық келісімге келді. Сот үкімімен Батырбек Қалабаевқа алған парасынан 35 есеге артық көлемде айыппұл салынды. Бірақ судья оның біршама уақыт қамауда және үйқамақта болғанын ескеріп, айыппұлдың көлемін 25 миллион 691 мың 452 теңгеге дейін төмендетті. Ал Ерлан Кенжеболатов 21 миллион 526 мың 728 теңгенің айыппұлын арқалады. Оларға пара берген кәсіпкерлер де жауапқа тартылды.

Соғымды жеткізіп берген Акжар ауданы әкімінің орынбасары Кұрал Досымбеков те өз кінәсін мойындады. Оған қатысты қылмыстық іс ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылды.

Жаңалықтар
0