Өңірлер

Шымкентте үш бала қайтыс болды – дезинсекторға қатысты сот үкімі шықты

© PhotoРука ребенка, иллюстративное фото
Рука ребенка, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Дезинсектор өз кінәсін мойындаған жоқ. Оның жұбайы сот үкімінің үстінен шағым түсіретінін айтып отыр

НҰР-СҰЛТАН, 2 қазан – Sputnik. Шымкентте үш баланың өліміне кінәлі деп танылған дезинсектор бес жылға бас бостандығынан айырылды.  

Сот дезинсекция жасаған маманның қылмысы абайсызда жасалды деген шешімге келді. Сондай-ақ, оның асырауында кәмелеттік жасқа толмаған балалар бар екені де ескерілді. Бірақ сотталушы екі ұлынан айрылған отбасыға 5 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттеліп отыр, деп хабарлады Astana TV

Дезинсектор Қылмыстық кодекстің "адам өліміне әкеліп соққан санитарлық ережелерді бұзу" бабы бойынша жауапқа тартылған болатын. Оған сәйкес, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. 

"Заң бойынша айыпты ауырлататын жағдайлар болмаса және айыпты жеңілдететін жағдайлар болған жағдайда жазаның мерзімі 5 жылдан аспауы тиіс. Тергеу органдары айыптау актісінде ауырлататын жағдайларды көрсеткен жоқ. Жәнібековтің кәмелет жасқа толмаған балалар бар. Сот мұны айыпты жеңілдететін жағдай ретінде тануға міндетті", - деді судья Айдос Сұлтанов.

Дезинсектор өз кінәсін мойындаған жоқ. Оның жұбайы сот үкімінің үстінен шағым түсірмек. 

Айта кетейік, былтыр қараша айында Тасболатовтар отбасы 4 жасар және 10 айлық екі ұлынан айрылған болатын. Олар белгісіз заттан қатты уланып қалған. Ал ақпан айында Шымкент қаласында бір отбасы мүшелерінің бәрі уланып, медициналық көмекке жүгінді. Сол кезде 8 айлық қыз қайтыс болды.

Мамандар арнайы тексеріс өткізіп, осы екі қайғылы оқиғаның себебін анықтады. Көрші пәтерлерге бүрге мен тарақанға қарсы улы химикаттар шашылғаннан кейін қауіпті газдар басқа пәтерлерге тарап кеткен. Дезинсекция кезінде ауыл шаруашылығында қолданылатын өте қуатты дәрі шашылған. Осы оқиғадан кейін 42 жастағы дезинсектор ұсталды. Тергеу кезінде оның залалсыздандырумен айналысуға лицензиясы болмағаны анықталды.

Жаңалықтар
0