Өңірлер

"Мұны есептеуге білімнің де керегі жоқ": Ордабасы мақташылары жанайқайын жеткізді

CC0 / pixabay.com / Лопата в руках, иллюстративное фото
Лопата в руках, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Оңтүстіктің диқандары шит тұқымын 230 теңгеден алып, мақтаның келісін 100 теңгеден өткізгеннен қандай пайда деп күйінеді

НҰР-СҰЛТАН, 16 қазан – Sputnik. Оңтүстіктің мақташылары қып-қызыл шығынға батып жатыр. Әсіресе, Ордабасы ауданындағы ақ алтынмен айналысатын диқандар егінін тек бір рет суарып үлгеріп, салдарынан мақта жылдағыдан екі есе аз өнім беріпті. Өйткені суды облыс Түркістанды абаттандырамыз деп бұрып жіберген. Енді аз өнімді өткізудің өзі мұң. Мақта қабылдаушы зауыттардың бағасы тым төмен, деп хабарлайды КТК арнасы.

Күнгейлік диқандардың жағдайы биыл мәз емес. Суарылмаған мақтаның шығуы да әдеттегіден екі есе төмен бопты. Ордабасы ауданының диқандары ақ алтынның 80 пайызын айналасы екі аптада жинап үлгерді. Қалғанын бірер күнде теріп бітуі тиіс.

Диқандар мақтаны жылда екі мәрте суаратын. Бірақ биыл жаздың ортасында су беру мүлдем тоқтапты. Тіршілік нәрі болмаған соң, егіннен күй кетіп, өнім күрт төмендеген. Ал судың жартысы Түркістанды абаттандыруға жіберілген көрінеді.

"10-шілдеден бастап су тоқтады. Көп жерде 70 пайыз сумен қалды. Енді орта есеппен 16-17 центнерден келіп жатыр. Ал 16-17 центнермен тек шығынға батамыз. Баға саясаты дұрыс емес", – дейді диқан Қасен Дүйсенбі.

Қолдан жасаған құрғақшылықтан өнімнің жартысынан айрылдық дегендер қазір сол аз мақтаны зауыттарға өткізіп жатыр. Бірақ олар да қитұрқылық жасап, бағаны тым төмен ұсынады екен. Алдыңғы жылы келісін 180 теңгеден алған мақта зауыттары былтыр 150 теңгеден берсе, биыл тіпті 100 теңгеге түсірген.  

"Бұл кісілер қорасындағы ең соңғы малын сатып, осы мақтаны егіп отыр. Енді несиесіне несін сатып құяды? Бала-шағаны биыл қайтіп бағады? Диқанға 230 теңгеден шит тұқымын алып, 100 теңгеден мақтаға ақша алғаннан қандай пайда? Бір литр жанармай 187 теңге, ал мақтаң 100 теңге. Мұны есептеуге білімнің де керегі жоқ", – деп ашынады күйінген диқанның бірі Жасұлан Қуандықұлы.

Жекеменшік зауыттарға талатып жатыр деген егіншілердің аудандық шенеуніктерге де өкпесі қара қазандай. Себебі, мемлекеттен берілетін субсидияның құжаттарын өткізетін кезде аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі түрлі сылтаумен құжат қабылдамай, азын-аулақ жеңілдіктен де қағылдық деп отыр.

Оқи отырыңыз: Шымкент әкімі өзбектердің арқасында мақта өндірісі қалай өзгеретінін айтты

Агроном Арапбай Әбішұлы диқаншылар әкімдік алдына күнде жиналғанымен, база ашылмағанын айтады.

"Осы арада, біздің компьютерде база ашылмайды. Сондай сылтау айтылды. Қалып қойдық. Өзіміздің кооперативтен 970 тонна мақтаға субсидия алынбай қалды. Осыны іздеуден басталды", – дейді ол.

Ал бұл мәселеге қатысты пікір білдірген облыстық ауыл шаруашылығына жауапты ақжағалылар еш саспады. "Түркістанды абаттандыруға су бұрғанымыз рас, бірақ оған көп су кеткен жоқ, деген олар Ордабасыда тіршілік нәрі жеткілікті болған деседі.

Жалпы облыста 90 мың гектар ғана мақта егілуі тиіс болса, қазір ақ алтын алқаптары 125 мың гектар. Сондықтан сұраныс та аз. Оның үстіне қазақ мақтасы, өзбек пен тәжіктің өнімінен сапасы төмен болғандықтан, халықаралық нарықта да арзан көрінеді.

"Мақтаға сұраныс жоқ. Сұраныс болғанда, ол шаруаға да пайда емес. Мен екі-үш жылдан бері айтып келе жатырмын, мақта дақылын тоқтатыңдар. Кейбір азаматтар бар еңбекқор, ниеті түзу азаматтар. Қазір жақсы өнім алып жатыр. Ал кейбір азаматтар кем өнім алғанын біреуден көреді", – дейді Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Тұрғанбек Оспанов.

Осылайша, мақта егуді қысқарту керек деген шенеунік оның орнына картоп ексін деп кеңес береді. Бірақ егінге не су бермейтін, не мақта бағасына араласа алмайтын облыстық басшылардан қайран жоқ деген ел енді мәселені оң шеше алатын елордадан ғана көмек күтеді.

Жаңалықтар
0