Өңірлер

Мұғалімді пышақтап өлтірді: Ақтөбеде түскі үзіліс кезінде қайғылы жағдай болды

© Sputnik / Абзал Калиев Ограбление, иллюстративное фото
 Ограбление, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Тарих пәнінің мұғалімі дене шынықтырудан сабақ беретін әріптесінің кеуде тұсынан пышақ жарақатын салған

НҰР-СҰЛТАН, 24 қазан – Sputnik. Ақтөбе облысында ұстаздар өзара жанжалдасып, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі көз жұмды. Қанды оқиға Темір ауданының Шұбарқұдық елді  мекенінде болған, деп хабарлады "Астана" арнасы.   

Ұстаздар түскі үзілісте әріптестерінің үйіне барған.

Облыстық білім басқармасының дерегінше, тарих пәнінің мұғалімі дене шынықтырудан сабақ беретін әріптесінің кеуде тұсынан пышақ жарақатын салған. 40 жастағы ұстаз сол жерде тілге келместен көз жұмды.     

"Жансен Кереев атындағы мектепте жұмыс істейтін дене шынықтыру пәні мұғалімінің ауласында екі ұстаздың арасында келіспеушілік туындаған. Салдарынан дене жарақатын алған Елтезеров түскі мезгілде қайтыс болды", - дейді Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Сүлейменова.

Тарих пәнінің мұғалімі бірден қамауға алынған. Ал әріптестердің жанжалына не себеп болғаны әзір белгісіз. Тергеу амалдары жүріп жатыр.

"Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі "Адам өлтіру" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қылмыстық істі тергеу шеңберінде өзге ақпарат жария етілмейді", - деп түсіндірді Ақтөбе облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Оқи отырыңыз: Маңғыстауда оқушыларды үйіне іздеп келген мұғалім төрт адамның мәйітін тауып алды 

Қаза тапқан мұғалім де, оны жарақаттаған әріптесі де 10 жылдан бері ұстаздық етіп келген. Көз жұмған ұстаздың артында үш баласы қалды. Полиция күдіктінің кінәсі дәлелденсе, он бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін айтты.

Еске сала кетсек, бір ай бұрын осы Темір ауданының Кеңқияқ елді мекенінде үш мектептің қыздары төбелескен еді. Олардың бірі 8-сынып оқушысын шашынан сүйреп, аямай сабаған болатын.

Жаңалықтар
0