Өңірлер

Досмұхамбетов құм құрсауында отырған ауылдарды қалай құтқаратынын айтты

© Photo : Официальный сайт премьер-министра КазахстанаМахамбет Досмухамбетов
Махамбет Досмухамбетов - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Облыс басшысы үкіметтен қаржы бөлу мәселесін талқылап жатқанын жеткізді. Қаражат бөлінсе, жұмыс басталады

НҰР-СҰЛТАН, 13 қараша – Sputnik. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов көшпелі құмнан құтыла алмай отырған ауылдардың мәселесін шешу жолын ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте халық тарапынан құм құрсауында отырған ауылдарға қатысты сұрақ қойылды.

"Құрманғазы ауданына қарасы Үштаған ауылының шеткі үйлерін құм басып жатыр. Ауыл халқы алаңдап отыр. Бұл проблеманы білмейтін шығарсыз. Өйткені Азғыр өңірі облыстың ең шалғай тұсы әрі жолы нашар. Осы мәселені анықтап, шешу жолдарын қарастырасыз ба?", – деді Аян Шаяхметов.

Облыс басшысы ол проблема жайында білетінін айтты. Жақында дәл осы ауданға іссапармен барып келген.

"Мен ол проблеманы білмейді емес, білемін. Неге десеңіз, бір ай бұрын Құрманғазы ауданына барып, Азғыр өңірін араладым, ауылдардың жағдайымен таныстым. Сол кезде Үштаған ауылында да болдым. Шынымен де, проблема бар. Құм ауылды қоршап алды. Шеткі үйлерді бүгін баспаса да, келесі жылы басуы мүмкін", – деді Досмұхамбетов.

Әкімнің айтуынша, бұрын басқа ауылдарда осындай жағдайда сексеуіл егіп, көшпелі құмды тоқтататын.

"Сондықтан оған қатысты жобалық-сметалық құжаттар жасалуы керек. Ақшасын бөліп, сексеуіл егу керек. Сөйтіп, осы мәселені шешетін ойымыз бар. Енді, ол тек Үштағанның мәселесі ғана емес. Шалғай жатқан басқа да ауылдар бар", – деп атап көрсетті Досмұхамбетов.

Оқи отырыңыз: Атырау облысының әкімі орынбасарының кінәсі дәлелденсе, қызметінен кетуге дайын

Облыс басшысы үкіметпен қаржы бөлу мәселесін талқылап жатқанын жеткізді. Оған шалғай ауылдарға баратын жолды жөндеуге болады. Қаражат бөлінсе, жұмыс басталады.

Жаңалықтар
0