Өңірлер

Еденнің астына жасырған: қостанайлық полицейлер арнайы операция жүргізді

© AP Photo / Rick BowmerҚолы кісенделген ер адам, архивтегі сурет
Қолы кісенделген ер адам, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан
Жазылу
39 жастағы есірткі сатушыны ұстау операциясы қазан айында басталған, күдікті жанармай құю бекетінің маңында қолға түсті

НҰР-СҰЛТАН, 20 қараша – Sputnik. Жітіқара тұрғыны құны 12,5 миллион теңге болатын героинді еденнің астында сақтаған.

Тергеу барысында полицейлер таразы мен 1 миллион теңгеден астам ақша тәркіледі, деп хабарлайды Polisia.kz.

39 жастағы жергілікті тұрғын "Дәрмек" республикалық жедел-алдын алу шарасы аясында жүргізілген арнайы операция кезінде қолға түскен.

"Есірткі сатушыны ұстау операциясы осы жылдың қазан айында басталды. Бізге қала аумағында героин пайда болғаны туралы ақпарат келіп түсті. Жедел-тергеу әрекеттері арқылы есірткі сатушыны анықтадық. Шекара қызметі мен полицияның арнайы бөлімшесі қызметкерлерінің арқасында 39 жастағы қала тұрғыны жанармай құю бекетінің жанында ұсталды", – деді Жітіқара қаласы мен ауданының полиция бөлімі басшысының орынбасары Әлібек Шандалинов.

Күдіктінің үйі мен гаражын тінту кезінде жалпы салмағы 499 грамм героин тәркіленді. Есірткі еденнің астындағы жасырын қоймада сақталған.

Тергеу әрекеттеріне қызметтік иттер тартылды.

Қазір бұл фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-тармағы бойынша (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу)  сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл бап бойынша мүлкi тәркiленiп, 10 жылдан 15 жылға дейiн бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Қылмыстық істі тергеу аясында облыс аумағына есірткі жеткізу арналары анықталуда.

Жалпы жыл басынан бері Қостанай облысында 473 келіден астам түрлі есірткі, оның ішінде 730 грамм героин және 260 грамм синтетикалық психотроптық заттар мен олардың аналогтары заңсыз айналымнан алынды.

Жаңалықтар
0