Өңірлер

"Папаң қайда?" Таксист елсіз далада жолдың бойынан бала тауып алды – видео

© Sputnik / Константин Чалабов / Медиабанкке өтуМектеп оқушысы, архивтегі сурет
Мектеп оқушысы, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Полиция желіде тараған видео бойынша тексеріс жүргізіп жатыр, баланың ата-анасының іс-әрекетіне баға беріледі

НҰР-СҰЛТАН, 22 желтоқсан – Sputnik. Алматы облысында тас жолдың бойынан табылған бүлдіршін отбасына қайтарылды. Полиция баланың ата-анасының іс-әрекетіне құқықтық баға береді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Әлеуметтік желілерде тас жолдың бойынан табылған ұл баланың видеосы тарады. Бүлдіршінді елсіз даладан белгісіз жүргізуші тауып алған. Ер адам баланы видеоға түсіріп, желі қолданушыларынан ата-анасын табуға көмектесуді сұрады.

"Мына баланы тауып алдым. Жалғыз өзі трассада жүр, ел жоқ, жұрт жоқ. Ой сұмдық-ай, осындай да болады екен", - дейді видео авторы.

Жүргізушінің "Папаң қайда?" деген сұрағына бала "ана жақта" деп жауап береді. Алайда жақын маңда ешкім көрінбейді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от ТАЛДЫКОРГАНЕЦ (@taldykorganec.insta)

Кейінірек анықталғандай, баланы Алматы облысының тұрғыны Бауыржан Қожаев тауып алды. Ол жеке көлікпен адам тасумен айналысады екен.

"Кеше Ақши ауылынан (Іле ауданы) Ұзынағаш стансасына (Жамбыл ауданы) бара жатқанда жолдан бала тауып алдым. Шамамен 5-6 жастағы ұл бала Күрті трассасында жалғыз жүр. Әбден тоңып қалған. Бұл жерге қайдан келгенін түсіндіре алмады. Көлікте жылынды, сосын бірге оның үйін іздей бастадық", - деді ер адам.

Айтуынша, бір-екі шақырым жерден шаруа қожалығы көрінген, бала ата-анасымен сонда тұратын болып шықты. Бүлдіршінді жақындарына тапсырғанына көз жеткізген соң, жүргізуші жергілікті аудандық полицияға оқиғаның мән-жайын баяндап берді.

Алматы облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратынша, баланың ата-анасының іс-әрекетіне құқықтық баға беріледі.

Полиция тексеріс нәтижелері туралы жұртшылыққа кейінірек хабарлауға уәде берді.

Жаңалықтар
0