Өңірлер

Түркістанда елімізде баламасы жоқ спорт кешені салынады

© Photo : Пресс-служба акима Туркестанской областиТүркістан саябағындағы бассейіндердің бірі
Түркістан саябағындағы бассейіндердің бірі - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Халықаралық дәрежедегі ескек есу жəне байдарка спорты бойынша олимпиадалық стандартқа сай орталық 100 гектарға жуық алаңда салынады

АЛМАТЫ, 5 қаңтар – Sputnik. Түркістан қаласында Қазақстанда баламасы жоқ спорт кешені бар ескек есу каналы салынады. Халықаралық талаптарға сай олимпиадалық орталық өңірде қолайлы микроклимат қалыптастырып, сәулет жағынан көркін келтіріп, туризм саласын дамытуға үлес қосады, деп хабарлады Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев су кешенінің жаңа басталған құрылыс алаңында болды.

Халықаралық дәрежедегі ескек есу жəне байдарка спорты бойынша олимпиадалық стандартқа сай орталық 100 гектарға жуық алаңда орналасады. Каналдың беткі ауданы – 47,9 гектар. Жалпы ұзындығы – 2 222 метр. Каналдың ені – 260 метр, тереңдігі – 4 метр.

"Жобаны іске асыру басталғанға дейін толық сараптау жүргізіліп, концепциялық жоба әзірленген", – деп нақытылады облыс әкімдігі.

Спорт кешені аумағында қонақүй, веложолақ, бассейн, эллинг, каноэге арналған пирстер, көрермендерге арналған табло, трибуналар, аралдарды қосатын көпір және тағы басқа нысандар болады.

"Жаңа жоба Кенсай – Қосқорған-2 су қоймасынан әкімшілік-іскерлік орталығындағы 9 және 11 көшеде құрылысы жүргізіліп жатқан канал арқылы келетін жеткізгіш арна болады. Есу каналынан Шошқакөл су жүйесіне дейін жеткізу-шығару арнасы салынады", – делінген әкімдік таратқан ақпаратта.

Бас жоспарда тағы қандай жобалар бекітілген

Сонымен қатар қалада драма театр, облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана,  көпқабатты 14 тұрғын үй, екі даңғылды қосатын жаңа көпірдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

Облыс орталығында 27 гектар жерге дендробақ салынып жатыр. Ол жерде сан түрлі жеміс ағашы мен көпжылдық өсімдік түрлері өсірілетін болады. Құрылысы жүріп жатқан жасыл бақтың 2 360 шаршы метр аумағына гүлдер егіліп, 20 476 шаршы метр жеріне көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Баққа акация, талшын, катальпа, эльдар қарағайы, қара қарағай, қырым қарағайы, шынар сынды 12 000 ағаш түрлері егіліп жатыр.

Сондай-ақ, аймақ басшысы бір жыл бұрын құрылысы басталған "Керуен сарай" кешенінде болды. Инвестициялық жоба алдағы наурыз айында толық аяқталып, ел игілігіне берілмек. Облыс әкімдігінің хабарлауынша, жұмыс кестеге сай жүріп жатыр.

Оқи отырыңыз: Түркістан облысында жаңа аудан құрылады

Айта кетейік, Қазақстан үкіметі Түркістанды дамытудың Бас жоспарының жобасын мақұлдады. Соған сай алдағы бес жыл ішінде қалада жасыл желектер алаңы ұлғаяды, мектептер, балабақшалар мен ауруханалар салынады, сондай-ақ рухани-мәдени орталық дамитын болады.

Жаңалықтар
0