НҰР-СҰЛТАН, 5 қаңтар — Sputnik. Ақтөбе облысының Хромтау ауданындағы "Весенне-Аралчинский" кенішіндегі қайғылы оқиға туралы жаңа мәліметтер шықты.
30 желтоқсан күні жерасты кенішінде жарылыс жұмыстарын орындау барысында "Ақтөбе мыс компаниясы" ЖШС-ның төрт жұмысшысы қаза тапты. Оқиғаны тергеу үшін арнайы комиссия құрылған болатын.
Қайғылы оқиға кезінде жалғыз аман қалған кенші Қанат Абдуллаев "Диапазон" өңірлік басылымына жарылыстан кейін қою ақ тұман пайда болғанын айтты.
Ақтөбе облысында қаза тапқан кеншілердің аты-жөні жарияланды
"20 сантиметр жер көрінгенімен, одан кейін тек ақ қабырға тұрғандай болды. Біз машинаға мініп үлгердік, ол алға жылжығанмен, ештеңе көрінбеді. Біз тұншығып, өзін-өзі құтқару құрылғысын қолымызға алдық. Одан соң машина тоқтап, барлығы жоғары қарай жүгірді. Мен "Тоқтаңдар, артқа қайтыңдар!" деп айқайладым. Газ жұтып қойып, орнымда отыра бердім де, газдан құтқаратын құрылғы арқылы тыныстадым. Біршама уақыттан кейін тұман сейіліп, жоғары қарай кете бастады. Шамамен 20-40 минут отырдым", - деді тірі қалған ер адам.
Құрылғысыз дем алуға мүмкіндік туған кезде Абдуллаев әріптестерін іздемек болады. Ол 50-60 метр жүріп өткен соң, жерде жатқан төрт ер адамның мәйітіне тап болған.
"Бірі құтқарушы құрылғыны қолынан түсіріп алыпты, екеуі ауызына киіп үлгерген, үшіншісі қолына ұстап жатты. Олар уланып қалды. Газдан құтқаратын аспап 2 сағат 40 минутқа жетеді. Бастысы, оны қолданып үлгеру керек. Сол күні бір түсініксіз жағдай болды. Тұман қайдан пайда болғанын білмеймін. Мұндай ешқашан болған емес. Әлде желдету жүйесіне зақым келді ме екен", - деп Абдуллаев өз болжамын айтты.
Ол Ақтөбе мыс компаниясында жұмыс істеп жатқанына бір жыл болғанын, бұған дейін Донск тау-кен байыту комбинатында еңбек еткенін жеткізді. Жарушының жалпы еңбек өтілі 32 жыл. Қазір кеншінің еміне 5 миллион теңге бөлу мәселесі шешіліп жатыр.
Еңбек инспекциясы басқармасының хабарламасына сәйкес, кеншілердің қаза табуына белгісіз газдан улану себеп болған. Кеніштегі барлық жұмыс тоқтатылған.
Қылмыстық кодекстің 156-бабының 4-бөлімі "Байқаусызда екі немесе одан да көп адамның өліміне алып келген еңбекті қорғау ережелерінің бұзылуы" бойынша іс қозғалды. Қайтыс болғандардың отбасыларына жерлеу рәсімдеріне 2 миллион теңгеден бөлінді.
ПЕТРОПАВЛ, 27 ақпан – Sputnik. Петропавлда анасы өлімші етіп сабаған үш жасар қыз қайтыс болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері сәбидің өмірі үшін бір айдан астам күресті.
"Бала комада жатты, ол есін жимастан қайтыс болды", - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Еске сала кетсек, 17 қаңтарда ауруханаға ессіз күйде үш жасар қыз жеткізілді. Баланы ұрып-соқты деген күдікпен 22 жастағы анасы ұсталды.
Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, әйел нәрестені дүниеге әкелген соң оны асырауға жағдайы болмағандықтан уақытша балалар үйіне берген. Ол қызына келіп тұрған, ал бес айдан кейін 2017 жылдың желтоқсанында оны алып кеткен. Осыдан кейін бала әкесінің үйінде тұрады. 2020 жылдың 25 желтоқсанында ер адам қызды шешесіне қайтарады. 17 қаңтарда сәби "бас жарақаты" диагнозымен ауруханаға түседі.
Қыз мүгедек болған, оған сегіз айында сал ауруы диагнозы қойылды.
Баланың анасына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол тергеу аяқталғанша уақытша ұстау изоляторында отырады.
НҰР-СҰЛТАН, 27 ақпан – Sputnik. Қостанай облысында бір апта іздестірілген малшы аман табылды, деп хабарлады төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.
Амангелді Тұржанов 20 ақпанда Амангелді ауданында жоғалып кеткен. Ол түнде жылқыларды іздеуге шыққан.
View this post on Instagram
"Іздеу жұмыстарына елуге жуық адам қатысты, бұл полицейлер, құтқарушылар және жергілікті тұрғындар. Сондай-ақ 49 жастағы ер адамды іздеуге 26 ақпанда Нұр-Сұлтаннан тікұшақ жіберілді. Тікұшақтан жылқыны көрдік, оның жанынан ер адам табылды. Ол қар басқан қамыстың астында жатып аман қалған", - дейді құтқарушылар.
Ауыл тұрғыны құтқарылғаннан кейін медициналық көмек көрсету үшін Жезқазғанға жеткізілген.
Айта кетсек, бұған дейін тағы бір Қостанай тұрғыны Федор Попов Ақтөбеден қайтып келе жатқанда өлім құша жаздаған болатын. Ол құтқарушыларды қар құрсауында бір тәуліктен аса уақыт күтті. Ер адам көп қозғалғанның арқасында аман қалған.
НҰР-СҰЛТАН, 27 ақпан – Sputnik. Жеке тұрғын үйден табылған әйел мен төрт баласы иіс тиіп қайтыс болған. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
"27 ақпан күні Түркістан қаласындағы жеке тұрғын үйде 5 адам - 1980 жылы туған әйел және 2004, 2006, 2013, 2016 жылы туған балалары иіс тиіп қайтыс болған. Отағасы кәсіпкерлікпен айналысады, ол емделу мақсатында Шымкент қаласына кеткен", - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев, полиция департаменті және төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, Түркістан қаласының әкімі оқиға орнына барды. Өңір басшысы оқиғаның тергеу барысын жеке бақылауына алып, қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Отбасына материалдық көмек көрсетуді тапсырды.
"Зардап шеккен отбасына қажетті психологиялық және материалдық көмек көрсетіледі. Мәселе менің жеке бақылауымда. Мен қайтыс болған отбасының туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамын", - деді Өмірзақ Шөкеев.
Төтенше жағдайлар департаментіне қалалар мен аудандардың әкімдіктерімен бірлесіп, барлық жерде жылыту жүйелерін тексеруді және жылыту жүйелерімен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтау үшін облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбаевтың басшылығымен арнайы комиссия құрылды.
Айта кетсек, бүгін сағат кешкі алтылар шамасында Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінің кезекші-диспетчерлік пультіне "103" қызметінен хабарлама түскен. Түркістан қаласындағы жеке тұрғын үйлердің бірінде бес адамды көршілері өлі күйінде тапқан, оның төртеуі бала.