НҰР-СҰЛТАН, 30 қаңтар – Sputnik. Жамбыл облысының Аспара ауылдық округінде пандемия кезінде коронавирустық инфекцияның бірде-бір жағдайы анықталған жоқ. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Меркі ауданы ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Ол жақында өзіне коронавирусқа қарсы QazCovid-in отандық вакцинасын салдырған болатын.
Өңір басшысымен кездесуде ауылдық округтің әкімі Гаухар Оспанбекова елді мекенде бірде-бір тұрғынның індет жұқтырмағаны туралы айтты.
"Аспара ауылдық округіне қарасты үш елді мекенде – Аспара, Қайыңдысай және Құмарықта 1 600 адам тұрады. Барлық ауылда газ бар, бірақ екеуінде ағын су жоқ. Ал коронавирус індетін жұқтырған бірде-бір жағдай тіркелген жоқ", – деді ол.
Өз кезегінде Сапарбаев санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтауды жалғастыру маңызды екенін атап өтіп, қазір жиын, той мен басқа да шаралар өткізетін уақыт емес екенін баса айтты.
Бүгінгі таңда Жамбыл облысы COVID-19 таралу жылдамдығы бойынша "жасыл" аймақта. Ал пандемия басталғаннан бері облыста коронавирустық инфекцияның 5 543 жағдайы анықталды. 5 124 науқас сауығып, 63 адам қайтыс болды.
COVID-19 жоқ ауылдық округ туралы не білеміз
Аспара ауылдық округі Жамбыл облысының Меркі ауданына қарайды. Бюджеті – 50 миллион теңгені құрап, оның 99,9 проценті игерілді.
37 шаруа қожалыққа тиесілі 11,2 мың гектар алқапқа бидай, арпа мен жоңышқа егілген. Мал басының саны өсуде.
Ауылдық округте 11 адам жұмыссыз ретінде тіркелген.
Мал шаруашылығын дамыту үшін "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы аясында үш шаруа қожалық 29,6 млн. теңге несие алды. Тағы тағы тоғыз аспаралық азамат "Еңбек" бағдарламасы бойынша грант иегері атанды.
Сондай-ақ, Аспара ауылында футбол алаңы салынып, Аққайнар көшесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал Қайыңдысай ауылындағы көше жаңартылып, бірнеше көше жөндеуге жобалық-сметалық құжаттар дайындалды. Балалар алаңқайы да пайдалануға берілді. Нүсіпбек Рақыш көшесі мен Құмарық ауылындағы Сәдуақас Рысбаев көшесінде жарықтандыру жүргізілді.
Оқи отырыңыз: Ғалымдар коронавирусты жоятын Қазақстанда қолжетімді өсімдікті атады
Ауылдық округтің әкімі Гаухар Оспанбекованың айтуынша, 2021 жылдың жаспарында ауыз су мәселесін шешу ең бірінші кезекке қойылған. Содан кейінгі мәселе, көшелерді жөндеу, Қайыңдысай ауылында футбол алаңын салу, Аспара ауылында 150 орындық жаңа мектептің құрылысына жобалық-сметалық құжаттарды дайындау, сонымен қатар абаттандыру жұмыстары енгізілген.
НҰР-СҰЛТАН, 6 наурыз – Sputnik. Теңіз кен орнындағы вахталық қалашықтардың бірінде бес жолаушы автобусы өртеніп кетті. Зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ, деп жазды "Мой город" басылымы.
Өрт 5 наурыз, жұма күні кешке болған. Басында ССЕР компаниясының тұрағында тұрған бір автобус жанды.
"Жалын бірден тағы төрт автобусқа көшті. Өртті сөндіруге "Теңізшевройл" компаниясының үш өрт сөндіру техникасы мен 30 адам жұмылдырылды", - деді компания өкілі Орақ Бейсембиев.
Оның ақпаратына сәйкес, өрт жарты сағаттан соң сөндірілді. Бес автобус толықтай өртеніп кетті. Зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
НҰР-СҰЛТАН, 5 наурыз – Sputnik. Шымкент қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Әбдіманап Түлебаев жаңа қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ресми сайтына сілтеме жасап.
"Шымкент қаласының аумағында 2021 жылдың 8 наурызы сағат 00:00-ден бастап 2021 жылдың 29 наурызы сағат 00:00-ге дейін карантин және шектеу шаралары ұзартылсын", - делінген құжатта.
Айта кетейік, бұған дейін қаланың бас санитары ас беру шараларын өткізуге рұқсат берген. Бірақ ғимаратты 30 проценттен артық толтыруға және 50 адамнан көп жиналуға тыйым салынады. Басқа шараларды, соның ішінде еске алу, туған күн, мерейтой, құдалық, беташар және тойды өткізуге болмайды.
Ашық алаңда және ғимаратта орналасқан қоғамдық тамақтану нысандарын 50 процентке дейін толтыруға рұқсат беріліп отыр. Алайда жалпы адамдар саны 50-ден аспауы тиіс. Балаларға арналған ойын-сауық орталықтары да жұмыс істейді. Адам санына қарай шектеу бар.
Жанар-жағармай станциялары мен ондағы дүкендер, автоэкспресс, автожуу, көліктер, сағаттар, телефондар, компьютерлер мен аяқкиім жөндеу, тігін ательесі, кір жуу, химиялық тазалау, кілттерді жасау, қонақ үйлер, шипажайлар, демалыс үйлері мен туристік базалар қалыпты режимде жұмыс істейді.
Бұдан бөлек, спорттық шаралар өткізуге рұқсат беріліп отыр. Бірақ көрермен саны ғимарат сыйымдылығының 20 процентінен аспауы қажет. Ал кеңсе қызметкерлерінің 30 проценті қашықтан жұмыс істеуге көшірілуі шарт.
Ресми мәліметке сәйкес, осы уақытқа дейін республика бойынша коронавируспен 216 467 адам тіркелген. Соңғы бір тәуліктің ішінде ПТР-тест арқылы тағы 857 адамның инфекция жұқтырғаны анықталды. Соның ішінде Шымкент қаласында тіркелген 27 науқас бар.
НҰР-СҰЛТАН, 6 наурыз — Sputnik. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының еуропалық бөлімінің басшысы Ханс Клюге COVID-19 пандемиясының аяқталу уақытына қатысты болжам жасады.
"2021 жыл да коронавирус жылы болады. Алайда бұл жолы алдағы жағдайға болжам жасап, басқару мүмкіндігі жоғары. 2020 жылы terra incognita, яғни ғылыми, саяси белгісіздік жағдайын бастан кешірдік. Бір жылдан соң вирус жайлы біраз нәрсе білдік. Диагностикалық бағдарламалар мен вакцина бар", - деді ол Welt басылымының хабарлауынша.
Клюге бәрін алдын ала жоспарлау маңызды екенін атап өтті. Сондықтан келер жылдың басында пандемия аяқталуы мүмкін деп отыр.
"Бұл вирус жойылады деген сөз емес. Бірақ ол кезде ешбір араласу қажет болмайды", - деді ол.
Оның айтуынша, бай өңірлер ғана вакцина салдырып, өзгелері бұл науқаннан тыс қалып қоймауы керек деген ойда.
Сондай-ақ мемлекеттердің шектеуді алуына қатысты да пікір білдірді. Олар тым жылдам алынса, бастапқыдағы жағдай қайталануы ықтимал деген алаңдаушылығын жеткізді.
Еске сала кетсек, өткен жылдың 11 наурызында дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19-ды пандемия деп атады. Елдер қатаң карантин енгізді, шекаралар жабылды. Қазір жағдай біртіндеп жақсарып келеді.