АЛМАТЫ, 9 ақпан – Sputnik. Алматыда вакциналаудың бірінші кезеңінде 1 300-ден астам медицина қызметкері вакцина алды. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының эпидемиолог маманы Эльвира Ибрагимова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Алматыда 1 315 медицина қызметкері вакцинаның алғашқы компонентін алды. Екінші компонент бір аптадан кейін келеді, 21 ақпанда бірінші дозаны алған қызметкерлерге екінші компоненті салынады. Бірінші кезеңде инфекциялық ауруханалардың, көпбейінді ауруханалардың қабылдау бөлімі, жедел жәрдем қызметі мен санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің медицина қызметкерлері вакцина алды", - деді Ибрагимова.
Айтуынша, қаладағы әр ауданда вакцина салдыруға арналған екі кабинет бар. Барлығы талапқа сай жасақталған.
Сонымен қатар маман вакцинадан кейін дене қызуы көтерілуі заңдылық екенін айтты.
"Кез келген вакцинаға ағза реакция береді. Эпидемиолог дәрігер ретінде мен де вакцина салдырдым. Жеке тәжірбиемнен айтайын, егуден кейін дене қызуым көтерілді. Бұл бір күнге жалғасты. Келесі күні өзімді жақсы сезіндім. Мұндай әсер кез келген вакцинадан кейін болады. Ал Алматы қаласы бойынша вакцина салдырғаннан кейін жанама әсер тіркелген жоқ", - деді маман.
Сонымен қатар маман қазірдің өзінде вакцина салдыруға ниетті тұрғындардың көбейгенін айтты. Айтуынша, шамамен вакциналаудың екінші кезеңінен бастап олар да вакцинаны ерікті түрде салдыра алады.
"Қазірдің өзінде вакцина салдыруға ниетті адамның көп екенін байқап отырмыз. Біз алдымен медицина қызметкерлеріне салудан бастадық. Қазір бұл мәселе талқыланып жатыр. Медицина қызметкерлеріне вакцина салынғаннан кейін полицейлер мен мұғалімдерге салынады. Жалпы екінші кезеңнен бастап халықтың басқа топтарына да вакцина салынуы мүмкін", - деді Ибрагимова.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда 1 ақпаннан халықты вакциналау басталды - маңызды 10 сұрақтың жауабы
Айта кетейік, 1 ақпанда Қазақстанда коронавирусқа қарсы "Спутник V" вакцинасын салу науқаны басталды.
Вакцина инфекцияны жұқтыру және тарату қаупі жоғары халықтың осал топтарына кезең-кезеңмен салынады. Олардың ішінде медицина қызметкерлері, педагогтар, құтқарушылар, полицейлер, әскерилер, созылмалы ауруы бар адамдар бар. Екпе тегін және ерікті түрде егіледі.
Ресейде өндірілген "Спутник V" вакцинасының бірінші партиясы Қазақстанға 31 қаңтарда 22 мың доза мөлшерінде жеткізіліп, барлық аймаққа таратылды.
НҰР-СҰЛТАН, 5 наурыз – Sputnik. Шымкент қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Әбдіманап Түлебаев жаңа қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ресми сайтына сілтеме жасап.
"Шымкент қаласының аумағында 2021 жылдың 8 наурызы сағат 00:00-ден бастап 2021 жылдың 29 наурызы сағат 00:00-ге дейін карантин және шектеу шаралары ұзартылсын", - делінген құжатта.
Айта кетейік, бұған дейін қаланың бас санитары ас беру шараларын өткізуге рұқсат берген. Бірақ ғимаратты 30 проценттен артық толтыруға және 50 адамнан көп жиналуға тыйым салынады. Басқа шараларды, соның ішінде еске алу, туған күн, мерейтой, құдалық, беташар және тойды өткізуге болмайды.
Ашық алаңда және ғимаратта орналасқан қоғамдық тамақтану нысандарын 50 процентке дейін толтыруға рұқсат беріліп отыр. Алайда жалпы адамдар саны 50-ден аспауы тиіс. Балаларға арналған ойын-сауық орталықтары да жұмыс істейді. Адам санына қарай шектеу бар.
Жанар-жағармай станциялары мен ондағы дүкендер, автоэкспресс, автожуу, көліктер, сағаттар, телефондар, компьютерлер мен аяқкиім жөндеу, тігін ательесі, кір жуу, химиялық тазалау, кілттерді жасау, қонақ үйлер, шипажайлар, демалыс үйлері мен туристік базалар қалыпты режимде жұмыс істейді.
Бұдан бөлек, спорттық шаралар өткізуге рұқсат беріліп отыр. Бірақ көрермен саны ғимарат сыйымдылығының 20 процентінен аспауы қажет. Ал кеңсе қызметкерлерінің 30 проценті қашықтан жұмыс істеуге көшірілуі шарт.
Ресми мәліметке сәйкес, осы уақытқа дейін республика бойынша коронавируспен 216 467 адам тіркелген. Соңғы бір тәуліктің ішінде ПТР-тест арқылы тағы 857 адамның инфекция жұқтырғаны анықталды. Соның ішінде Шымкент қаласында тіркелген 27 науқас бар.
НҰР-СҰЛТАН, 5 наурыз – Sputnik. Ақмола облысында "Қазақалтын" компаниясына тиесілі 122 миллион теңгенің алтыны ұрланды, деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
Ресми мәліметке сәйкес, 2 наурызға қараған түні "Қазақалтын" тау-кен комбинатында катодтық алтын ұрлап кеткен. Компанияға ірі көлемде шығын келді.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 188-бабы, 4-бөлігі (ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Шығынның жалпы көлемі 122 миллион теңгені құрап отыр.
"Осы іске қатысты адамдарды анықтау мақсатында арнайы шұғыл тергеу тобы құрылды. Оның құрамына криминалды полиция мен тергеудің тәжірибелі мамандары еніп отыр", – дейді полицейлер.
Оқи отырыңыз: Айдос Сарым жұрттың ашуын келтірген депутаттық төсбелгінің неге қымбат екенін түсіндірді