Өңірлер

"Әр түп миллиондап табыс әкеледі": жамбылдық жігіт лимон өсіріп жатыр

© Sputnik / Айгерім ТаубайДанияр Әбдіразақ
Данияр Әбдіразақ - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.02.2021
Жазылу
Меркі ауданының тұрғыны бір жыл бұрын лимон егуді қолға алып, 25 түп отырғызған. Бір жылдың ішінде әр ағаш 4-5 жеміс берді. Енді ол бірнеше жылдан кейін әр ағаштан миллиондап табыс табуды жоспарлап отыр

АЛМАТЫ, 10 ақпан – Sputnik. Лимон егіп, миллиондап пайда табуға болады. Алайда оған қомақты қаржы мен шыдам керек. Себебі бұл өсімдік бірден өнім бермейді. Бұл – Жамбыл облысы Меркі ауданы Ақтоған ауылында тұратын 27 жастағы Данияр Әбдіразақтың пікірі. Ауыл тұрғыны ауласына жылыжай салып, лимон өсіріп отыр. Цитрус өнім бергенше шығынды жабу жолын да тапқан.

Sputnik Қазақстан тілшісі Даниярдың бақшасына барып, кәсібінің қыр-сырымен танысты.

Лимонмен миллионға

Алматыда бакалавр мен магистратураны тәмамдаған соң Данияр жеті ай Оңтүстік Кореяда тағылымдамадан өткен. Аула ішіне жылыжай салып, лимон егу туралы ой сол кезде келген. Оңтүстік Кореяда шетелдіктердің тау мен тастың арасында жылыжай салып, өнім алып отырғанын көрген соң бар жиған-тергенін осы кәсіпке салыпты.

© Sputnik / Александр Мироглов Лимонның бір түбі 50-60 келі өнім береді
Әр түп миллиондап табыс әкеледі: жамбылдық жігіт лимон өсіріп жатыр - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.02.2021
Лимонның бір түбі 50-60 келі өнім береді

"Біздің аймақтағы ауа райы Кореядағы жағдайға ұқсайды. Ол жақта ылғал жоғары, ал бізде жер құнарлы. Бұл кәсіппен қатар мал шаруашылығымен айналысамын, сондықтан арнайы тыңайтқыш қажет емес. Малдың тезегі бар. Корея таулы аймақта орналасқан, ешқандай бос жатқан жер жоқ. Тау мен тастың арасында жылыжай өсіріп отыр. Сондай сәтте неге біздің кең байтақ жерге өсірмеске деген ой келді", - дейді Данияр.

Айтуынша, ауылға келіп, бұл кәсіпті бастауына отбасылық жағдайы да себеп болған.

"Үйдің кенжесі болған соң үш жыл бұрын ауылға келдім. Әке-шешемнің жанында болу парызым ғой. Содан кейін лимон өсіру ісін қолға алдым. Бұл бастамамды бизнес жоба ретінде қорғап, кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған 2,5 миллион теңге грант ұттым", - дейді ол.

Жылыжайды салуға да екі миллион теңгеден астам қаражат кеткен. Оның қабырғасы пластиктен жасалған, төбесі целлофанмен жабылған. Даниярдың сөзінше, пластикті ауыстырып отырудың қажеті жоқ, себебі ол 40 жылға шыдайды. Ал целлофанды екі жылда бір рет өзі ауыстырып отырады.

© Sputnik / Айгерім ТаубайҚыс мезгілінде жылыжайдағы температура 0 градустан түсіп кетпеуі керек
Әр түп миллиондап табыс әкеледі: жамбылдық жігіт лимон өсіріп жатыр - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.02.2021
Қыс мезгілінде жылыжайдағы температура 0 градустан түсіп кетпеуі керек

Даниярдың лимон еккеніне бір жылдан асты. Әзірге ол айтарлықтай мол өнім бермейді. Ал жылыжайды көмірмен жылыту керек. Жарық пен суға да ақша кетеді. Сол шығынды өтеу үшін лимон ағашының ортасына қияр егеді.

"Әзірге 25 түп отырғыздым. Ташкенттен әкелінген лимонның әр түбі 4 500 теңге болды, бұған үйге дейін жеткізу құны да кіреді. Лимон қазір өнім бермейді, 5 жылдан кейін бір түбі 50-60 келі өнім береді. Қазір лимонның бір келісі 1000 теңге тұрады. Демек, әр түп миллиондап табыс әкеледі", - дейді Данияр.

Айтуынша, лимон өсірудің қиярмен салыстырғанда жұмысы аз.  Лимон алма ағашы сияқты өседі. Тек қыстыгүні температура 0 градустан түсіп кетпеуі керек.

© Sputnik / Айгерім ТаубайФермер жарық пен судың шығынын өтеу үшін лимон ағашының ортасына қияр егеді
Әр түп миллиондап табыс әкеледі: жамбылдық жігіт лимон өсіріп жатыр - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.02.2021
Фермер жарық пен судың шығынын өтеу үшін лимон ағашының ортасына қияр егеді

"Қиярдан алғашқы өнімді 2019 жылдың соңында жинап алдым, сол кезде бірінші рекордымды орнаттым – бір маусымда осы жылыжайдан үш тонна қияр алдым. Бұл жер көмірмен жылиды. Көмірді жылына 150-200 мың теңгеге түсірсем, қиярдан 400 мың теңге табыс бар. Ар жағындағы 200 мың кішкене болсын менің тапқан пайдам", - дейді ол.

Бәсеке бизнесті дамытады

Данияр лимонның бірнеше жылдан кейін өнім беретініне сенімді. Алайда ол бос отырмай лимон ағашының арасына құлпынайдың "Альбион" сортын отырғызбақ. Сондай-ақ, ауласына 3 жыл бұрын отырғызған 60 түп алма ағашы да өнім беруге дайын.

© Sputnik / Айгерім ТаубайТашкенттен әкелінген лимонның әр түбі 4 500 теңгеге түскен
Әр түп миллиондап табыс әкеледі: жамбылдық жігіт лимон өсіріп жатыр - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.02.2021
Ташкенттен әкелінген лимонның әр түбі 4 500 теңгеге түскен

Лимон кәсібі табысты екеніне көзі жеткен соң ауыл тұрғыны жылыжай аумағын кеңейтуге ниетті. Алайда өзінің 23 соттық жері жетпейтіні анық. Ал көршілері көкөніс егуге жерін бергісі келмейді.

"Келешекте бұдан да көп жерге егу жоспарда бар. Алайда аулада бос жатқан жер жоқ. Мысалы әр көршімде 25 соттық жер бар. Бәрі 5-6 жылдан бері бос жатыр. Үш көршімнен бос жатқан жерге бірдеңе егейін, беріңдер деп сұрадым. Ақшасын төлейін дедім. Бермеді. Бірақ өздері де ештеңе екпейді", - деп күлді Данияр.

Даниярдың ауласында бұдан бөлек ірі қара мен 90 бас тауық бар. Ауыл шаруашылығына дендеп кіріскен Данияр Әбдіразақ келешекте басқа да экзотикалық жемістерді өсіруге ниетті. Алайда дәл қазір қай жемісті таңдайтынын нақты шешпеген.

© Sputnik / Айгерім ТаубайДаниярдың ауласында бұдан бөлек ірі қара мен 90 бас тауық бар
Әр түп миллиондап табыс әкеледі: жамбылдық жігіт лимон өсіріп жатыр - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.02.2021
Даниярдың ауласында бұдан бөлек ірі қара мен 90 бас тауық бар

Осыдан үш жыл бұрын Меркіде лимон өсіретін бірде-бір адам болмаған. Даниярдан кейін бұл істі тағы 4-5 адам қолға алыпты. Ал Данияр бәсекелестік болған жерде бизнес дамитынын, жерлестеріне көмектесуге әрқашан дайын екенін айтты.

Жаңалықтар
0