Өңірлер

Бозжырада қонақ үй салуға қатысты экологтар пікір білдірді

© Photo : Сайт VizitMangystauБозжыра шатқалы
Бозжыра шатқалы - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.02.2021
Жазылу
2020 жылы Бозжыра шатқалында қонақ үй салынатыны туралы хабар тараған соң, қазақстандықтар құрылысқа қарсы шықты. Ал соңғы кезде қонақ үйдің қорық аумағынан тыс жерде бой көтеретіні айтылып жүр. Экологтар оның салынуына қатысты пікір білдірді

АЛМАТЫ, 16 ақпан – Sputnik. Бозжыра шатқалында қонақ үй салу мәселесі біраз уақыттан бері қызу талқыланып жатыр. Көпшілік оған қарсы шыққан соң президент үкіметке жобаны қайта қарау туралы тапсырма берді. Кейіннен экология министрі нысан құрылысы Бозжыра шатқалы орналасқан "Жабай ұшқан" қорығы аумағынан тыс жерге салынатынын хабарлады.

Таяуда ғана мәдениет және спорт вице-министрі Ғабидолла Әбдірахымов шатқал маңына қонақ үй салу туралы жобаның ойға қонымды екенін, нысан экологиялық жағынан қауіпсіз жерге салыну қажет екенін айтты.

Sputnik Қазақстан тілшісі бірнеше экологқа хабарласып, жаңа нысанның табиғи аумақтан неше шақырым жерде бой көтергені жөн екенін сұрады. Сондай-ақ қашықтықта орналасқан нысанның келешекте табиғи орынға қандай да бір зияны тиюі мүмкін бе деген сұраққа жауап іздеді.

Инфрақұрылым қажет, алайда...

Эколог Тимур Елеусізовтің айтуынша, экологиялық жағынан қауіпсіз қашықтық – сол жердің экологиялық жүйесі бұзылмайтын аумақ.

"Туризмді сөзсіз дамыту қажет. Осы орайда экологияға мүмкіндігінше аз зиян келтіретіндей инфрақұрылымды салған жөн. Экотуризм деген – бір сөмкені асынып, жаяу шығатын саяхат. Экожүйеге аз зиян келтіретіндей 1-2 күнге жоспарланады. Ал қонақ үй толық құрылысты талап ететіндіктен ол мемлекеттік парктің нақты шекарасында немесе шекарасынан тыс жерде бой көтеруі қажет", – дейді Елеусізов.

Айтуынша, ол нысан қаншалықты алыс салынса да табиғатқа залал келтіреді.

"Себебі ол жерде біріншіден кәріз жүйесі болады. Екіншіден, сол жерде еркін жүріп үйренген жабайы аңдардың тыныс-тіршілігіне кері әсер етеді. Демек, адам бұл экожүйеге араласқан соң кейбір жабайы аңдардан айырылып қалуымыз мүмкін. Ал бұл уақыт өте келе жалпы экожүйеге әсер етеді", – дейді эколог.

Инфрақұрылым міндетті түрде керек, алайда келешекте ол шешімнің құны қандай болатыны әзірге белгісіз, деп түйіндеді ол.

"Ұлттық паркке орындық та қоймау керек..."

Ал эколог Әділқасым Жарылқасын қорық аумағына туристерге қажетті жағдай жасаудың да қажеті жоқ деген пікірде.

"Бозжыра аумағында сирек кездесетін жануарлар мекендейді. Соған байланысты мамандар қандай да бір нысан 20 шақырым жерде салыну қажет деп санайды. Мен бұған келісемін. Себебі Бозжыра – бірегей жер. Ол жерге тікұшақ алаңын, қонақ үй, спа-салон салу – дарақылық. Ал 20 шақырым жерге салса, жергілікті тұрғындарға да ыңғайлы болады", – дейді ол.

Эколог мұндай жағдайда халықтың да жұмыспен қамтылатынын, ал Бозжыраға барғысы келетіндер жаяу, велосипедпен немесе атпен бара алатынын айтты.

Дей тұрғанмен, қонақ үй қай жерге салынғанына қарамастан, сол жер мен соған жақын маңның бәрі бүлінеді.

"Адам аяғы басқан жердің бәрі бүлінеді. Бізде көптеген ұлттық парк бар. Ол жерлерге демалу үшін орындықтар, қалдықтарды тастайтын жәшіктер қойып жатыр. Ол жерге орындық қоюдың қажеті жоқ, себебі ол қорғалатын аймақ. Оны мемлекет қорғауы керек. Ол демалатын орын емес қой. Әрі-бері жүріп кететін орын. Ал бізде барып, от жағады. Бұның бәріне тыйым салу керек", – дейді Жарылқасын.

Ұлттық саябаққа адамдар барсын, бірақ ол жаққа ойын-сауық нысандарын орнатуға түбегейлі қарсымын. Шетелде бір сөмкемен саяхатқа шығып, табиғатта демалып, қоқысты қайтадан қалаға алып қайтады. Сондықтан ұлттық парк аумағы жаққа қоқыс тастайтын жәшік қойып, қоқысты алып кететін көлік жүргізудің қажеті жоқ, дейді ол.

"Бізде ондай мәдениет дамымаған. Бірақ бұған дейін президенттің өзі экологиялық білімді мектептен бастап үйретуді тапсырып жатыр. Келешекте экологиялық мәдениеті бар азаматтар өсіп шығатынына сенемін", – деді Жарылқасын.

Ал эко-белсенді Думан Қапасовтың ойынша, көпшілік қонақ үйдің қалай салынатынын дұрыс түсінбей жатыр. Соған байланысты халықты көбірек ақпараттандыру қажет деп санайды.

"Шатқал маңына қонақ үй салмас бұрын шетелдердегі осыған ұқсас тәжірибелермен танысу қажет. Ішінен ең тиімді деген жолын таңдау керек. Әрине, қоғам болып талқылаған жөн. Қонақ үй салынатын болса, шатқалдан мүмкіндігінше алыстау жерде бой көтергені жақсы", – дейді эко-белсенді.

Оқи отырыңыз: Берік Уәли президенттің Бозжыраға қатысты тапсырмасын түсіндірді

Айта кетейік, Бозжыра шатқалы Ақтау қаласынан 300 шақырым жерде орналасқан табиғи нысан. Ол "Жабай ұшқан" табиғи қорығының аумағына кіреді.

Қорық Маңғыстау облысы әкімінің 2012 жылғы қаулысына сәйкес құрылды. Ол облыстың табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының "Қызылсай" мемлекеттік аймақтық табиғи паркіне жатады.

2020 жылы Бозжыра шатқалында қонақ үй салынатыны туралы БАҚ-та хабарланды. Соған байланысты қазақстандықтар әлеуметтік желілер арқылы табиғаты ерекше осы аймақта құрылыс жүргізуге қарсы шығып жатыр.

Жаңалықтар
0