НҰР-СҰЛТАН, 18 ақпан – Sputnik. Шымкент қаласының № 2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында көптеген заңбұзушылық анықталды, деп хабарлады еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Жоспардан тыс тексеріске Шымкент қаласының тұрғыны Әлия Мамутованың Instagram-пабликіндегі өтініші негіз болды. Әйел І топтағы мүгедек қызы мекемеде 7 жыл бойы зорланғанын хабарлаған болатын. Оның айтуынша, эпилепсиямен ауыратын қызы есінен танған кезде оған зорлық жасалған.
Мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдерінен құралған мониторингтік топ қызмет алушылардың құқықтары бұзылғанын және орталық қызметін ұйымдастыруда кемшіліктер жіберілгенін анықтады. Мысалы, бірнеше палатада жатын алаңдар нормаға сәйкес келмейді, яғни тиісті 5 м2 алаңның орнына қызмет алушыға 3-тен 4,5 шаршы метрге дейін келеді.
"Кейбір қызмет алушылардың жеке жұмыс жоспарлары оңалтудың жеке бағдарламасы ескерілмей жасалған. Бұдан басқа, қызмет алушылар жұмсақ инвентарьмен және киіммен толық көлемде қамтамасыз етілмеген. Қызмет алушылардың киімінің маркировкасы жоқ", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, асхана, ас бөлмесі, азық-түлік қоймасын тексеру кезінде бірқатар заң бұзушылық анықталды. Заң бұзушылықтар орталықтың лауазымды адамдарына бақылаудың жоқтығын көрсетеді, ас блоктарында және басқа да үй-жайларда санитарлық талаптардың сақталмауынан жаппай инфекция жұқтыру қаупі бар.
Сонымен қатар, 2020 жылы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыс тобы объектіге барған кезде жасаған ескертулерге мекеме басшылығы құлақ аспағаны аталып өткен.
Соңғы тексеріс арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бойынша заң бұзушылықтар жойылмағанын көрсетті.
"Тексеріс нәтижесі бойынша Еңбек министрлігінен Шымкент қаласының әкімдігіне орталық директоры Мырзахан Жолтаевты атқаратын лауазымынан босату және мекеме басшысын қоғамның белсенді өкілдері қатарынан тағайындау туралы мәселені қарау жөнінде ұсыныс жіберілді", - деп хабарлады ведомство.
АЛМАТЫ, 25 ақпан – Sputnik. Желіде қар құрсауында қалып қойғандарды құтқару кезінде түсірілген полицейдің фотосы тарап жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қостанай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Жітіқара ауданы полиция бөлімінің бастығы Болат Иманов әріптестерімен бірге ауа райының қолайсыздығына байланысты жолда қалған адамдарға көмектесуге барған. Фото сол кезде түсірілген.
Фотодан ер адамның үсті-басы қар болып, көлік жүргізіп отырғанын көруге болады. Полиция қызметкерлері қаладан 25 шақырым жерде жолдан шығып кеткен көлікке көмекке барған. Олар көлікті ең жақын елді мекенге дейін сүйреп апарған.
Ал фотосы желіде қызу талқыланып жатқан полицей ауа райы нашар кезде қоластындағыларды жалғыз жібергісі келмей, құтқару шарасын өзі басқарғанын атап өтті.
"12 шақырымды сегіз сағат жүріп өттік. Менімен бірге 7 полиция қызметкері болды. Жүргізуші жақтағы терезе ашық тұрғандықтан жел соғып, үсті-басымды қар басты. Ал көліктің жанында полиция қызметкері көлік терезесінен ұстап, жүгіріп жүрді. Өйткені, жол мүлдем көрінбеді. Ол асфальтті аяғымен сезіп, көлікті жолдан шығып кетуден сақтандырып отырды", – деді Болат Иманов.
Содан кейін полицейлер элеваторға жақындаған. Сол жерде құтқарылған жолаушылармен бірге ауа райының реттелуін күтеміз деп ойлаған. Алайда оған таяғанда 20 метрлік қар құрсауына тап болып, әрі қарай жүре алмаған.
Сол сәтте оларға жергілікті кәсіпкерлер көмектескен. Имановтың айтуынша, өздерін сол жердегі күзетші әйел құтқарған.
Желіде полицейлердің құтқарушылардың қызметін атқарып жатқанын жазып жатыр. Ал жергілікті полиция департаменті патрульдік полиция қызметінің екі жылдан бері барлық қажетті жабдығы бар екенін, олар оқиға орнына барғанда құтқарушыларды шақырмай-ақ, зардап шеккендерге көмектесетінін атап өтті.
Оқи отырыңыз: "Ол жылап жіберді": Полицей иен далада жоғалған баланы қалай тапқанын айтып берді
Айта кетейік, полиция подполковнигі Болат Иманов ішкі істер органдарында 1996 жылдан бері жұмыс істейді. 2020 жылы Жітіқара ауданы полиция бөлімінің бастығы болып тағайындалды.
АЛМАТЫ, 25 ақпан – Sputnik. Полиция Екібастұз тұрғынын өлтірді деген күдікпен ұсталған адамнан жауап алды, деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
"Тұрмыстық және жұмыстағы жанжалға байланысты жәбірленуші мен күдікті бұрыннан өштесіп жүрген, осы жағдай кісі өлтіруге себеп болған", - деді Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімов.
Айта кетейік, бұған дейін Sputnik Қазақстан 23 ақпан күні таңғы сағат 08.00 шамасында Екібастұз қаласы Сәтпаев көшесіндегі тұрғын үй ауласында белгісіз біреу қоқыс төгуге шыққан ер адамға оқ атқанын жазған болатын. Ер адам алған жарақаттан оқиға орнында қайтыс болды.Екібастұзда далаға қоқыс төгуге шыққан ер адамды атып кетті – видео
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі (адам өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Полиция іздестіру шаралары барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 65 жастағы ер адамды ұстады.
Күдіктінің қаруы тәркіленіп, өзі Екібастұз қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Айта кетейік, күдіктінің кінәсі дәлелденсе, 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
НҰР-СҰЛТАН, 25 ақпан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құрылыс компанияларымен алдын ала сатып алу келісімін жасасуды ұсынды. Соның нәтижесінде тұрғын үйлер "Нұрлы жер" бағдарламасындағы бағамен сатылады. Бұл туралы президент ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Айтуынша, былтыр тұрғын үй құрылысының қарқыны 11,2 пайызға өскен. Бұл жақсы көрсеткіш, алайда өңірлердің ахуалы әркелкі. Мәселен, пайдалануға берілген дайын үйлердің 40%-і тек Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында. Оның үстіне бұл үйлердің көпшілігінің бағасы әлі де қымбат.
"Нарықтың өз ережесі бар. Нақты экономикалық факторларға байланысты құрылыс компаниялары қазір арзан үй салуға мүдделі емес. Сол себепті қолжетімді әрі сапалы үй салуды жандандыру үшін құрылыс компанияларымен оффтейк, яғни алдын ала сатып алу келісімін жасау керек. Соған сәйкес, тұрғын үйлер "Нұрлы жер" бағдарламасындағы бағамен сатып алынады", - деді Тоқаев кеңес отырысында.
Ол мұндай тәсіл сынақ жобалары аясында алдын ала пысықталғанын атап өтті. Енді мұны бүкіл ел бойынша жүзеге асыру қажет.
"Бұл қадам аз уақыт ішінде құны қолжетімді жаңа тұрғын үйлер салуға мүмкіндік береді", - деп санайды мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Тоқаев ауылдық жерлердегі тұрғын үй мәселесіне тоқталды.
Ол баспанаға ие болған жастар ауылда тұрақтап қалудан қашпайтынын айтты. Жалпы ауылдық жерде үй салу баспана мәселесін ғана шешпей, экономикалық белсендікті арттыруға және тұрмыс сапасын жақсартуға септігін тигізеді.
Депутат шенеуніктер былығы кесірінен кейбір отбасы үйсіз жүргенін айтты
"Баспана мәселесі "Дипломмен ауылға" бағдарламасымен ғана шешілмейді. Бұл іске әлеуметтік жауапкершілігі бар жұмыс берушілерді жұмылдыру керек. Кәсіпкер өз жұмысшыларына арнап ауылда үй салса, мемлекет оған кеткен шығынның 50 пайызына дейін қайтаратын болады. Бұл қай жағынан алып қарасақ та, бәріне пайдалы", - деді Тоқаев.
Айтуынша, жұмыс дұрыс жолға қойылса, осы бастама ауылды дамытуға жан- жақты септігін тигізеді. Сондай-ақ, қажетті мамандарды, ең алдымен, мұғалімдер мен дәрігерлерді, мал дәрігерлерін ауылға тартуға мүмкіндік береді.
Президент үкіметке бұл тәсілді осы жылдың екінші жартысынан қалдырмай қолданысқа енгізуді тапсырды.