Жамбыл облысы, Меркі ауданындағы спорт мектебі

Халықаралық дода жеңімпаздары шыққан: Меркідегі ауылда спортшыларды қалай даярлайды

205
(Жаңартылды 14:58 18.02.2021)
Меркі ауданына қарасты ауылдық округте ерекше спорт мектебі бар. Мектепте спорттың 11 түрі бойынша спортшылар даярланады. Олардың арасынан Қазақстан, Азия, әлем чемпиондары шыққан

МЕРКІ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ, 18 ақпан – Sputnik. Жамбыл облысы Меркі ауданы Ойтал ауылдық округінде халықаралық додалардың жеңімпаздары оқитын спорт мектебі бар. Бір қарағанда қарапайым мектеп болып көрінгенімен, іші қазынаға толы. Бұл жерден әлем чемпионы да, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы да шыққан. Sputnik Қазақстан тілшісі спортшылар ордасына барып, мектептің жұмысымен танысты.

Спорт мектебінде қазір 760 бала оқып жатыр. Мектеп 1980 жылдан бері бар, алайда жаңа ғимарат 2017 жылы пайдалануға берілді. Оның ашылуына ауылдағы құсбегілердің, армрестлингтен әлемдік додаларда төбе көрсеткен споршылардың да үлесі бар.

Ойталдағы спорт мектебінде сол маңдағы 9 ауылдың балалары оқиды
© Sputnik / Айгерім Таубай
Ойталдағы спорт мектебінде сол маңдағы 9 ауылдың балалары оқиды

"2012 жылы Меркі ауданында құсбегі бар екенін естіп, құсбегінің штатын аштық. Сол жылы Қарағанды облысында жастар арасында Қазақстан чемпионаты болды. Бірінші орынды иелендік. Сол уақыттан бері 9 жылдың ішінде Азия чемпионы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы атағын алдық. Одан бөлек қол күрестен Азия, Әлем чемпиондары осы мектептен шықты", - деді мектептің директоры Дулат Маратұлы.

Мектепте спорттың 11 түрі бар - құсбегілік, асық ату, қазақ күресі, тоғызқұмалақ секілді ұлттық спорт пен еркін күрес, шахмат, волейбол, қол күрес, жеңіл атлетика, тхэквондо, каратэ.

Мектептің мақтанышы – құсбегі отбасы

Спорт мектебінің мақтанышы – ағайынды Бабажановтар. Бір үйдің үш ұлы ұлттық спортпен айналысады. Әке жолымен келе жатқан ағайындылар алдымен қаршыға баптайды, өсе келе бүркітке ауысады. 21 жастағы Бақдәулет Бабажанов құсбегілік бойынша Қазақстан чемпионатының үш дүркін жеңімпазы, кейінгі жылдары "жамбы атудан" жақсы нәтиже көрсетіп жүр.

"2009 жылы әкем алғаш рет құс алып келіп, баптап, аңға шығып жүрді. Уақыт өте келе бізге де үйретті. Бір жыл өткен соң маған қаршыға әперді. Араға тағы бір жыл салып жарысқа қатыса бастадым. Сол жылы "Сонар – 2011" жарысында 3-орын алдым", - деді Бақдәулет.

Спорт мектебінің мақтанышы – ағайынды Бабажановтар. Бір үйдің үш ұлы ұлттық спортпен айналысады
© Sputnik / Айгерім Таубай
Спорт мектебінің мақтанышы – ағайынды Бабажановтар. Бір үйдің үш ұлы ұлттық спортпен айналысады

Бір жыл дайындығы нәтиже бере бастағанын сезген Бақдәулет бұл істі әрі қарай жалғастырамын деп шешкен. Жыл өткен сайын әкесінің де, үлкен ұлдың да қанжығасы майлана түседі. Қызылордада өткен додада әкесі бүркіт салып, жеңіске жетсе, ұлы қаршыға ұшырып жеңген.

Содан кейін құсбегіліктен жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында 3 жыл қатарынан бүркіт ұшырып жеңіске жетеді.

"Ер жетіп, жігіт болған соң қаршығадан бүркітке ауыстым. Әкеміздің артынан еріп, бәріміз құсбегі болып кеттік. Қазір екі інім үшеуміз осы іспен айналысамыз. 2017 жылдан бастап құсбегілікпен қатар жамбы атуға келдім. 2018 жылы Қазақстан чемпионатында жеңіске жеткен соң, ұлттық құрама сабына қосылдым. Сол құраммен Оңтүстік Кореяға барып, 3-орынды қанжыладық", - деді Бақдәулет.

Алайда бұл мектепте "жамбы ату" бойынша секция қарастырылмаған. Бүркітшілер өз бетінше оны да қатар алып жүр.

Құсбегілер сайысы қалай өтеді

Құсбегілердің сөзінше, сайыс үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде 500 метр жерден бүркітті қолға шақырады. Екінші кезең – еркін ұшыру. Қолына қонып тұрған бүркітті ұшырып жібереді. Мұндай жағдайда бүркіт жерге қонбай, құсбегінің қолына айналып келуі керек.

Үшіншісі – шырға салу. Түлкінің терісін ішін толтырып, атпен сүйрейді. Бұл кезеңде бүркіт басқалардан оза ұшып, жемтікті бірінші болып алуы керек. Ал төрешілер бүркіттің жемтікке жету уақытын секундпен өлшейді.

"Бүркітімнің аты – Қапсалған. Бала күннен баптап, бірге өсіп келе жатырмыз. 8 жаста. Үйде 4  бүркіт, 2 қаршыға, бір ителгі бар. Үйде төрт ер адам баптап, күтімін жасаймыз. Құстың тамағын беріп, астын тазалаймыз. Әкем маған бүркіт сыйлады, бір ініме қаршыға, кенже балаға ителгі әперді", - дейді Бақдәулет Бабажанов.

Айтуынша, бір үйде болғанымен құстар тек өз иесіне ғана барады. Бір адам тамақтандырып, күтім жасайды.

"Құсқа қарауға бір адам керек. Оны қолға алмаса, торда отырып, ашуланып, мінезі өзгеріп кетеді. Бүркітті бағу өте қиын. Жарысқа апарған кезде қорапқа салып апаруға болмайды. Жолда бүркітті тек қолда ұстап отырамыз. Пойызға мінгенде жанымызда отырады. Егер қорапқа салып, ашуландырып алсақ, жарысқа барғанда ұшпай қояды. Құстың ашуы қатты болады. Егер оны ұрып, құс кек сақтап қалса, ол адамның қолынан екінші рет ұшпайды", - дейді құсбегі.

Ал жас құсбегілер кейінгі жылдары жамбы атуға да әуестене бастаған. Бақдәулет пен 19 жастағы інісі Серікболсын жамбы ату бойынша екеуі де Қазақстан чемпионы.

Бабажановтардың ауыл маңында фазендасы бар. Үйі де көпшіліктен тысқары ауыл сыртында орналасқан. Сол жерде құс ұшырып, жамбы атуға дайындалады. Жаз келсе, туристерге ұлттық спорт түрлерін көрсетіп, ақша табады.

"Жамбы атуға алғаш дайындалып жүргенде қиын болды. Атқа мініп, көкпар шауып жүрген баламыз ғой. Бірақ алғашында аттың үстінде отырып оқ атқан кезде дәл тимейді. Барлық әдісін бір жыл бойы үйрендік", - дейді Бақдәулет Бабажанов.

Бақдәулет бүгінде өзі оқыған спорт мектебінде жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Ізінен келе жатқан 15 ауыл баласын құсбегілікке баулып жүр.

"Қара Маржан" атанған Берікболсын

Ал отбасының кенжесі – Берікболсын Бабажанов 13 жаста. Ол да келешекте ағаларына ұқсап ат үстінде садақ атумен айналысатынын айтты, оған тек уақыт керек.

Берікболсын қаршыға баптайды. Үш жылдан бері ұлттық спорттың ортасында жүрген баланы ел "Қара Маржан" деп таниды. Ағаларының айтуынша, бір жарыста қазылар алқасы осылай атаған екен. Содан бері барлық додаға осы атпен қатысады. Ұстаздары есімінің Берікболсын екенін білмейтінін айтты.

13 жастағы Берікболсын Бабажанов қаршыға баптайды. Үш жылдан бері ұлттық спорттың ортасында жүрген баланы ел Қара Маржан деп таниды
© Sputnik / Айгерім Таубай
13 жастағы Берікболсын Бабажанов қаршыға баптайды. Үш жылдан бері ұлттық спорттың ортасында жүрген баланы ел "Қара Маржан" деп таниды

Берікболсын жас та болса, сөзі ірі. Өзі де көпшілік алдында сөйлеуге төселген. Не дегенмен бұған дейін Азия чемпионы болып, Қазақстанның бірнеше қаласында да жеңіске жеткен.

"Мен қаршыға баптаймын. Жеңіске жете берсін деп атын "Алғыр" деп қойдым. 10 жасымнан бері құсбегілікпен айналысамын. Қаршығамен күніне бір рет жаттығу жасап, етін үзбей береміз. Жарысқа дайындаймыз. Қатты арықтаса, өліп қалады. Өзін кептерге саламыз. Ал жалпы балапан қаршығаны 1-2 ай баптап, жарысқа қоса береміз. Бастысы, бабы келсе болды. Семіз болса, бүйірінен көрінеді. Жарыс жақындағанда етін аздап беремін. Арық болса, керісінше молайтамын", - дейді Берікболсын.

Ол келешекте жамбы атумен айналысуды жоспарлап отыр. Ал оның алдында қаршығадан бүркітке ауыспақ.

Тонналаған темір көтереді

Мектеп ұстаздары қол күрестен әлем чемпионын, Азия чемпионын да тәрбиелеген. Жарқынай Рахымбаева 2018 жылы Анталия қаласында өткен әлем чемпионатына барып, бір қолдан алтын, бір қолдан қола алып келді.

"8 жыл дайындық нәтижесінде әлем чемпионы атандым. Енді Литвада сайыс өтетіні айтылып жатыр, соған дайындалудамын. Бір жыл бұрын отбасы құрып, сәбилі болдым. Оның да әлем чемпионы болғанын қалаймын, ұлымды соған тәрбиелейміз", - дейді Жарқынай.

Мектеп ұстаздары қол күрестен әлем және Азия чемпиондарын тәрбиелеген
© Sputnik / Айгерім Таубай
Мектеп ұстаздары қол күрестен әлем және Азия чемпиондарын тәрбиелеген

Мектептің төрт спортшысы қол күрестен Азия чемпионы атанған. Бастапқыда аудан спортшылары аядай ғана бөлмеде жаттығу жасаған.

"Бұл жаңадан ашылған спорт мектебі. Бастапқыда кішкентай бір бөлмеде дайындалдық. Қазір бәрі үлкейді. Оған жан-жақтан чемпион болғанымыздың да үлесі бар шығар", - дейді әлем чемпионы.

Ал төрт спортшыны жарысқа дайындаған тәжірибелі жаттықтырушы Аман Әшірбекұлы қыздармен жұмыс істеудің артықшылығы жайлы айтып берді.

"Мен үшін қыздармен жұмыс істеген қызық. Себебі қыздар шаршау дегенді білмейді. Әр баланың өз мінезі бар. Көп адам қыздармен жұмыс істей алмайтынын айтады, ал маған жеңіл. Оларға оқушым деп емес, қызым секілді қараймын", - дейді жаттықтырушы.

Қол күресте мықты болу үшін тонналаған темір көтеру керек. Бұл қолдың күшімен келетін жеңіс. Оның бәріне шыдамдылық керек. Спортышлардың режимі де бөлек.

"Жаттығу кезінде өзіңді де, жаныңды да аяма деп айтамын. Тер төгілмей жеңіс жоқ",  - дейді Аман Әшірбекұлы.

Айтуынша, армрестлинг бойынша спортшылар қол, білек, шынтақ, иықтың әрқайсысына арналған жаттығуды жасайды.

Ал чемпиондар шыққан спорт мектебіне қабылдану үшін аса қатты талап жоқ. Тек баланың денсаулығы спортқа жарамды болуы шарт.

Мектеп директоры Дулат Маратұлы спорт басқармасына хат жазып, әр ауылда бір-бір спорт мектебін ашуды ұсынған
© Sputnik / Айгерім Таубай
Мектеп директоры Дулат Маратұлы спорт басқармасына хат жазып, әр ауылда бір-бір спорт мектебін ашуды ұсынған

"Әлеуметтік желіге, газетке спортшыларды қабылдаймыз деп жарнама береміз. Әр ата-ана баласын қай спортқа беретінін өзі шешеді. Өтінішін жазады. Баланың денсаулығы спортқа жарай ма, жоқ па тексереміз. Балалар емханада толық тексеруден өтеді", - дейді мектеп директоры.

Бүгінде Ойтал ауыл округіндегі спорт мектебіне сол маңдағы 9 ауылдың балалары жаттығу үшін келеді.

Ал мектеп директоры Дулат Маратұлы Жамбыл облысы спорт басқармасына хат жазып, әр ауылда бір-бір спорт мектебін ашу туралы ұсынысын жеткізген. Ол ауыл жастарының спортқа бір табан жақын екенін айтып, оларға дайындық үшін барлық жағдайды жасау қажет деп санайды.

Жамбыл облысы, Меркі ауданындағы спорт мектебі
© Sputnik / Айгерім Таубай
Жамбыл облысы, Меркі ауданындағы спорт мектебі
205
Архивтегі фото

"Малсың деген": Желіде тараған видеодағы қыздың анасы оқиғаның қалай болғанын айтты

599
Дүкенде тұрған 3 қыздың біреуі ер адаммен сөзге келіп қалып, оған "мал" деп айтқан. Ол бұл сөзді менің қызым айтты деп ойлап қалған, дейді жәбірленушінің анасы

НҰР-СҰЛТАН, 26 ақпан – Sputnik. Павлодарда орталық көшелердің бірінде ер адамның 13 жастағы қызды не үшін тепкілеп тастағаны белгілі болды.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Это Павлодар, детка 🤷🏼‍♂️ (@pavlo.detka)

Айта кетейік, ер адамның жасөспірімді қуып барып, құлатып, ұрып, теуіп жатқаны сол маңдағы дүкеннің бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Алайда ешкім оған араша болмаған. Оқушы қыздың анасы оқиғаның қалай болғанын телефон арқылы айтып берді, деп хабарлады "Астана" телеарнасы.

"Ол менің қызымды басқа қызбен шатастырып алыпты. Дүкенде 3 қыз тұрған. Қыздардың біреуі онымен сөзге келіп қалып, ер адамға "мал" деп айтқан. Ер адам бұл сөзді менің қызым айтты деп ойлап қалып, оған тап беріпті. Осы сәтте ол дүкеннен қашып шыққан. Кейін қылмысын жасыру үшін жаңағы жігіттің әйелі менің қызыма 2 мың теңге беріпті. Күні бойы күттік. Тіпті, кешірім де сұраған жоқ. Енді тиісті жазасын алуын сұраймын", - дейді зардап шегушінің анасы.

Аты-жөнін атамауды сұраған қыздың анасы баласының түрлі дене жарақатын алғанын айтады. Қолы мен аяғы көгеріп, арқасы ауырып қалған.

Тәртіп сақшылары күдіктіні дереу тапты. Алайда ол кінәсін мойындаудан бас тартқан.

Оқи отырыңыз: Павлодарда жасөспірім қызды қуып жетіп, бір тепкен ер адам тергеуге алынды – видео 

Полиция оның қылмысы дәлелденсе, 2 жылға бас бостандығынан айырылуы немесе 2 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелуі мүмкін екенін хабарлады.

Әзірге аталған факті бойынша арнайы сараптама жасалып, тексеруге жөнелтілген.

599
Теміртау қаласы

Қақаған аязда қала жылусыз қалды: Теміртау әкімі жағдай қашан қалыпқа келетінін айтты

31
Қала әкімінің айтуынша, тұтынушылар үшін жылуға ақы төлеу мәселесі қарастырылып, қайта есеп жүргізілетін болады

НҰР-СҰЛТАН, 26 ақпан – Sputnik. Жылу электр станциясындағы апатқа байланысты жылу беру тоқтатылған Теміртау қаласының әкімдігі жұма күні жағдай қалыпқа келетіндігін мәлімдеді.

Бейсенбі күні Теміртау қаласының тұрғындары ЖЭО-2-дегі жөндеу жұмыстарына байланысты жылусыз қалған болатын. Қала әкімі Қайрат Бегімов "АрселорМиттал Теміртау" ЖЭО-2 қазандығындағы жағдайды түсіндіріп, қала тұрғындарынан кешірім сұраған.

Сонымен қатар, ол тұтынушылар үшін жылуға ақы төлеу мәселесі қайта есептелетінін ескертті.

"Сағат 07.00-дегі жағдай бойынша ЖЭО-2-дегі 3 қазандық жұмыс істеп тұр, екеуінде жөндеу жұмыстары аяқталды. Қазандықтар сағат 11.00 мен 13.00 аралығында іске қосылады. Жалпы қаладағы температуралық режим сағат 13.00-ге дейін қалпына келтіріледі", – деп жазды ол Instagram парақшасында.

Айта кетейік, Теміртауда бейсенбіде күні ауа температурасы -25 градусқа дейін төмендеп, желдің жылдамдығы секундына 18 метрге жетті. Ал жұма күні қалада -27 градус аяз болды.

Оқи отырыңыз: Павлодарда құбыр жарылып, бірнеше тұрғын үй жылусыз қалды – видео

Ауа райының қолайсыздығына байланысты қалалық білім басқармасы 0-11 сынып оқушылары үшін қашықтықтан форматта сабақ өтетіндігін хабарлады.

31
Кілт сөздер:
"АрселорМиттал Теміртау" АҚ, жылу
Тақырып бойынша
Қай қала тұрғындары жылу үшін ең көп ақша төлейді
Ақмола облысындағы ауыл мектебінде қазандық өртенді, құрбан болғандар жоқ
Қошанов Шаханда жарылған қазандық жайында: апат қайталанбайды
Екі есе ақыны не үшін төлейміз: елорда тұрғындары жылу бағасына наразылық білдірді
Алматының қақ ортасында жылу құбыры жарылды: төрт адам күйіп қалды - видео
Монумент Астана Байтерек, зима

Қазақстанда 27 ақпанда қандай маңызды оқиғалар болады

0
Sputnik Қазақстан 27 ақпан мен 1 наурыз аралығында болатын негізгі іс-шаралар мен оқиғаларға шолу жасайды (ақпарат толықтырылып отырады)

Қазақстанда бұқаралық іс-шараларды өткізуге уақытша тыйым салынды. Мемлекеттік органдардың отырыстары мен баспасөз конференциялары онлайн режимде ұйымдастырылады. Десе де, біз алдағы күндерге жоспарланған іс-шаралар туралы ақпарат беруді жалғастырамыз.

27 АҚПАНҒА ЖОСПАРЛАНҒАН ШАРАЛАР

Нұр-Сұлтан

12.00 – "12 месяцев" спектаклі ("Жастар" театры, Есенберлин көшесі, 10).

17.00 – "Астана Балеттегі" бір актілі балет кеші. 65 жастан асқан адамдарға жас шектеуі бар ("Астана Балет" театры, Ұлы Дала даңғылы, 9).

18.00 – "Евгений Онегин" операсы. 65 жастан асқан адамдарға жас шектеуі бар ("Астана Опера", Үлкен зал, Қонаев көшесі, 1).

18.00 – "Легенда о любви" спектаклі ("Астана Балет" театры, Ұлы Дала даңғылы, 9).

19.00 – "Ауыл хикаялары" спектаклі (Nomad City Hall, Мәңгілік Ел көшесі, 55/2, В2-3).

Алматы

10.30 – "Три поросенка" спектаклі (Алматы мемлекеттік қуыршақ театры, Пушкин көшесі, 63).

11.00 – "Сиқырлы терезе" спектаклі (Ғабит Мүсірепов атындағы театр, Абылай хан даңғылы, 38).

12.00 – "Солнечная сказка" пьесасы ("Жас сахна" театры, Абай даңғылы, 117).

14.00 – "Посылка с..." спектаклі (THE.IMPRO арт-кеңістігі, Керемет шағын ауданы 7, 40 ғимарат).

16.00 – "Как лечить львиный страх" спектаклі (Алматы мемлекеттік қуыршақ театры, Пушкин көшесі, 63).

17.00 – "Любовница" спектаклі ("Өркен" театр-студиясы, ағайынды Абдуллиндер көшесі, 38).

18.00 – "Смешанные чуства" спектаклі (Горький театры, Кіші зал, Желтоқсан көшесі, 11).

18.00 – "Пробуждение Весны" спектаклі (Республикалық неміс драма театры, Папанин көшесі, 70/1).

18.00 – "Лавина" спектаклі ("Жас сахна" театры, Абай даңғылы, 117).

18.00 – "Примадонны" спектаклі (Н.Сац атындағы театр, Шаляпин көшесі, 22).

18.00 – "Боинг-Боинг" спектаклі (Ермашов атындағы әуесқой театр, Щепкин көшесі, 35).

18.30 – "Таңсұлу" спектаклі (Әуезов атындағы драма театр, Абай даңғылы, 103).

18.30 – "Қозы Көрпеш – Баян Сұлу" спектаклі (Ғабит Мүсірепов атындағы театр, Абылай хан даңғылы, 38).

20.00 – "Чудо" спектаклі (ART-BUNKER кеңістігі, Досмұхамедов көшесі, 78а).

28 АҚПАНҒА ЖОСПАРЛАНҒАН ШАРАЛАР

АЛМАТЫ  

10.30 – Бэби - "Приключение в лесу" спектаклі ("Жас сахна" театры, Абай даңғылы 117).

10.30 – Бэби – "Коза-Дереза" спектаклі (Алматы қаласы Мемлекеттік қуыршақ театры, Пушкин көшесі, 63).

11.00 – "Туған күн" спектаклі (Ғабит Мүсірепов атындағы театр, Абылай хан даңғылы, 38).

11.00 – Бэби – "Сиқырлы қала" спектаклі ("Трансформа" кеңістігі, Байзақов көшесі, 280).

12.00 – "Ақшақар" спектаклі ("Жас Сахна" театры, Абай даңғылы 117).  

12.00 - "По-щучьему веленью" спектаклі (La Boheme театры, 2-павильон, Зенков көшесі, 24).

12.00 – "Красавица и Чудовище" спектаклі (Н. Сац атындағы театр, Шаляпин көшесі, 22).

14.00 – "Көңілді қонжықтар" спектаклі (Алматы қаласы Мемлекеттік қуыршақ театры, Пушкин көшесі, 63).

18.00 – "Сыныптастар. Өмір сабақтары" спектаклі ("Жас Сахна" театры, Абай даңғылы 117).

18.00 - "Лист подарочной бумаги" спектаклі (Республикалық неміс драма театры, Папанин көшесі, 70/1).

18.30 – "Телғара (Жас Абай)" спектаклі (Ғабит Мүсірепов атындағы театр, Абылай хан даңғылы, 38).

18.30 – "Жүз жылдық махаббат" спектаклі (Әуезов атындағы драма театр, Абай даңғылы, 103).

19.30 - "Дипфейк" спектаклі ("Трансформа" кеңістігі, Байзақов көшесі, 280).

20.00 – "Любовь это... COSTя" спектаклі (BUNKER ART-баспана, Досмұхамедов көшесі, 78а).

1 НАУРЫЗҒА ЖОСПАРЛАНҒАН ШАРАЛАР

11.00 –"Мал ұрлығымен күрес" тақырыбында ішкі істер министрлігінің онлайн брифингі. Спикер: Таев Думан Ашкенұлы – Қазақстан ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы.

НҰР-СҰЛТАН

11.00 – Алғыс айту күніне арналған "Қазақ еліне мың алғыс!" монументінің жанында салтанатты түрде алғыс айту рәсімі. Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаттары, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғам қайраткерлері, жастар, елорда тұрғындары мен қонақтары қатысады. Салтанатты шара аясында ҚХА жастар қанатының өкілдері сөз сөйлейді. Журналистер аккредитациядан өтуі керек: Ботагөз Жақсымбетова 8771 555 44 89, Данагүл Амантай 8747 688 09 62 (Түркістан көшесі – Бұқар жырау көшесінің бұрышы).

АЛМАТЫ

12.00 – "COVID-19 пандемиясы кезінде Алматы қаласының тұрғындары мен медицина қызметкерлерінен өтініш қабылдау үшін тәулік бойғы "Қауырт желі" телефонының жұмысын ұйымдастыру" тақырыбында баспасөз конференциясы. Баспасөз конференциясының спикерлері: Бақыт Түменова, "Аман-саулық" ҚҚ президенті, Зүлфия Байсақова, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесі жанындағы әлеуметтік әл-ауқат мәселелері жөніндегі комиссияның төрағасы. Баспасөз конференциясына жеке қатысу үшін журналистер Қазақстан баспасөз клубына шақырылады (карантиндік шектеу 10 адам. Алдын ала аккредиттеу арқылы ғана кіруге болады). Аккредитация мәселелері бойынша мына мекенжайға хабарласыңыз: 87017490200, Әсел Берімжарова (Самал-2 ықшам ауданы, 58 үй, бірінші кіреберіс, 2-қабат. Трансляция: https://www.facebook.com/KazakhstanPressClub).

Жоспарланған шаралар тізімі ашық дереккөзден алынды. Sputnik Қазақстан іс-шаралардың уақыты мен күнінің өзгеруіне жауапты емес.

0