НҰР-СҰЛТАН, 22 ақпан – Sputnik. Алматы полицейлері тағы бір жезөкшелер үйін анықтады, деп хабарлады Polisia.kz.
Медеу ауданында массаж салонының атын жамылып, интимдік қызмет көрсететін жезөкшелер үйі анықталды. Мекемеде жұмыс істейтін қыздар массаж қызметінен бөлек, өз клиенттеріне қосымша жеке қызметтер көрсетіп келген.
Оқи отырыңыз: Ақтауда жезөкшелер ордасы анықталып, 12 қыз-келіншек ұсталды - видео
"Әкімнің тұрғындармен кездесуінде аудан тұрғындары түнгі уақытта жұмыс істейтін жеке кеңсеге шағымданды. Жедел алдын алу іс-шаралары барысында мекенжайдағы массаж салоны тексерілді. Тұрғындардың күдігі расталды – мекемеде жезөкшелер үйі орналасқан, онда жедел іздеушілер жеңіл жүрісті 11 қызды анықтады", – деп атап өтті Алматы қалалық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Еркін Іңкәров.
Оның айтуынша, әкімшілік өкілдері мен жұмысшы персонал аудандық басқармаға жеткізілді.
"Айтпақшы, қыздар арасында біздің отандастарымыздан басқа, көрші республикалардың әйелдері де "жұмыс істеген". Ұсталғандардың бірі, 32 жастағы Ресей Федерациясының азаматы", – деп түйіндеді Іңкәров.
Барлық жеңіл жүрісті қызға әкімшілік хаттама жасалды. Сондай-ақ интимді қызмет көрсетуге үйін жалға бергендер тексеріліп, жауапқа тартылады.
НҰР-СҰЛТАН, 28 ақпан — Sputnik. Түркістанда әйел мен оның төрт баласының қазасынан кейін қылмыстық іс қозғалды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев бес адамның қаза болу себебін анықтау жөніндегі комиссия отырысын өткізген.
"Облыс басшысы полиция департаментіне, төтенше жағдайлар департаментіне жан-жақты тергеу жүргізуді, болған оқиғаға кінәлілерді табу және жазалауды тапсырды. Қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде", - делінген хабарламада.
Денсаулық сақтау басқармасының психологтары қайтыс болған жандардың туыстары мен жақындарына көмек көрсетеді. 5 адамның денесін жерлеу орнына жеткізу үшін көлік берілді, жерлеуді ұйымдастыруға қосымша жәрдем көрсетіледі.
27 ақпанда Түркістан қаласындағы жеке тұрғын үйлердің бірінен әйел мен төрт баланың мәйіті табылғаны хабарланды. 40 жастағы әйел және 2004, 2006, 2013, 2016 жылы туған балалары иіс тиіп қайтыс болған. Үйде газбен жылытатын жабдық қойылған. Отағасы кәсіпкерлікпен айналысады, ол емделу үшін Шымкент қаласына кеткені белгілі болды.
ПЕТРОПАВЛ, 27 ақпан – Sputnik. Петропавлда анасы өлімші етіп сабаған үш жасар қыз қайтыс болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері сәбидің өмірі үшін бір айдан астам күресті.
"Бала комада жатты, ол есін жимастан қайтыс болды", - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Еске сала кетсек, 17 қаңтарда ауруханаға ессіз күйде үш жасар қыз жеткізілді. Баланы ұрып-соқты деген күдікпен 22 жастағы анасы ұсталды.
Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, әйел нәрестені дүниеге әкелген соң оны асырауға жағдайы болмағандықтан уақытша балалар үйіне берген. Ол қызына келіп тұрған, ал бес айдан кейін 2017 жылдың желтоқсанында оны алып кеткен. Осыдан кейін бала әкесінің үйінде тұрады. 2020 жылдың 25 желтоқсанында ер адам қызды шешесіне қайтарады. 17 қаңтарда сәби "бас жарақаты" диагнозымен ауруханаға түседі.
Қыз мүгедек болған, оған сегіз айында сал ауруы диагнозы қойылды.
Баланың анасына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол тергеу аяқталғанша уақытша ұстау изоляторында отырады.
АЛМАТЫ, 28 ақпан — Sputnik. Алматыда сенбі кешке Сейфуллин мен Төреқұлов көшелерінің қиылысында ірі жол апаты болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
№123 автобус Hyundai Elantra көлігіне соғылады, ол жол жиегіне ұшып кеткен. Бұған қоса автобус жол-жөнекей электр қалқанын құлатып, бағдаршамның жануын күтіп тұрған екі адамды қағады. Әрі қарай автобус автотұрақ аумағына кіріп кетіп, Mega park қабырғасына барып соғылады. Сондай-ақ ол тұрақтан шығып келе жатқан Volkswagen Polo көлігін соққан.
Апат салдарынан бес адам зардап шекті – автобус жүргізушісі, Volkswagen Polo жүргізушісі мен екі жолаушысы және жаяу жүргіншілер жолында тұрған екі адам. Соңғы екеуі ауыр хәлде жансақтау бөлімінде жатыр.
Автобус жүргізушісінің не себепті рөлге ие бола алмай қалғаны әзірге белгісіз. Полиция жол апатының мән-жайын анықтап жатыр.