Өңірлер

Жылыжайда гүл өсіретін жігіт: Қазақстандықтар қызғалдақтың ерекше түрін менсінбейді

© Sputnik / Тимур БатыршинОлжас Серікұлы келешекте Димаш Құдайберген, Геннадий Головкинге арналған қызғалдақ сұрпын өсіруге ниетті
Олжас Серікұлы келешекте Димаш Құдайберген, Геннадий Головкинге арналған қызғалдақ сұрпын өсіруге ниетті - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.02.2021
Жазылу
Әлеуметтік желіде "Қызғалдақ ханзадасы" ретінде белгілі Олжас Серікұлы биыл үшінші рет жылыжайда қызғалдақ өсірді. Кәсіпкер жыл сайын 8 наурыз – халықаралық әйелдер күні қарсаңында саудасы қызатын қызғалдақ кәсібінің қызығы мен қиындығы жайлы айтып берді

АЛМАТЫ, 26 ақпан – Sputnik. Қызғалдақ – көктем көркі, жаңа өмірдің, тіршіліктің бастауы. Кейде оны "наурыз символы", "көктем символы" деп те атайды. Себебі құшақ-құшақ қызғалдақ құшақтаған қыздардың жүзіндегі күлкі көктемге көрік береді.  

Қызғалдақ көктемде тау бөктерінде бір апта, әрі кетсе 14-15 күн гүл ашып тұрады. Елімізде қызғалдақ Қызыл кітапқа енген. Яғни, жұлуға болмайды. Алайда кәсіпкерлер гүл кәсібін бастап, табиғатқа да зиян келтірмей, әйелдер қауымына қуаныш сыйлаудың жолын тапқан.

Алматы облысы Талғар ауданы Түзусай ауылында тұратын кәсіпкер Олжас Серікұлы үш жылдан бері жылыжайда қызғалдақ өсіреді. Айтуынша, бастапқыда отбасымен бірге көкөніс еккен. Уақыт өте келе ол салада қиындықтар болып, қызғалдақ кәсібін бастауға бел байлаған.

© Sputnik / Тимур БатыршинКәсіпкер қызғалдақ пиязшығын Голландиядан алдырады
Жылыжайда гүл өсіретін жігіт: Қазақстандықтар қызғалдақтың ерекше түрін менсінбейді - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.02.2021
Кәсіпкер қызғалдақ пиязшығын Голландиядан алдырады

"Жылыжайда қызғалдақ өсірумен 3 жылдан бері айналысамыз.  Голландиядан қызғалдақтың тұқымын әкеліп, өзіміздің жылыжайда өсіреміз. Гүл кәсібіне деген қызығушылық 3 жыл бұрын ғана оянды. Оған дейін бұл жылыжайдың ішінде қияр секілді көкөністер ектік. Бірақ көкөністі нарыққа шығару кезіндегі жағдай көңілімізден шыққан жоқ", - дейді Олжас.

Содан кейін әлеуметтік желідегі парақшасында оқырмандары арасында сауалнама жүргізген, кәсіпкерлермен тілдескен. Арасында қызғалдақ кәсібін ұсынғандар бар. Олжас Серікұлы мұны кездейсоқ басталған кәсіп деп атайды.

Гүл кәсібіндегі бес кезең

Олжас бұл істің отбасылық кәсіп екенін айтты. Себебі жылыжай ішінде ата-анасы бағбаншылық жасап, қолғабыс етеді. Ал қызғалдақ өзіне көңіл бөлгенді, белгілі бір температураны жақсы көреді.

© Sputnik / Тимур Батыршин30 жастағы Олжас Серікұлы 3 жылдан бері жылыжайда қызғалдақ өсірумен айналысады
Жылыжайда гүл өсіретін жігіт: Қазақстандықтар қызғалдақтың ерекше түрін менсінбейді - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.02.2021
30 жастағы Олжас Серікұлы 3 жылдан бері жылыжайда қызғалдақ өсірумен айналысады

Айтуынша, қызғалдақ өсірудің өз қиындығы бар. Жалпы нөлден бастап адамдарға гүлді табыстағанға дейінгі аралық бірнеше кезеңнен тұрады. Алғашқысы – қызғалдақ тұқымын Голландиядан алып келген кезде оның сапасына мән беру. Соған назар аудармаса, өнім сапасыз болады. Екіншісі – Голландиядан келе жатқан кезде арнайы температура сақталуын бақылау. Себебі әр пиязшықтың өз температурасы болады.

"Қазақстанда жылыжайда өсіру үшін екі түрлі пиязшық келуі мүмкін. Бірі – салқындатылған, екіншісі – салқындатылмаған. Соны қадағалау керек. Оны алып келіп, отырғызғаннан кейін тамырлануына көңіл бөлінеді. Ол белгілі бір температурада осы жылыжайда сақталады. Жағымды, жайлы климаттық жағдай қалыптастыру – жақсы өнім алудың кепілі", - дейді Олжас.

Үшінші кезең қаңтардың ортасында басталады. Ол уақытта жылыжайдың ішін жылытады, температураға қатты көңіл бөлінеді. Қызғалдақ үшін қалыпты температура – 15 градус.

© Sputnik / Тимур БатыршинҚызғалдақ үшін қалыпты температура – 15 градус. Жылыжайдағы температура жіті қадағаланады
Жылыжайда гүл өсіретін жігіт: Қазақстандықтар қызғалдақтың ерекше түрін менсінбейді - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.02.2021
Қызғалдақ үшін қалыпты температура – 15 градус. Жылыжайдағы температура жіті қадағаланады

"Осы кезеңде температураның түсіп не көтеріліп кетпеуі қадағаланады. Ал ол ауа райына тікелей байланысты. Мәселен, далада ауа температурасы 10 градусты көрсетсе, жылыжай іші 25 градус болуы мүмкін. Ал ол қызғалдақ үшін қауіпті", - дейді Олжас.

Қызғалдақ жоспарланған күннен ерте не кеш гүл ашуы мүмкін. Ерте ашқан жағдайда оны қоймада 8 наурызға дейін сақтайды. Айтуынша, өткен жылы осындай жағдай болған. Қоймада жағдайдың жақсы жасалуына байланысты гүл өзгермеген қалпында кісі қолына табысталды.

"Гүл жоспарланған уақыттан ерте не кеш шығуы мүмкін. Мұндай жағдайда оны қоймада 8 наурызға дейін сақтап тұруымыз керек. Жинап, сақтап қойғаннан кейін оны сату керек. Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Себебі қызғалдақты өсіру мен оны сатудың арасында бірнеше айға жоспарланатын маркетингтік жоба құрылады", - дейді кәсіпкер.

© Sputnik / Тимур БатыршинГүл жоспарланған уақыттан ерте не кеш шығуы мүмкін. Мұндай жағдайда гүл қоймада 8 наурызға дейін сақталады
Жылыжайда гүл өсіретін жігіт: Қазақстандықтар қызғалдақтың ерекше түрін менсінбейді - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.02.2021
Гүл жоспарланған уақыттан ерте не кеш шығуы мүмкін. Мұндай жағдайда гүл қоймада 8 наурызға дейін сақталады

Демек, пиязшықты жерге отырғызғаннан кісі қолына гүлдің жету процесі желтоқсаннан наурызға дейін созылады.

Қызғалдақ санын екі есе азайтты

Олжас Алматыда 3-курс оқып жүргенінде грант жеңіп, 2012 жылы Голландияда оқыған. Сол жақта жерге орналастыру (land management) мамандығы бойынша бір жыл білім алған. Айтуынша, оның қазіргі кәсібіне шетелде білім алғанының еш қатысы жоқ. Алайда сол кезде бірнеше шақырымға егілген қызғалдаққа деген қызығушылығы болған. Өте әдемі, көздің жауын алатын сұлулық жадымда сақталып қалды. Барлығы бірдей гүл ашқан кезде жерге кестелі кілем төселген секілді болады, дейді ол.

Енді сол көріністі өзі жасап отыр. Ол үй ауласындағы жылыжайға үш жыл бұрын 20 мың, өткен жылы 30 мың қызғалдақ еккен.

Айтуынша, бұл жылыжайға 40 мың дана қызғалдақ егуге болады. Алайда кәсіпкер пандемияға байланысты қызғалдақ санын күрт төмендеткен.

"Карантинге жабылу, блок бекет қою қаупі болғандықтан шығын болмас үшін 16 мың түп отырғыздық. Дәл қазір жылыжайдың ішінде қызғалдақтың 17-ден астам түрі бар. Әрбір сұрып сабағының қалыңдығы, бойының ұзындығы, түсі, реңкінің әртүрлі болуымен көзге түседі. Ашылып келе жатқан кезде қызғылт болғанымен, бірнеше күннен кейін қоюлана түсетіндері бар", - дейді Олжас Серікұлы.

Айтуынша, сұрпы әртүрлі болғандықтан бірі ерте, бірі кеш шығады. Сондай жағдай болмауы үшін бір уақытта ашылатын түрін таңдай білу қажет. Бұл да шығынның алдын алудың бір жолы. Алайда гүл кәсібінде шығын гүлдің өнім беру уақытына ғана байланысты емес, гүлді сатуға ауа райы да айтарлықтай әсер етеді.

© Sputnik / Тимур БатыршинОлжасқа ата-анасы қолғабыс етеді. Кәсіпкердің өзі мұны отбасылық кәсіп деп атады
Жылыжайда гүл өсіретін жігіт: Қазақстандықтар қызғалдақтың ерекше түрін менсінбейді - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.02.2021
Олжасқа ата-анасы қолғабыс етеді. Кәсіпкердің өзі мұны отбасылық кәсіп деп атады

"Былтыр ауа райына байланысты өте үлкен шығынға ұшырадық. 6-8 наурыз аралығында күн өте суық болды. Қызғалдақ өте нәзік өсімдік. Ол -2 градуста солып қалады. Қалада гүл сатуға әкімдік рұқсат беретін арнайы орындар бар. Сол жерге біз де жайғастық. Бірақ далада тұру мүмкін емес еді. Былтыр біз ғана емес, гүл сататындардың басым бөлігі шығынға ұшырады", - дейді кәсіпкер.

Оның сөзінше, ауа райының қолайсыздығы, жарнаманың дұрыс жүрмеуі, сатушылардың олқылығы, гүлді орайтың флористердің қателігінен шығынға ұшырау қаупі арта түседі.

Димаш пен GGG қызғалдағын шығарғысы келеді

Олжастың айтуынша, қызғалдақтың топыраққа деген талғамы бөлек. Оны өсіруге біздің жеріміздегі топырақ жарамды. Сондай-ақ, гүл бойын тіктеп, өнім беруі үшін қалыпты ылғалды талап етеді. Желтоқсаннан наурызға дейінгі аралықта ылғал бір қалыпта тұрғаны жөн. Алайда кейде ылғалды да арттырып отырады, гүл шығып жатқан кезде төмендетеді.

"Қызғалдақ кәсібіне кездейсоқ келдім. Бірақ оны өсіру барысында қызғалдаққа деген мейірім, махаббат оянған секілді. Гүлді баптау, жинау процесі ерекше әсерге бөлейді. Кейбіреулер өсімдікпен тілдесу мүмкін емес екенін айтады, алайда ол рас. Өсімдік тыңдайды, сезеді. Оған қандай жылу берсең, соны өнім арқылы екі есе етіп қайтаратын қасиеті бар. Кей жағдайда әндетіп те мейірім көрсетуге болады", - дейді Олжас.

Гүл баптаудың қыр-сырын меңгерген Олжас мұнымен тоқтап қалмайтынын айтты. Ол Қазақстанда да селекциялық жолмен гүлдің жаңа түрін өсіруге ниетті.

"Қызғалдақты алғаш өсірген жылы мақсат қойдым. Инвесторлар табылып жатса, қалталы азаматтар қолдаймын десе, голландиялық мамандармен бірге қызғалдақтың жаңа түрін өсіру жоспарда бар. Голландияда Нұрсұлтан Назарбаевақа арналған арнайы қызғалдақ  сұрпы бар. Әр мемлекет басшысына арналған арнайы гүл бар. Былтыр біз Ангела Меркель деген түрін өсірдік", - дейді ол.

© Sputnik / Тимур БатыршинОлжас Серікұлы келешекте Димаш Құдайберген, Геннадий Головкинге арналған қызғалдақ сұрпын өсіруге ниетті
Жылыжайда гүл өсіретін жігіт: Қазақстандықтар қызғалдақтың ерекше түрін менсінбейді - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.02.2021
Олжас Серікұлы келешекте Димаш Құдайберген, Геннадий Головкинге арналған қызғалдақ сұрпын өсіруге ниетті

Қызғалдақтың жаңа түрін ойлап табу барысында ол адамның мінезі, таланты, қабілеті ескеріледі. Олжас Қазақстанда Димаш Құдайберген, Геннадий Головкин секілді азаматтардың көп екенін айтып, осы бастамасын қолдауға қалталы азаматтардың қолдауы қажет екенін жасырмады.

Олжастың айтуынша, қазақстандықтар қызғалдақтың классикалық түрін жақсы көреді.

"Өзгеше түсті ерекше түрін менсінбейді. Бойы ұзын, гүлі конус тәрізді, сабағы қатты болуы керек. Одан нәзік, одан аласа гүлді мойындамайды. Ал голландиялықтар керісінше, нәзік, жұқа, ерекше реңкті қызғалдақтарды жақсы көреді. Оның бағасы да қымбат. Сондықтан болашақта біздің жергілікті тұрғындардың ойынан шығатындай қызғалдақ түрлерін шығару ойда бар. Ол қаражатқа келіп тіреледі", - дейді ол.

Табыс қызғалдақ санына байланысты

Олжас өсірген қызғалдаққа деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Тіпті көктемде шығатын өнімнің ақысын күзде төлеп қойғандар да бар. Ал кәсіпкердің сөзінше, алыпсатарлар гүл өсірушіден бірнеше есе артық табыс табады.

"Тәжірибемізге сүйенсек, алыпсатарлар біз секілді гүл өсірушілерден әлдеқайда көп табыс табады. Жыл сайын жылыжайдан бір қызғалдақты 220-280 теңге арасындағы бағаға береміз. Олар нарыққа 600-800 теңге деп шығарады. Біз 3 ай еңбек етеміз, жылыжайды жылыту үшін көмір жағамыз, күтім жасаймыз. Ал олар сатып алады да, бір күнде нарыққа шығарады", - дейді ол.

© Sputnik / Тимур Батыршин Batyrshin TimurБұл жылыжайға 40 мың дана қызғалдақ егуге болады. Алайда кәсіпкер пандемияға байланысты қызғалдақ санын қысқартқан
Жылыжайда гүл өсіретін жігіт: Қазақстандықтар қызғалдақтың ерекше түрін менсінбейді - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.02.2021
Бұл жылыжайға 40 мың дана қызғалдақ егуге болады. Алайда кәсіпкер пандемияға байланысты қызғалдақ санын қысқартқан

Алайда саудагерлердің еңбегін еш жоққа шығармайды. Серікұлы олардың жарнама жасайтынын алға тартты. Ал қызғалдақтан түсетін табыс қызғалдақтың санына байланысты.

"Дәл осы жылыжайда 40 мың немесе 500 дана қызғалдақ ексек те, оған кететін шығын бір. Көмір, жарық, бағып-қағудан бөлек, қаптайтын, орайтын заттар, сатушылар, жалға берілетін орынның ақысы, жарнамаға кететін қаражатты алып тастағанда, таза маржиналдық пайда – 100%", - дейді кәсіпкер.

Гүл нарығында бәсекелестік жоқ деуге келмейді, алайда Олжас Серікұлы мұны қазақтар көптеп айналысуы керек кәсіптің бірі деп санайды.

"Менің үш жылда байқағаным, қазақстандықтар арасында бұл кәсіппен айналысатындар бар. Бірақ арасында қазақтар жоқ, өзге ұлт өкілдері осы кәсіпті дөңгелетіп отыр. Неге екені белгісіз мемлекетке, әкімшілікке кінә таққанды жақсы көретін халықпыз. Іспен айналысамын деген адамға өте көп мүмкіндік бар. Ауыл шаруашылығында тек қызғалдақ қана емес, гүлдің түрі көп. Көкөніс, жеміс-жидек ағаштарын гектар-гектар жерге егіп, пайда табуға болады", - дейді Серікұлы.

© Sputnik / Тимур БатыршинЖылыжайда қызғалдақтың 17 түрі бар
Жылыжайда гүл өсіретін жігіт: Қазақстандықтар қызғалдақтың ерекше түрін менсінбейді - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.02.2021
Жылыжайда қызғалдақтың 17 түрі бар

Айтуынша, кейінгі кезде бұл салаға сұраныс бар. Жылыжай кәсібі, қызғалдақ өсірудің қыр-сырын сұраушылар қатары да артқан. Ал кәсіпкер оны үйретуден қашпайды, керісінше онлайн курстар дайындап жатыр. Келешекте офлайн форматта жылыжай ішінде тәжірибесін бөліспек.

Ол осы істі бастағысы келетіндердің ниеті мен ынтасы болуы қажет екенін айтты. Ең бастысы қайсарлық қажет.

Кәсіптің жемісті болуына сараңдық танытпау да әсер етеді. Сол себепті Олжас жылыжайға тек қызғалдақ егеді. Қалған тоғыз ай бойы жылыжайдағы топырақ келесі жылы егілетін қызғалдақты күтіп, демалады.

Әлеуметтік желі қолданушылары Олжас Серікұлын "Қызғалдақ ханзадасы" ретінде таниды. Ал кәсіпкер мұны өзіне артылған сенім деп санайды.

Үш жылдан бері қызғалдақ жайлы жазба жариялап, жарнама жасап жүргеннен кейін әлеуметтік желідегі достарым бірауыздан "Қызғалдақ ханзадасы" деп атап кетті. Менің емес, бұл – халық таққан айдар. Әрі қарай да осы кәсіпті жалғастырсын деген ниетпен қойса керек. Мұны маған артылған сенім деп қабылдадым, деп түйіндеді сөзін Олжас Серікұлы.

Жаңалықтар
0