Өңірлер

Түркістандағы бес адамның өлімі: газ қазандығын пайдалану талаптары сақталмаған

© Photo : Пресс-служба акима Туркестанской областиТуркестан, виды города
Туркестан, виды города  - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.02.2021
Жазылу
Өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын анықтау мақсатында сот-техникалық сараптама жүргізіледі

АЛМАТЫ, 28 ақпан –  Sputnik. Түркістан қаласында бес адамның өліміне газ қазандығын қолдану кезіндегі олқылықтар мен орнату кезінде талаптардың сақталмауы себеп болуы мүмкін. Бұл туралы Түркістан облысы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте айтылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Жеке тұрғын үй табиғи газбен жабдықталған. Үй ішінде ирандық пештің орнатылғаны анықталды. Алғашқы болжам бойынша олар газдан уланып қайтыс болған", - деді облыстың төтенше жағдай департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов.

Пештің қаншалықты талапқа сай екенін анықтау мақсатында сот-техникалық сараптама жүргізілмек.

Айта кетсек, осы оқиғаға "Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Өңірге газ жүргізуге жауапты "ГазТрансГазАймақ" АҚ өңірлік өндірістік филиалының директоры Шалқар Омарбековтың айтуынша, ирандық қазандықты дұрыс пайдаланса, ол талапқа сай болады. 

"Отбасы 2020 жылы қарашада техникалық шарт алуға ұсыныс берген. Техникалық шарт аясында құжаттар дайындалып, 27 қарашада газға қосу туралы өтініш берді. Сол құжаттар негізінде газ пайдалануға рұқсат берілді. Монтаждау жұмыстарын газдандырумен айналысатын "Газ құбыры-2050" деген мердігер мекеме жүзеге асырды", - деді Омарбеков.

Айтуынша, мердігер компанияның газдандыру бойынша лицензиясы бар. Олар қызметті ақылы түрде көрсетеді. Оған "ГазТрансГазАймақ" ешқандай талап қоймайды.

"Лицензия негізінде жүзеге асырылғандықтан мердігерлер газды қосып беру, қазандықты газға қосу жұмыстарын өздері жүзеге асырады. Оқиға туралы хабар түскен соң біздің мамандар оқиға орнын көріп, ирандық пештің орнатылғанын анықтады. Ол қазандық ретінде жылу береді және тамақ істеуге мүмкіндік береді. Азаматтар кейде соны қолданады, бірақ ол өте қауіпті қазандық болып саналады. Содан кейін мамандар кеңсеге барып құжаттарды тексерді. Үйдегі жағдай мен құжаттардың сәйкес емес екені анықталды", - деді ол.

"Оқиға орнында мамандар үш нүкте бар екенін анықтады. Жатын бөлмедегі бір нүкте газға қосылмаған. Екеуі - газ плита мен ирандық пеш қосылып тұрған. Әр бөлмеге бөлек-бөлек газ құбыры тартылған. Ішінде бір қазандық қосулы тұр. Сол қазандықтан улы заттар бөлмеге таралуы мүмкін", - деді Омарбеков.

Оқи отырыңыз: Ұйықтап үлгермеген: полиция Түркістандағы қайғылы жағдай қалай болғанын айтты

Айта кетейік, 27 ақпанда Түркістан қаласындағы жеке тұрғын үйлердің бірінен әйел мен төрт баланың мәйіті табылды. 40 жастағы әйел және 2004, 2006, 2013, 2016 жылы туған балалары иіс тиіп қайтыс болған. Қайғылы жағдай болған кезде отағасы Шымкент қаласына кеткен.

Полицияның болжамына сәйкес, қайғылы жағдай  26 ақпан кешкі сағат жеті-сегіз шамасында болды.

Жаңалықтар
0