Өңірлер

Сәтбаевтағы жаппай тәртіпсіздік: 54 адамға қатысты сот басталды

© AP Photo / Jean-Francois BadiasСудебный молоток, архивное фото
Судебный молоток, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.03.2021
Жазылу
Іс кәмелеттік жасқа толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қаралып жатыр. Жалпы 54 адам жауапқа тартылып отыр

НҰР-СҰЛТАН, 1 наураз – Sputnik. Қарағанды облыстық сотында Сәтбаев қаласындағы жаппай тәртіпсіздікке қатысты сот отырысы басталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Іс кәмелеттік жасқа толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қаралып жатыр. Себебі жаппай тәртіпсіздікке қатысқандардың үшеуі оқиға болған кезде 18 жасқа толмаған еді. Желтоқсан айында біреуі кәмелет жасына толды. Жалпы 54 адам жауапқа тартылып отыр. 

Сотқа барлық айыпталушы қатысып отырған жоқ. Кейбіреуінің заңды өкілі келді. Зардап шеккендер де бірқатар себепке байланысты сот отырысына қатыса алмады. Дегенмен сот отырысын өткізуге шешім қабылданды.

Жауапқа тартылып отырған адамдарға айыптау актісі табысталды. 

Айыпталушылардың басым бөлігі бұған дейін сотталмаған. Жоғары білім алғандар да бар. Кейбіреулер уақытша жұмыссыз қалған. Сот алдында бірнеше қыз-келіншек те жауап беріп жатыр.

Іс судья Кенжебай Ысқақовтың төрағалығымен қаралуда. Зардап шеккендердің арасында полиция депаратменті де бар. Жалпы сот отырысы кезінде ондаған зардап шеккен адамның аты-жөні аталды.

Сәтбаевты дүрліктірген оқиға

24 шілдеге қараған түні Сәтбаев қаласында ауыр қылмыс жасалды. Қалалық полиция бөліміне бес жасар қыздың әкесі арызданып, баласының жоғалғанын хабарлады. Осыдан кейін іздеу шаралары басталды. Жергілікті полицияның жеке құрамы тартылды. Жүздеген ерікті қызды іздеуге шықты.

Түнде жоғалған бес жасар қыз белгісіз ер адамның пәтерінен табылды. Бала табылғаннан кейін күдікті тұратын үйдің маңына бір топ адам жиналды. Олар ер адамды өздері жазаламақ болған. Ашулы топ барлық пәтердің есігін қағып, тұрғындардың зәресін ұшырды.

Жиналған жұрт күдіктіні беруді талап етіп, қалалық әкімдікке және полицияға барды. Бірнеше көлік өрттенді. Қалаға ұлттық ұлан күштері кіргізіліп, жағдай бақылауға алынды.

Сәтбаевта 5 жасар қызды зорлаған ер адам изоляторда өлі табылды

Ал 6 қазанда Қарағанды қаласының тергеу изоляторында күдіктінің өлі денесі табылды. Ол өз-өзіне қол салды.

Жаңалықтар
0