Өңірлер

Депутат Түркістан облысы үшін маңызды мәселені көтерді

© Sputnik / Абзал КалиевПредседатель народно-демократической партии "Ауыл", депутат Сената парламента РК Али Бектаев
Председатель народно-демократической партии Ауыл, депутат Сената парламента РК Али Бектаев - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.03.2021
Жазылу
Республика бойынша 100 мың тұрғынға шаққандағы полиция қызметкерлерінің саны 386 болса, Түркістан облысында осы көрсеткіш 185 болып тұр

НҰР-СҰЛТАН, 11 наурыз – Sputnik. Сенатор Әли Бектаев үкіметтен Түркістан облысында полицейлердің санын арттыруды сұрады. Оған алдағы үш жылда 11,3 миллиард теңге қажет болады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Түркістан қаласына қазірдің өзінде жыл сайын 1 миллионнан астам турист келеді. Сонымен қатар, облыс халқының саны 2 миллионнан асып, халықтың тығыздығы жағынан Қазақстандағы ең жоғары көрсеткішке жетіп отыр. Мұның барлығы құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде тиянақты шараларды қабылдауды талап етеді. Өкініштісі, облыста полиция қызметкерлерінің жалпы саны нормативтерден әлдеқайда төмен, әр қызметкердің жүктемесі 2-3 есе жоғары", - деді Бектаев сенаттың жалпы отырысында. 

Ресми мәліметке сәйкес, республика бойынша 100 мың тұрғынға шаққандағы полиция қызметкерлерінің саны 386 болса, Түркістан облысында осы көрсеткіш 185 болып тұр. Тіпті, халық саны жағынан Түркістан облысынан екі есе аз өңірлерде полицияның саны екі есе жоғары. 

"Түркістан облысында полицей санының жеткіліксіздігі этносаралық жанжалға әкеліп соқтыра жаздаған Шорнақ оқиғасы, Арыс қаласындағы оқ-дәрілердің жарылысы, Мақтарал және Төле би аудандарындағы су тасқыны кезінде қатты сезілді. Ал қосымша күштер мен құралдарды басқа өңірлерден көшіру өте көп шығынды талап етеді. Бір мың қызметкерге тәулігіне, шамамен, 39 миллион теңге жұмсау қажет", - деп атап өтті Әли Бектаев.

Бұдан бөлек, Түркістан облысы екі мемлекетпен шектеседі. Өңір арқылы маңызды авто және темір жолдары өтеді. Демек, есірткі трафигін өткізу қаупі де бар. Сондықтан облыста полиция қызметкерлерінің санын арттыру қажет. Осыған байланысты Бектаев үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, аймақта құқық қорғаушыларды арттыруды сұрады. Ол үшін алдағы үш жылда республикалық бюджеттен 11,3 миллиард теңге бөлінуі керек.

Жаңалықтар
0