Өңірлер

Дәрігерлердің үстемақысын "жеген" ондаған басшы жауапқа тартылды

© Sputnik / Абзал КалиевҚолдағы ақша, архивтегі сурет
Қолдағы ақша, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.03.2021
Жазылу
Шымкентте бірқатар медициналық мекеме басшылары 50 миллион теңгенің үстемақысын заңсыз таратты деген күдікке ілінді

НҰР-СҰЛТАН, 12 наурыз – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі медицина қызметкерлеріне арналған үстемақы мен өтемақыны заңсыз иемденген басшылар туралы ақпарат таратты. Тәртіп бұзушылықтар бірнеше аймақта анықталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Агенттіктің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаровтың айтуынша, президенттің тапсырмасы бойынша тексерістер ұйымдастырылған. Нәтижесінде біраз тәртіп бұзушылықтар анықталды. Мәселен, Алматы облысында әскери соттың үкімімен Талдықорған госпиталінің башысы Қолбаевқа 11 миллион теңгенің айыппұлы салынды.

Ол бас медбике Әзімханованың көмегімен Қасанғалиев деген қызметкерге түскен үстемақының жартысын – 1 миллион теңгені пара ретінде алған. Сол үшін еңбек шартын ұзартуға уәде беріпті. Бірақ ол құқық қорғаушылардың қолына түсті. Әзімханова екі жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.

"Ал Жамбыл облысында аудандық аурухананың бас дәрігеріне қатысты іс сотқа жолданды. Ол пандемияға қарсы күреске қатысқаны үшін үстемеақы алған қызметкерлерден 2,7 миллион теңгені жинап алған", – деді Биғайдаров бүгінгі онлайн брифингте.

Шымкентте бірқатар медицина мекемесінің басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу шаралары басталып кетті. Олар 50 миллион теңгенің үстемақысын заңсыз таратты деген күдік бар. Қызылорда облысындағы аудандық аурухана басшылығы да тура сондай күдікке ілінді. Ол жақта 12 миллион теңгенің негізсіз үстемақысына қатысты тексеріс жүргізіліп жатыр.

Оқи отырыңыз: Түркістан облысында пара беріп баспаналы болғандар үйді босатуға мәжбүр

Сол сияқты Ақтөбе облысында да біраз тәртіп бұзушылықтар анықталды. Осыдан кейін Хромтау, Мұғалжар, Алға, Мәртүк, Шалқар мен Темір аудандық ауруханалары, "Шағала" шипажайы, Қарғалы қалалық ауруханасы мен Ақтөбе медициналық орталығының бас дәрігерлері тәртіптік жазаға тартылды. Тексеріс материалдары облыстық әкімдікке жіберілді.

Жаңалықтар
0