Петропавлдағы автобус

Петропавлда қала көшелеріне шыққан жаңа автобустар қайда жоғалып кеткені белгілі болды

62
Жыл басында петропавлдықтар жаңа автобустарға қуанған еді. Алайда бұл қуаныш ұзаққа созылмады, қала ішінде жүйткіп жүрген автобустар жоғалып кетті

НҰР-СҰЛТАН, 1 сәуір — Sputnik. Петропавл тұрғындары қалалық бағдардан жаңа автобустардың жоғалып кетуіне қатысты наразылық білдірді. Су жаңа қоғамдық көліктер қаңтардың басында пайдалануға берілген болатын, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ерте қуандық

Қоғамдық көлік – Петропавлдағы ең көкейкесті мәселенің бірі. Қалалық бағдарда күн сайын 200 автобус жүреді. Олардың басым бөлігінің тозығы жеткен, қыста суық, жазда тыныс тарылтатындай ыстық. Жаз кезінде салдыр-гүлдір еткен машинадан өрт те шықты.

Петропавлда коммуналдық автокөлік кәсіпорны жоқ. Жолаушылар тасымалымен айналысатын қызметтің барлығы жеке қолға берілген. Ал олар автопаркті жаңартуға қаржы жетпей отырғанын алға тартудан жалығар емес. Петропавлдықтардың шағымынан кейін қала билігі тасымалдаушыларға жаңа 100 автобус алып беруге көмектесіп, көліктерді лизингке беруді қолға алды.

Старые автобусы в Петропавловске
© Sputnik / Елена Бережная
Петропавлдағы ескі автобустар

Қаңтардың басында қалаға Қазақстанда құрастырылған "Ютонг" маркалы жеті автобус жеткізілді. Көліктерді тапсыру барысында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов автобустар қолайлы, жылы және сыйымды, заманауи талаптарға сай екенін айтты. Пандемия жағдайын ескеріп, автобус салондарына ауаны дезинфекциялауға арналған ультракүлгін шамдар мен тазалау жүйесі орнатылғанын да тілге тиек еткен болатын.  

Алайда қала тұрғындарының қуанышы ұзаққа созылмады. Бірнеше күн қалада жүрген автобустар Петропавл көшелерінен ғайып болды. Тасымалдаушылар жаңадан жеткізілген автобустар олардың иелігіне тапсырылмағанын және бағдарға шықпағанын айтты. Бұл қымбат техниканың артықшылығы мен кемшілігін анықтауға арналған екі күндік тест-драйв екені белгілі болды. Ал Петропавл әкімі "автобустар міндетті түрде жүретінін және қазір олар техникалық тексеруде" екенін жеткізді.

Жақында әлеуметтік желіде жаңа автобустарды қала аумағынан әкетіп бара жатқан видео пайда болды. Бұл жазба ескі автобуста жүруден әбден мезі болған қала тұрғындарының ашуын келтірді.

Автобустар қайда?

Осы жағдайға байланысты Петропавл әкімдігі түсініктеме берді. Қала әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Бақыт Ілиясовтың айтуынша, елімізде құрастырылған  "Ютонг" маркасының жеті автобусы тест-драйвтан өтпеген. Автобус электроникасындағы ақауларға байланысты Қостанайдағы өндірушіге қайта жөнелтілген.

Новые автобусы в Петропавловске
© Sputnik / Елена Бережная
Петропавлға жеткізілген жаңа автобустар

"Барлық жеті автобус тест режимінде жүрді. Тест барысында бірқатар техникалық ақау анықталды. Оларды жою қажет. "СарыарқаАвтоӨнеркәсіп" компаниясына хат жолданды. Зауыт мамандары Петропавлға келіп жөндеуге тырысқанымен, техникалық ақауларды жою мүмкін болмады. Себебі қалада қажетті мамандандырылған сервис орталығы жоқ. Сондықтан кемшіліктерді түзету үшін автобустарды дайындаушы зауытқа қайтардық", - деді Ілиясов.

Ол мұның барлығы ешқандай ақауы жоқ, ұзақ қызмет ететін автобус сатып алу үшін жасалғанын ескертті. 

"Бірінші партиядағы автобустарда қажетті бағдарламалық жасақтама, жанармай шығынының датчигі, жолаушылар ағынын есепке алатын датчик болған жоқ. Біздің талаптарға сәйкес қоғамдық көліктер ақпараттық монитормен жабдықталуы тиіс болатын. Ол мониторларды осы жақта орнату мүмкін болмады. Сондықтан автобустарды зауытқа қайтаруға тура келді", - деді әкімдік өкілі.

Кетті, бірақ қайтып келем деді...

Ол тиісті конкурстық рәсімдер өткенін және "СарыарқаАвтоӨнеркәсіп" ЖШС-мен келісімшартқа қол қойылғанын айтты. Жақын уақытта 100 автобус сатып алу үшін қаражаттың бірінші бөлігі зауыт шотына жіберіледі. Одан кейін машиналарды дайындаушы зауыт автобустарды партиямен Петропавлға жөнелтеді.

Бақыт Ілиясовтың айтуынша, 2021 жылдың соңына дейін 100 автобус Петропавлға жеткізілуі керек. Алғашқы отыз автобус үш айдың ішінде қалада болады.

Бір автобустың құны шамамен 40 миллион теңгені құрайды. Қала көшелерінің ені мен жүктемесіне қарай түрлі ұзындықтағы автобустар сатып алу қарастырылған. Яғни, 60 машинаның ұзындығы 8,5 метр болса, қалған 40 автобустың ұзындығы 10,5 метр болады.

"Нарықта жұмысқа қызығушылық танытқан тасымалдаушылар ғана қалады. Жаңа автобус сатып алуға құлықсыз тасымалдаушы нарықтан кетеді. Бізде тек ірі тасымалдаушылар жұмыс істейтін болады. Басқа қалалардан да компаниялар келуі мүмкін екенін жоққа шығармаймыз. Тасымалдаушылар ескі техникамен жолаушылар тасымалымен айналыса алмайды", - деді Бақыт Ілиясов.

Айта кетсек, бүгінде Петропавлда қоғамдық көліктің 70 проценті ескірген. Қызмет ету мерзімі аяқталған автобустарды утилизацияға жібереді. Ал орташа жағдайдағы көліктер қала маңы мен саяжай аймақтарында жолаушылар тасымалдау үшін қолданылады.   

Мемлекетке үміт артады

"СҚО Автокөлік одағы" қауымдастығының төрағасы Галина Семенова жаңа автобустардың қымбат болуына байланысты тасымалдаушылардың кейбірі нарықтан кетуге дайын екенін айтты. Алайда көптеген кәсіпкер мемлекет субсидиялау түрінде көмек береді деп үміттеніп отырған көрінеді.

Тағы оқыңыз: "Ол күнді ұмытпаймын": бақылаушылар автобуста болған қызықты оқиғаларды айтып берді

"Автобустарды ешбір тасымалдаушы өз бетінше жаңарта алмайды. Бірақ мемлекет қолдауымен, тиісті кепілмен жұмыс істеуге ниеті бар тасымалдаушылар салада қызмет көрсете береді. Мен де жұмысты жалғастыруға дайынмын. Құсайынов, Айдақов, Рахымов сынды осы салада бұрыннан істеп келе жатқан жеке кәсіпкерлер де бар. Бәлкім, біз өзара жүктемені бөліп алармыз, ол жағын көре жатармыз. Бұл техниканың тасымалдаушыларға берілу шарттарына байланысты болады", - деді Семенова.

Оның айтуынша, екі жыл ішінде Петропавлда техниканың тозуына байланысты қалалық көлік саны 360-тан 190 бірлікке қысқарған. Кейбір тасымалдаушылар машиналарын утилизацияға тапсырып қойған, тағы бірқатар кәсіпкер жақын уақытта утилизациялайды.

Қалада бүгінде 22 бағдар бойынша жолаушылар тасымалы жүргізіледі. Жол ақысы 80 теңгені құрайды. Қала билігі жаңа автобустардың шығуына байланысты тариф қымбаттамайды деп уәде етті.

62
Кілт сөздер:
қоғамдық көлік, автобустар, Петропавл
Тақырып бойынша
Алматыда қоғамдық көлікте бетперде тақпағандарға айыппұл салынады
Павлодарда кондуктор жолаушыны автобустан күштеп түсіріп кетті – видео
Алпыс жыл бойы көлік айдайтын жүргізуші рекордтар кітабына енді
Павлодарда зейнеткерді автобустан күштеп түсірген кондуктор жазаланды
Астанада жексенбі күндері автобус тоқтайды – қозғалыс қашан қалпына келеді
Батыс Қазақстан облысында 800-ден астам киік мүйізі тәркіленді

Батыс Қазақстан облысында 800-ден астам киік мүйізі тәркіленді

41
Күдіктілер 3 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Барлығы 805 киік мүйізі тәркіленді

НҰР-СҰЛТАН, 12 сәуір — Sputnik. Батыс Қазақстан облысында ірі көлемде киік мүйізін сатпақ болған браконьерлер ұсталды, деп хабарлады Polisia.kz.

Полиция қызметкерлері Бөкей ордасы ауданының тұрғындарынан 800-ден астам киік мүйізін тәркіледі. Оның құны шамамен 2 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Тергеу барысында ұсталған адамдардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар екені анықталды.

Оқи отырыңыз: Қазақстанның екі облысында киіктерді қырып тастағандар ұсталды 

Қазіргі уақытта олардың сыбайластары мен мүйіздерді өткізетін орындары анықталуда. Бұл – соңғы жылдары браконьерлерден тәркіленген киік мүйізінің ең ірі партиясы.

"Арнайы операция нәтижесінде Бөкей ордасы ауданының 1982 және 1994 жылы туған үш тұрғынын ұстап, олардан сегіз қапшыққа салынған 805 киік мүйізі тәркіленді. Ұсталған адамдардың айтуынша, олар 2020 жылдың күз мезгілінен бері осы уақытқа дейін өлген киіктердің мүйізін кесіп алып, сақтап келген екен. Олар ҚПК-нің 128-бабына сәйкес уақытқа ұстау изоляторына қамауға алынды", - деп хабарлады облыстың полиция департаменті.

Оларға қатысты Қылмыстық кодекстің 339-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілер 3 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

"Бірқатар сараптама тағайындалды, оның ішінде биологиялық және трасологиялық сараптама да бар. Ұсталған адамдардың қылмыстық әрекетінен келген шығын шамамен 2 миллиард теңге болды", - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта таяу шетелдерде киік мүйізін көтерме бағамен сатып алумен айналысатын адамдарды анықтау үшін жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде.​

Еске сала кетейік, 2021 жылдың ақпан айында Зашаған кентінде 1987 жылы туған азамат ұсталып, одан 219 киік мүйізі алынған болатын.

41
Тақырып бойынша
Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері арнайы операция өткізді - видео
Бұғы мүйізі ер қайратын арттыруға қалай көмектеседі?
Бір үйір аш қасқыр қоршап алған бұлан күтпеген әрекет жасап, сытылып кетті - видео
Бұғы мүйізімен емдеу: Қатонқарағайдағы марал шаруашылығы қолдауға зәру
Теміржол, архивтегі фото

БҚО-да ең қауіпті теміржол өткелінде бір жылда 6 адам қайтыс болды

37
(Жаңартылды 19:49 12.04.2021)
Ақтөбе магистраль желісі бөлімшесі директорының орынбасары Руслан Дәулетов теміржолдың қауіпті аймақ екенін және Орал маңында жаяу жүргіншілерге арналған жер үсті өткелін салу мәселесін көтерді

АЛМАТЫ, 12 сәуір – Sputnik. Батыс Қазақстан облысында ең қауіпті теміржол учаскесі саналатын Орал-Желаев өткелінде 2020 жылы 6 адам қаза тапты. Жыл басынан бері мұнда бір адамды қағып кеткен.

Жергілікті "Мой Город" басылымының хабарлауынша, БҚО әкімдігінде өткен жиында Орал өңірі бойынша Ақтөбе магистраль желісі бөлімшесі директорының орынбасары Руслан Дәулетов теміржолдың қауіпті аймақ екенін және Орал маңында жаяу жүргіншілерге арналған жер үсті өткелін салу мәселесін көтерді.

"Орал-Желаев теміржол өткелінде адамдар жиі жүреді. Бұл үнемі уайымға салатын қауіпті аймақ. Мысалы, биыл пойыздар 12 рет шұғыл тоқтап, бір адамды соғып кетті. 2020 жылы осы өткелде 6 адам көз жұмды", - деді Руслан Дәулетов. Сондай-ақ, БҚО әкімінен осы мәселені шешуді сұрады.

БҚО әкімі Ғали Есқалиев теміржолшылардың барлық қауіпті учаскелерді шолып шыққанын, олардың келешекте қаралатынын айтты.

Сондай-ақ, Ғали Есқалиев кеңес барысында мүгедектердің Орал перронына шығуға мүмкіндігі жоқ екенін айтып, наразылық білдірді.

Жамбыл облысында екі адамды пойыз басып кетті 

"Жер асты мен жер үсті өткелі арқылы перронға жету мүмкіндігі жоқ. Биылға міндет – жақсы жоба жасау", - деп тапсырды облыс басшысы теміржолшыларға.

Руслан Дәулетов жобалаушылар теміржол вокзалындағы жерасты жолына жөндеу жүргізетін жоба дайындайтынын айтты.

37
Тақырып бойынша
Оралда әйелді пойыз басып кетті
Теміржолда тұрған 59 адамды пойыз басып өлтірді
Көкшетауда теміржолды кесіп өтпек болған ер адамды пойыз басып кетті
Шымкентте екі жасар бала пойыз астына түсіп өлді
Газодобывающее предприятие, архивное фото

Еуропаға газды кім жеткізеді: Ресей ме, АҚШ па?

0
Осы жылы алыс шетелге газ экспорттаудан "Газпром" табысы 1,7 есе, яғни 42 миллиард долларға дейін ұлғаяды, деп жазды VYGON Consulting

НҰР-СҰЛТАН, 12 сәуір — Sputnik. Ұзаққа созылған қыс еуропаның газ қоймаларын бос қалдырды. Газ қорының үштен бір бөлігі ғана қалды. Америкалықтар осы мүмкіндікті пайдаланып, көп көлемде сұйылтылған газ ұсынды. Алайда коронавирус дағдарысы Еуропаға мұхиттың арғы жағынан келетін қымбат газға шығындалуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан ресейлік шикізатты сатып алуға тура келіп отыр, деп жазды РИА Новости.

Күзде және қыста еуропалықтар 65 миллиард текше метрден астам газ тұтынды. Бұл он жылдық максимумға тең. Бұл туралы Газпром GasInfrastructureEurope-ке сілтеме жасап хабарлады. Алдыңғы жоғары көрсеткіш 2018 жылы болған. Ол кезде ақпан-наурызда Еуропаны қалыптан тыс аяз бен қар жауып қалды.

Ауа райы биыл да тосын мінез көрсетті. Қаңтарда Газпромға аяз құрсауында қалған Еуропаға жеткізілімдерді шұғыл көбейтуіне тура келді. Компания Германияға 32,4 процентке, Францияға 77,3 процентке, Нидерландыға 21,2 процентке, Италияға 100 процентке әдеттегіден артық газ жіберді.

Сонымен қатар суықтың беті қайтпаған Азияға да экспорт артты. Нәтижесінде нарықта тапшылық пайда болып, бұл споттық бағаның шарықтауына алып келді. Ол бойынша тауарлар, бағалы қағаздар немесе валюта шұғыл жеткізу шарты бойынша сатылады.

Мысалы, Азияда баға кесімі мың текше метр үшін 1 000 доллардан асқан сәт болды. Кейбір мәмілелер 1400 бағасы бойынша жасалды. Еуропада баға 300 доллар болып белгіленді. Ал "Газпромның" 2021 жылға арналған бюджетінде 170 деген баға көрсетілген.

Нәтижесінде алыс шетелге жөнелтілген ресейлік экспорт 19,5 миллиард текше метрге дейін артты. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 46 процентке көп.

Ақпан айында да ауа райы қуанта қоймады. Осы айда үш күн қатарынан еуропалық қоймалар тәулігіне миллиард текше метр жіберіп отырды. 25 наурызға қарай қоймадағы газ қорының көрсеткіші 29 процентке дейін түсті. Германия мен Автрияда – 26, Нидерландыда – 23, Францияда – 17.

Алдағы қыста суықтан қорғану үшін еуропалықтарға өткен жылғыдан 57,3 процентке артық газ өндіру қажет. Бұл 2020 жылы Франция мен Нидерландыға жеткізілген экспорт көлеміне тең. Қоймаларды толтыру бойынша басталған газ өндіру науқаны 2011 жылғыдан кейінгі ең ауқымды шараға айналмақ.

Еуропа нарығындағы ресейлік шикізаттың үлесі 2020 жылы шамамен 33 процентті құрады. Бұл жөнінде "Газпром экспорт" бас директоры Елена Бурмистрова мәлімдеді. Оның айтуынша, "үшінші тоқсанда-ақ экспорт көлемі дағдарысқа дейінгі көрсеткіштен асып түсті". Импорттаушылар алдындағы барлық міндет толық орындалды. Жыл соңына қарай келісімшарт бойынша баға еуропалық хабтардағы споттық бағадан төмен болды. Бұл да қосымша жеткізулерді орындауға ықпал етті.

Еуроодаққа көгілдір отын Ресейден бөлек Норвегия, Катар, Алжир, АҚШ пен Нигериядан жеткізіледі. Басты тұтынушылар – Германия, Ұлыбритания және Италия. Немістер мен ағылшындар ресейлік газды "Солтүстік ағын" құбыры арқылы алып отыр. Басқа амал жоқ. Әрине сұйылтылған табиғи газға ауысуға болар еді. Бірақ ол тым қымбат. Сонымен қатар ол үшін арнайы терминалдар керек. Ал Германияда мұндай техника қарастырылмаған. Сұйылтылған табиғи газ ол елге Бельгия мен Нидерланды арқылы жеткізіледі.

Италия мен Ұлыбританияда қажетті терминал бар. Бірақ олар да құбыржол газынан бас тартуға асығар емес. Сол себепті ресейлік энергия ресурсын сатып алушылар АҚШ-тың "Солтүстік ағын – 2" жобасына қарсы ашқан соғысын қолдамай отыр. Жалпы ресейлік жобаның қарсыластары аз емес. Олардың қатарында Чехия, Польша, Венгрия, Словакия, Румыния, Хорватия бар.

Жалпы Варшава 2022 жылға қарай Ресей газынан бас тартуға дайын екенін бұған дейін мәлімдеген болатын. Поляктар Солтүстік теңізде норвегиялық қайраңдағы Baltic Pipe құбырына үміт артып отыр.

Жалпы дағдарыстың беті әлі қайта қойған жоқ. Ал сұйылтылған табиғи газ баяғыдай құбыржол газынан қымбат болып тұр. Оның үстіне "Газпром" бәсекелестеріне қарағанда өндіріс көлемі мен тәуліктік жеткізу көлемін өте жылдам арттыра алады.

Г.В.Плеханов атындағы РЭУ доценті Александр Тимофеев "Солтүстік ағын" жобасының өзін-өзі ақтауы әлі де нақты болмағандықтан, батысеуропалық бағыт басымдықта тұр деп санайды.

"Ұзаққа созылған қыс сұранысты арттырды. Бұл күзге қарай бағаның қымбаттауына алып келеді", - дейді ол.

Ресей ЖЭК даму мәселелері жөніндегі тәуелсіз кеңесшісі VYGONConsulting пікірінше, осы жылы "Газпром" алыс шетелге жөнелтетін экспорт көлемін 210 миллиард текше метрге дейін арттыра алады. Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 17 процентке, коронавирус дағдарысына дейінгі 2019 жылғыдан 5,5 процентке артық.

Осылайша бірінші тоқсанда "Газпромның" экспорты 30,7 процентке өсті.

"Бұған дейін жабдықтаушы бюджетке мың текше метр газ үшін 170 доллар көлеміндегі бағаны көрсеткенін ескеру керек. Бірақ содан кейін жоспарлар қайта қаралды. Енді орташа жылдық баға 200 доллар деп болжануда. Себебі ұзақ мерзімді келісімшарттар көбіне еуропалық споттық бағаларға тәуелді. Оның үстіне газ бағасы тікелей тәуелді мұнай бағасы да шарықтап кетті. Сондықтан "Газпром" өз тұтынушыларын жоспарының негізді екеніне сендіре алуы әбден мүмкін", - дейді TeleTrade ақпараттық-талдау орталығының бас экономисі Марк Гойхман.

Жалпы газ бағасы жылыту маусымы аяқталғаннан кейін де қымбаттай берді. Қазір нидерландтық TTF (Title Transfer Facility Natural Gas Price Index) хабындағы спотта мың текше метр газ бағасы 252 доллар. Бұл 2018 жылдан бері ең жоғарғы көрсеткіш.

Нәтижесінде осы жылы алыс шетелге газ экспорттаудан "Газпром" табысы 1,7 есе, яғни 42 миллиард долларға дейін ұлғаяды, деп жазды VYGON Consulting. Ал бұл Ресейдің мемлекеттік бюджетіне майдай жағады.

0