АЛМАТЫ, 2 сәуір – Sputnik. Батыс Қазақстан облысында 40 жастағы тұрғынның он күннен бері хабар-ошарсыз кеткені жайлы хабар тарады. Жергілікті полицияның мәлімдеуінше, бұл жайында құқық қорғау органдарына арыз түспеген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Жергілікті "Мой город" басылымының ақпаратына сәйкес, 40 жастағы Райхан Таңжарықова 10 күн бұрын жоғалып кетті. Редакцияға оның туысы хабарласқан. Райхан Теректі ауданы Сарыөмір ауылында тұрады. Наурыз мейрамы қарсаңында ол Оралға келген.
"Оралда әпкесінің үйіне келді. Ол орталық базар аумағында тұрады. Өзімен бірге телефоны жоқ. Бірақ әлі күнге дейін оралмады. Үйден түскі уақытта шығып бара жатқан кезде жұмыстары бар екенін айтты. Бәріміз қайтып келеді деп күттік. Бірнеше күн бұрын полицияға хабарладық. Ол бұған дейін ешқайда кетпеген, жоғалмаған. Ішпейді, еш жерде есепте тұрмайды", – дейді туысы.
Айтуынша, әйелдің күйеуі, үш баласы бар. Кенжесі 2-сыныпта оқиды.
Полицияның сөзінше, әйелдің жоғалып кетуіне байланысты ресми арыз түспеген.
"Ол бұған дейін де үйінен кетіп қалған. Ішімдік ішеді. Күйеуінің сөзінше, бұған дейін де бірнеше рет кетіп қалған. Ресми арыз түскен жоқ, алайда Орал қаласы Абай полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеді. Жақында ғана оны қала дәмханаларының бірінен көргендер бар", – дейді БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібеков Sputnik Қазақстан тілшісіне.
Оқи отырыңыз: Күйеуім қатерлі ісікке шалдыққанымды естіп, хабарсыз кетті – екі баланың анасы
Белгібеков бұл жағдайды туыстық байланыстың үзілуі деп атады.
НҰР-СҰЛТАН, 17 сәуір – Sputnik. Қарағанды облысының полиция департаменті мен ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері Қазақстанның бес облысында синтетикалық есірткі өндіретін зертхана ашқан оннан астам адамды ұстады.
Полицейлердің мәліметінше, қылмыстық топтың басшылары шетелде жүр. Алайда бұл оларға Қазақстанның түрлі облысында заңсыз бизнесті жолға қоюға еш кедергі келтірмеген.
"Бұл зертханалардың ұйымдастырушылары Қазақстаннан тыс жерде жүріп, Қазақстан, Ресей, ТМД мен алыс шет елдердің аумағында психотропты заттарды дайындаумен, сақтаумен, тасымалдаумен және сатумен айналысатын трансұлттық ұйымдасқан топ құрды. Сондай-ақ мессенджерлер арқылы Қазақстан аумағында жұмыс істейтін құрылымдық бөлімшесін басқарумен және үйлестірумен айналысқан",- деп мәлімдеді Қарағанды облысы полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин.
Айтуынша, трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың кураторлары психотроптық заттарды шетелден жеткізу арнасын ұйымдастырған. Оларды сұйық күйінде, автокөлік майы мен алкогольді ішімдік сияқты көрсетіп, майлы радиаторлар мен өрт сөндіргіштердің ішіне құйып логистикалық фирмалар арқылы тасымалдаған.Трансұлттық ұйымдасқан топ қатысушыларынан құрғақ және сұйық түрінде 70 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді. Сонымен қатар есірткі дайындауға пайдаланылатын 3,5 тоннадан аса прекурсор алынды.
Трансұлттық ұйымдасқан топты ұйымдастыру және басқару фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 264-бабы 1 және 2-тармақтары негізінде сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілер, егер кінәсі дәлелденсе, он бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Тергеу жалғасып жатыр.
НҰР-СҰЛТАН, 17 сәуір – Sputnik. Шымкентте 38 жастағы ер адам алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталды.
2021 жылдың 14 сәуірінде Қаратау аудандық полиция басқармасының "102" арнасы арқылы Бурятия Республикасының 63 жастағы тұрғыны шағымданған.
"Ол өз арызында 2017-2019 жылдар аралығында өзінің танысы Қазақстан Республикасы аумағынан полиметалл кенінің сызбасын тауып беремін деп, сеніміне кіріп, алаяқтық жолмен 343 250 000 теңгесін алып, материалдық шығын келтіргенін көрсеткен", - деп жазды Otyrar.kz.
Қаратау аудандық полиция басқармасы Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері Шымкент қаласының 38 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Шымкент қаласының полицейлері азаматтарға абай болуға және бейтаныс азаматтарға ақша бермеуге кеңес береді. Егер алаяқтықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада 102 нөміріне хабарласыңыз.
НҰР-СҰЛТАН, 17 сәуір – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына қасиетті Рамазан айының басталуына орай шет мемлекеттердің басшыларынан және халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау хаттар мен жеделхаттар келіп түсуде, деп хабарлайды Ақорда.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев жеделхатында Тоқаевқа ұзақ өмір, зор денсаулық және оның аса жауапты қызметіне табыс тілеп, бауырлас Қазақстан халқының өсіп-өркендей беруіне ниеттестік білдірген. Сондай-ақ ол екі ел арасындағы қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өткен.
"Екі ел арасындағы тату көршілікке, жақын достыққа, өзара құрметке және қолдау көрсетуге негізделген стратегиялық серіктестік ортақ саяси ерік-жігеріміздің арқасында соңғы жылдары мүлде жаңа деңгейге көтерілгені күмәнсіз. Біздің табысты байланыстарымыз бен ұзақмерзімді серіктестігіміз одан әрі дами беретініне сенімдімін", – делінген Өзбекстан басшысының жеделхатында.
Сауд Арабиясының королі Салман бен Әбделәзиз Әл Сауд және Сауд Арабиясы Корольдігінің тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман бен Әбделәзиз Әл Сауд өздерінің жеделхаттарында Қазақстан президентін қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтап, оған зор денсаулық және бақыт тілеген, сондай-ақ бауырлас Қазақстан халқының одан әрі өсіп-өркендей беруіне тілектестік білдірген.
Тағы оқыңыз: Рамазан-2021: маңызды 10 сұрақтың жауабы
Сонымен қатар Қазақстан президентіне Қатар әмірі Шейх Тамим бен Хамад Әл Тәни, Иордания королі II Абдалла, Оман сұлтаны Хайсам Бен Тариқ, Кувейт әмірі Шейх Наваф әл-Ахмад әл-Джабер Әс-Сабах, Кувейттің тақ мұрагері Мишаль әл-Ахмед әл-Джабер Әс-Сабах, Бахрейн королі Хамад бен Иса Әл Халифа, Марокко королі VI Мұхаммед, Египет президенті Әбдель Фаттах Әс-Сиси, Ирак президенті Бархам Салех, Палестина президенті Махмуд Аббас, Қатар шейхінің орынбасары Абдалла Бен Хамад Әл Тәни және Ислам ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы Юсеф әл-Осеймин өздерінің құттықтау хаттарын жолдады.
Биыл Рамазан айы 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталады. 8 мамырдан 9 мамырға қараған түн – қасиетті Қадір түні.
Пітір садақаның мөлшері жан басына 420 теңгені құрады.