Алматыда тұрғындарды жаппай вакциналау басталды

Алматыда тұрғындарды жаппай вакциналау басталды: ол қалай жүзеге асады

216
(Жаңартылды 13:07 05.04.2021)
Емханаларда таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін вакцина салдыруға болады. Ол үшін алдын ала тіркеледі, тұрғынның өзімен бірге жеке куәлігі болуы қажет

АЛМАТЫ, 2 сәуір – Sputnik. Алматыда екінші сәуірден бастап тұрғындар өз еркімен коронавирусқа қарсы вакцина салдыра алады. Ол үшін қалада 55 орталық жұмыс істеп тұр. Sputnik Қазақстан тілшілері №17 қалалық емханаға барып, вакциналау процесінің қалай өтіп жатқанын біліп қайтты. Сондай-ақ, өздеріне вакцина салдырды.

Енді тұрғындар өзі қалаған емханаға барып, Спутник V вакцинасын салдыра алады.

Вакциналауға алдын ала жазылу керек

Емханаларда таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін вакцина салдыруға болады. Ол үшін алдын ала тіркеледі. Тұрғынның қолында жеке куәлігі болуы қажет.

"Жаппай вакциналау әзірленген тізімге сәйкес басталды. Біз қазірдің өзінде дәрігерлерге, мұғалімдер мен полицейлерге вакцина салдық. Енді басқа тұрғындарға вакцина салуды бастадық", - деді №17 қалалық емхананың бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Виктор Ким.

Оның айтуынша, №17 емханаға 82 мың адам тіркелген. Оларға вакцина салдыруға болатыны туралы хабарлама алдын ала жіберілді.

"Қазір алдын ала сұрап, жазылғандарға екпе егіп жатырмыз. Адам көп жиналып, кезек болмауы үшін бәрін жоспарлы түрде жасаймыз", - деді Виктор Ким.

© Sputnik / Тимур Батыршин
Емханаға адам көп жиналып, кезек болмауы үшін бәрі жоспарлы түрде жасалады

Ол кейінгі бірнеше күнде көптеген қоңырау түскенін, арасынан вакцина салуға ниетті азаматтар тіркелгенін айтты.

"Барлық тұрғынға ескертілді. Вакцина толық жеткізілген кезде жаппай хабарланады. Олар белгіленген уақыт бойынша келеді. Сондай-ақ, емханаға келмей, дәрігер немесе мобильді топты үйге шақыруға болады", - деді ол.

Екпе алуға келген адам көп

Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, бүгін төрт мыңнан астам адам вакцина салдырды.

"Процесс белсенді түрде жүріп жатыр. Соңғы ақпаратты сағат 21:00 - ден кейін хабарлаймыз", - деді ведомствоның баспасөз қызметі.

Расымен де, вакцина салдыру процесі қарқынды жүріп жатыр. Емхана ішінде болған екі сағат ішінде екпе ектіруге келгендер үзілген жоқ. Ең тиімдісі, тұрғындар қай емханаға тіркелгеніне қарамастан, кез келген емханаға барып екпе алса болады.

Соның бірі – Ақнұр Ғұмарова. Ол вакцина салу туралы ақпаратты емхананың сайтынан көрген.

"Вакцина туралы емхана сайтынан оқып-білдім. Одан кейін өзімнің учаскелік дәрігерімнен толық ақпарат алдым. Қандай жағдайда салуға болмайтынын нақтыладым. Содан вакцина салдырамын деп шешім қабылдап, келдім (...) Екі балам бар, оларға да уақытылы вакцина салдырып тұрамын. Себебі бұл жайлы ақпаратым бар. Елімізде, басқа да жерлерде не болып жатқанын көріп жүргендіктен, вакцина салдыруға келдім", - дейді Ақнұр.

© Sputnik / Тимур Батыршин
Екпе жеке кабинетте салынады. Оған 3-4 минут уақыт кетеді. Содан кейін жарты сағат дәрігерлер бақылауында болу қажет

Оның сөзінше, туыстары мен таныстары вакцина салдыру туралы ойынан айнытуға тырыспаған. Әйел өзінің жеке пікірі бар екенін алға тартты.

Елена есімді жергілікті тұрғын коронавирусқа қарсы вакцинаның екі компонентін де салдырған. Себебі ол балалармен жұмыс істейді.

"Жағдайым жақсы. Алғашқы дозадан кейін орны аздап қызарып тұрды. Екі аптадан кейін ізі де қалмады. Дене қызуы көтерілу секілді белгілер болған жоқ. Әркімнің иммунитеті әртүрлі ғой. Балалармен жұмыс істейтіндіктен, вакцина салдырамын деп шештім. Біз мұғалім болғандықтан, баланың өміріне қауіп төндіре алмаймыз. Егер бала біздің кінәмізден ауырып қалса, бұл қылмыс болады", - деді әйел.

Вакцина салу процесі

Вакцина салмас бұрын дәрігерлер тұрғынның дене қызуын, қан қысымын, тыныс алуын, сатурацияны өлшейді. Сонымен қатар қандай да бір дәріге аллергияның бар-жоғын нақтылайды.

Тексеруден кейін пациент құжатқа қол қояды, онда жеке деректерін көрсетеді және барлық ұсыныспен танысқанын және вакциналауға қарсы емес екенін растайды.

Екпе жеке кабинетте салынады. Оған 3-4 минут уақыт кетеді. Содан кейін жарты сағат дәрігерлер бақылауында болу қажет. Егер аллергиялық реакция пайда болса, көмек сол жерде көрсетіледі.

© Sputnik / Тимур Батыршин
Вакцинаның екінші дозасы үш аптадан кейін салынады

30 минуттан кейін науқасты қайта қарайды. Барлығы дұрыс болса, пациент үйіне жіберіледі.

Сонымен қатар дәрігерлер вакцина салған күні аллергияға қарсы супрастин ішуді ұсынды. Оны ұйықтар алдында бір данасын ішу керек. Ал дене қызуы көтерілсе, парацетамол ішуге болады.

Келесі үш күнде емхана дәрігерлері қоңырау шалып, вакцина салдырған адамның денсаулығы туралы сұрайды. Барлық ақпарат тіркеледі.

Вакцинаның екінші дозасы үш аптадан кейін салынады. Тұрғындар вакцинаның бірінші компонентін салдырған емханаға барып салдыруы қажет. Оның алдында пациентке SMS хабарлама келеді. Бір күн бұрын олар емханадан қоңырау шалып, денсаулық жағдайын сұрайды.

Вакцина бәріне жете ме?

Қазақстанда 1 ақпанда азаматтарды вакциналау басталды. Ресейлік "Спутник V" вакцинасы ерікті түрде және тегін салынады. Вакцина 18 жасқа дейінгі балаларға, созылмалы ауру бар азаматтарға, жүкті әйелдерге салынбайды.

Алматыда вакцинаның бірінші компоненті 100% игерілді, барлығы 15 750 доза пайдаланылды. Спутник V екінші компонентімен вакцинация (ревакцинация) 15 сәуірге дейін жалғасады. Сәуірден маусымға дейін қалаға вакцинаның қосымша 750 мың дозасы – ай сайын 250 мың дозасы жеткізіледі деп жоспарланған.

216
Кілт сөздер:
Алматы, вакцина, коронавирус
Тақырып:
Коронавирус эпидемиясы (2247)
Сиыр

Шығыс Қазақстанда сиыр шұңқырға түсіп кетті - құтқару сәтінің видеосы

53
Сиырды құтқару үшін арнайы құралдар қолданылды. Бірнеше адамның үйлестірілген жұмысы нәтижесінде ірі қара мал құтқарылды

НҰР-СҰЛТАН, 11 сәуір - Sputnik. Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары шұңқырға түсіп кеткен сиырды шығарды.  

Бұл жағдай Қатон Қарағай ауданының Үлкен Нарын ауылында болды, деп хабарлайды Semeynews.kz жергілікті сайты.

Жер үйдің айналасында жайылып жүрген сиыр шұңқырға түсіп кеткен. Сиырды құтқару үшін арнайы техника тартылды.

Ол жергілікті коммуналдық кәсіпорын ұсынған тиегіштің көмегімен шығарылды.

53
Кілт сөздер:
Шығыс Қазақстан, сиыр
Тақырып бойынша
Түркістан облысында жоғалған ер адам құдықтан табылды – құтқару сәтінің видеосы
Маңғыстау облысында ағайынды екі бала құдыққа құлап, мерт болды
Ақтауда жылу құбыры жүргізілген құдықтан ер адамның мәйіті табылды
Ақсуда мектеп оқушысы бес метрлік құдыққа құлап кетті
Взрыв газового баллона в Хромтау

Ақтөбе облысында белгісіз зат жарылды: екі әйел жансақтау бөлімінде жатыр

76
(Жаңартылды 20:54 11.04.2021)
Үйде болған адамдар жарақат алды. Олар ауруханаға жеткізілді

НҰР-СҰЛТАН, 11 сәуір - Sputnik. Ақтөбе облысы Ақжар ауылындағы жер үйлердің бірінде жарылыс болды. Салдарынан үйдің бір бөлігі құлап, жеті адам жарақат алды, оның үшеуі балалар.

© Photo : mgorod.kz
Ақтөбе облысы Ақжар ауылындағы жер үйлердің бірінде жарылыс болды

Қайғылы оқиға 11 сәуірде сағат 16.00 шамасында Хромтау ауданы, Ақжар ауылында болған. Бұл туралы mgorod.kz жергілікті сайты Ақтөбе облысының төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

"Олардың барлығы күйік алған. Жарылған газ емес. Ақ зат. Біреу оны үйге алып келген, зардап шеккендер ештеңе айтпайды. Екі әйел жансақтау бөлімінде жатыр. Қалғандары, оның ішінде балалар да бар, күйікпен палатада жатыр", - деп хабарлады Хромтау аудандық ауруханасындағылар.

Оқиғаның мән-жайы анықталуда. 

76
Кілт сөздер:
Ақтөбе облысы, жарылыс
Тақырып бойынша
Теміртаудағы жарылыс: зардап шеккен жұмысшы көз жұмды
Ақмола облысында мектепте жарылыс болды
Ақтауда ауруханада жарылыс болды
Ақсуда кәсіпорын қоршауға алынып, адамдар эвакуацияланды
Нұр-Сұлтан

Қазақстанда 12 сәуірде қандай маңызды оқиғалар болады

0
Sputnik Қазақстан 12-30 сәуірде өтетін негізгі іс-шаралар мен оқиғаларға шолу жасайды (ақпарат толықтырылып отырады)

12 СӘУІРГЕ ЖОСПАРЛАНҒАН ШАРАЛАР

НҰР-СҰЛТАН

09.00 – Үкімет отырысы. Күн тәртібінде Қазақстан республикасының 2021 жылғы қаңтар-наурыз айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы талқыланады. Отырыс PrimeMinister.kz сайтында және әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында онлайн режимде көрсетіледі.

11.00 – "Халықтан заңсыз сақтаулы қару-жарақты, оқ-дәріні және жарылғыш заттарды сатып алу бойынша кезекті акция өткізу туралы" ішкі істер министрлігінің брифингі. Спикерлер: ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Милюк Алексей Казимирович, ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитетінің бөлім басшысы Ыдырысов Асылбек Түлкібекұлы. Брифинг тақырыбы бойынша сұрақтарды 9 сәуір сағат 18:30-ға дейін mvd_pr@mail.ru электронды поштаға немесе 8 705 440-83-65 нөміріне (WhatsApp) жолдауға болады.

11.00 – Елорданың оң жағалауындағы Елбасы кітапханасының музейінде "Адамға табын, жер, енді" халықаралық онлайн көрмесі өтеді. Көрме Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында өткізіліп отыр. Сондай-ақ бұл шара Юрий Гагариннің ғарышқа ұшуының 60 жылдығына және Тоқтар Әубәкіровтың ғарышқа ұшуының 30 жылдығына арналған (Бейбітшілік көшесі, 11).

12.00 - Қазақстан Ғылым қызметкерлері күні Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде "Функционалдық материалдар және нанотехнологиялар", сондай-ақ "Функционалдық материалдарды кванттық-химиялық модельдеу" атты екі инновациялық білім беру-ғылыми зертханасы ашылады. Университеттің 25 жылдық мерейтойына арналған іс-шара ЖОО басшылығы мен физика-техникалық факультетінің ғалымдары және шақырылған профессорлардың қатысуымен өтеді. Өтетін орны: Қажымұқан көшесі 13, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, №3 ғимарат.

БАЙКОҢЫР

"Ғарыштағы алғашқы адамдар" мерекелік концерті. Шараға танымал музыканттар мен актерлер, симфониялық оркестр қатысады. Концерт Байқоңыр ғарыш айлағының №1 ұшу алаңындағы "Гагарин стартында" өтеді.

Концертті Ресей Федерациясының мәдениет министрлігі, Ресей Федерациясы президенті әкімшілігі және адамзаттың алғаш рет ғарышқа ұшуының 60 жылдығын атап өту бойынша ұйымдастыру комитетінің қолдауымен Бүкілресейлік мемлекеттік телевизиялық және радиотарату компаниясымен бірлесіп орыс концерт агенттігі ұйымдастырды. Жобаның көркемдік жетекшісі – ресейлік танымал музыкант Юрий Башмет.

Концерт сценографиясында заманауи айрықша технологиялық құралдар қолданылады. Салтанатты кеште әлемнің түрлі елінен келген танымал композиторлар ғарыш пен жаңа кеңістікті игеруге арналған музыкалық туындыларының таныстырылымын өткізеді.

30 СӘУІРГЕ ЖОСПАРЛАНҒАН ШАРАЛАР

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой есеп беру үшін халықпен кездеседі. Кездесуде министр ведомствоның 2020 жылғы жұмысын қорытындылайды және алдағы жоспарлар жайлы айтады, сондай-ақ азаматтардың сұрағына жауап береді. Есеп беру кездесуі министрліктің ресми сайтында тікелей эфирде көрсетіледі. Министрге сұрақты мына электронды мекенжайға жіберуге болады: s.kopeev@dsm.gov.kz.

Жоспарланған шаралар тізімі ашық дереккөзден алынды. Sputnik Қазақстан іс-шаралардың уақыты мен күнінің өзгеруіне жауапты емес.

0