Өңірлер

Қызылордаға жаңа әкім тағайындалды

© Photo : пресс-служба акимата Сырдарьинского районаГанибек Казантаев
Ганибек Казантаев - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.04.2021
Жазылу
Қызылорда бір апта бойы басшысыз қалды. Алдыңғы әкім сегіз жылдан кейін жұмыстан кеткен болатын

НҰР-СҰЛТАН, 8 сәуір — Sputnik. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ұжымға қаланың жаңа басшысы Ғанибек Қазантаевты таныстырды, деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі. 

"Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда қаласы әкімдігінде өткен актив жиынында жаңа қала әкімін таныстырды. Қазақстан Республикасы президенті әкімшілігі мен Қызылорда қалалық мәслихатының келісімдері бойынша облыс әкімінің 2021 жылдың 8 сәуірдегі өкімімен Қызылорда қаласының әкімі лауазымына Қазантаев Ғанибек Қонысбекұлы тағайындалды", - делінген хабарламада.

Естеріңізге салсақ, бір апта бұрын Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Мәшбекұлы Нәлібаев қызметінен кетті. Ол бұл қызметті 2013 жылдан бастап атқарды. 

Жаңа әкім туралы не білеміз 

Ғанибек Қазантаев 1960 жылы Қызылорда облысында туған. Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын "инженер-құрылысшы" және Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін "мұнай және газ кеніштерін игеру" мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1980 жылы Жалағаш аудандық 9-шы жылжымалы механизацияланған колоннаның мастері ретінде бастаған. Ұзақ жылдар облыстың мұнай саласында еңбек етті. 2013-2019 жылдары Сырдария ауданының әкімі қызметін атқарған.

2019 жылдың қыркүйек айынан бастап энергетика министрлігінің мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекциясының оңтүстік өңіраралық басқармасының басшысы болды.

"Қазақстан Конституциясына 10 жыл", "Қазақстан мұнайына 100 жыл", "Астанаға 10 жыл" мерекелік медальдарымен наградталған. "Құрмет" орденінің иегері.

Жаңалықтар
0