Өңірлер

Қазығұрт ауданында ауыл тұрғындары бас көтерді

© Sputnik / Табылды КадырбековПастухи
Пастухи  - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.04.2021
Жазылу
Шарбұлақтықтар жекеге кеткен жерлерді прокурорлар мен жемқорлыққа қарсы құзырлы орындар түгел тексерсін деп талап қойды

НҰР-СҰЛТАН, 15 сәуір — Sputnik. Түркістан облысында тұтас ауыл жекешеленіп кетті. Қазығұрт ауданына қарасты Шарбұлақ ауылында әкімдікке қарасты жер телімдері кәсіпкерлерге бөлініп кеткен, деп хабарлады КТК.

Ауыл ішін сатқан әкім-қаралар енді мал жайылатын жерлерді гектарлап сатып жатыр дейді тұрғындар.

Шарбұлақ ауылы кезінде Қазығұрт ауданындағы үлгілі ауыл болған. Талай спорт шеберлері мен еңбек ерлері шыққан мекен соңғы 15-20 жылда құлдырап кетіпті. Себебі ауылдық клуб пен спорт үйірмелері жекеменшікке өтіп, ақыры жабылып тынған. Енді тұрғындар көше кезіп, ішімдікке құмартып барады дейді ауыл ақсақалдары.

"Бұл жерден күндіз-түні жастар шықпайтын, спортпен шұғылданатын. Қазір бұлардың барлығы жекешеленіп кетті. Жастардың спортпен шұғылданатын еш мүмкіндігі жоқ. Қазір қайда болса, сонда қаңғып жүр. Бұзақылық жасайды, арақ ішіп, қарта ойнайды. Баратын жер жоқ", - дейді Қазығұрт ауданының тұрғыны Шәкір Нұржігіт.

Басқаны былай қойғанда, қазір Шарбұлақта мал жаятын жер де қалмаған. Халық саны көбейіп жатыр деген желеумен атқамінерлер жайылымдарды сатып жатыр екен. Бірақ ауылда алды 25 жылдан бері жер кезегінде тұрған бірде-бір тұрғынға тегін телім бұйырмапты.

"Әкімдікте туысы бар, жер бөліміне қатысы бар адамдар, жер бөлімінде істейтіндер гектарлап жер алып жатыр. Бізге жер жоқ. Қарапайым адамға жер жоқ. Ауылда неше адам кезекте тұр. Олар барса, "жер жоқ" дейді. Ақшасы бар адамға жер табылады", - деп ашуланды Қазығұрт ауданының тұрғыны Қалжан Елшібаев.

Үй салуға ұлтарақтай жер сұрап жүрген Шарбұлақ ауылының тұрғындары енді жайылым жерінен де айрылып жатыр. Себебі қой мен жылқысын жайып жүрген жер аяқасты мақсаты өзгеріп, үй салуға арналған учаскелер болып шыға келіпті. Мұны жұрт бүгін біліп отыр.  

Шарбұлақ тұрғындары шулап жатыр деген соң аудан басшыларына дейін жетіп келді. Ондаған гектар жайылым жердің мақсатын өзгертіп, жер учаскелеріне бөліп жатқанымыз рас дейді. Тіпті сол телімдердің ауыл тұрғындарының бірде-біреуіне бүгінге дейін тегін берілмегенін мойындап отыр.

"Рас, бес-алты бала-шағасы барлар арызын жазсын. Комиссияда қараймыз, егер инфрақұрылымы сәйкес келсе, жер береміз", - деді Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Тайбек Қалымбетов.

Шенеуніктер жайылым жердің мақсатын өзгеріп тұрғын үй салуға деп бөлгенімен, инфрақұрылымның нақты қашан жүретінін айта алмайды. Ал түгел жекешеленіп кеткен Шарбұлақ ауылындағы жерлерді тексерсе, талай былық ашылатынына сенімді тұрғындар прокуратура мен облыс әкіміне дейін арызды қарша боратпақшы.

Жаңалықтар
0