Күнге қол созған адам, иллюстративті фото

Сәтбаевтағы жаппай тәртіпсіздік: адвокат сотталушылардың жүйкесі сыр бергенін айтты

163
(Жаңартылды 22:55 21.04.2021)
Сәтбаевтағы жаппай тәртіпсіздік ісі бойынша қорғаушылардың бірі сотталушылардың психологиялық жағдайы туралы айтып берді. Олардың кейбірі кәмелет жасына толмаған

НҰР-СҰЛТАН, 21 сәуір - Sputnik. Өткен жылдың шілдесінде болған Сәтбаевтағы жаппай тәртіпсіздік ісі бойынша сотталушылар кінәсін мойындау туралы прокурормен процестік келісім жасайды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сотқа кімдер қатысып жатыр

Жаппай тәртіпсіздік туралы іс Қарағанды облысының кәмелет жасына толмағандар ісі бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр. Себебі оқиға болған кезде үш сотталушы 18 жасқа толмаған болатын. Атап өтсек, желтоқсанда олардың бірі кәмелет жасына толды. Жалпы саны 55 адам, соның ішінде 49 ер адам мен алты әйел сот алдында жауап беруде.

Оқи отырыңыз: Сәтбаевта 5 жасар қызды зорлаған ер адам изоляторда өлі табылды

Сот отырысына судья Кенжебай Ысқақбаев төрелік етуде. Процеске айыпталушы тараптан үш прокурор – Нұрсұлтан Тамабаев, Шыңғыс Нұрдәулетов пен Бекзат Әшімбеков қатысып отыр. 50 полиция қызметкері, 13 азаматтық тұлға, сондай-ақ Қарағанды облысы полиция департаментінің өкілі іс бойынша жәбірленуші ретінде көрсетілген.

Сотталушылар қылмыстық кодекстің 272-бабы "Жаппай тәртіпсіздік" және 380-бабы "Билік өкіліне қатысты күш қолдану" бойынша айыпталып отыр.

Кінәні мойындау туралы келісім

Процесс барысында сотталушылар кінәні мойындау туралы прокуратурамен процестік келісім жасауға дайын екендерін мәлімдеді. Процеске қатысушының бірі – адвокат Гаухар Айтжанова сәрсенбі күні істі қарастыруды жеделдету туралы прокурорларға өтініш білдірді. Сот отырысы онлайн режимде өтіп жатыр, тараптар видеоконференция арқылы байланысып отыр.

Адвокат бұл мәселені аптаның соңынай дейін шешуді өтінді.  

"Мына спорт залда (процеске қатысу үшін сотталушыларды спорт залда жинаған – Sputnik) не болып жатқанын сіздер біліп отырған жоқсыздар. Жағдай ушығып тұр. Балалардың жүйкесі сыр бере бастады. Сіздер оны көріп те, естіп те тұрған жоқсыздар. Мен мұны адвокат ретінде емес, адам, әйел, ана ретінде сұрап отырмын. Сіздердің де балаларыңыз, отбасыларыңыз бар. Бұл өте ауыр. Балалар тоғыз айдан бері осында жатыр", – деді Айтжанова.

Ол қажет болған жағдайда адвокаттар техникалық құралдар, яғни ксерокөшірме мен қағаз бойынша прокурорларға көмек беруге дайын екенін жеткізді.

Бұл өтінішке прокуратура өкілі мемлекеттік айыптаушы процестік келісімді әзірлеуі үшін екі апта уақыт қажет екенін айтты.

"Өздеріңіз білетіндей, бұл іс бойынша 55 сотталушы мен 64 жәбірленуші қатысып отыр. Келісім әрбір сотталушымен жеке жасалады. Осыны есепке алып, бізге екі апта мерзім беруді сұраймыз", - деді прокурор.

Судья Кенжебай Ысқақбаев процестік келісімді әзірлеу және оны сотқа жолдау үшін прокурорларға 5 мамырға дейін уақыт берді. 5-12 мамыр аралығында сот процестік келісіммен танысатын болады.

Сәтбаевтағы тәртіпсіздік

Айыптау актісіне сәйкес, Сәтбаевтағы жаппай тәртіпсіздік бес жастағы қыздың жоғалуынан кейін басталған. 23 шілде күні кешкі уақытта қала полициясына қыздың анасы хабарласқан. Қонаққа келген бала аулаға ойнауға шығып, із-түзсіз жоғалып кеткен. Іздеу шараларына полиция қызметкерлері, жергілікті тұрғындар қатысты.

Әлеуметтік желіде қыз баланың жоғалғаны туралы ақпарат жылдам тарады. Бала жоғалған үйдің жанына адамдар жинала бастады. Полиция қызметкерлері жоғалған бүлдіршінді түнгі сағат бір шамасында көрші пәтерлердің бірінен тапқан. Күдікті ұсталды. Ол уақытта үй ауласына бес жүзге жуық адам жиналды.

Оқи отырыңыз: Сәтбаевта 5 жасар қызды зорлау оқиғасы – жаппай тәртіпсіздіктің хронологиясы

Жиналған жұрт баланың табылғанын естіді. Ал осы уақытта әлеуметтік желіде бүлдіршінге зорлық жасалғаны туралы мәлімет тарап кеткен болатын. Қысқа уақыт ішінде жиналған жұрт қарасы мың жарымға жуықтады. Прокуратура ақпараты бойынша, олардың арасында бұрын қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар, мас адамдар да болған.  

Жиналған азаматтар күдіктіні беруді талап етті, оны өздері жазалағылары келді. Содан соң олар күдікті тұрған пәтерге басып кірді. Алайда құқық қорғаушылар ол кезде ер адамды үйден шығарып үлгерген болатын.

Толқуға қатысушылар одан соң жергілікті полиция бөліміне де барып, қызды ұрлаған қылмыскерді беруді талап етеді. Олар терезені сындырып, қызметтік көліктерге зақым келтірген. Ондаған автокөлікке келтірілген шығын 115 мыңнан 2 миллион теңгеге дейінгі соманы қамтыды.

Сонымен қатар жаппай тәртіпсіздікке қатысушылар полиция автобусын өртеп, полиция ғимаратына тас лақтырғаны белгілі болды.

Ұлттық гвардия сарбаздары оқиға орнына жеткеннен кейін ғана жағдайды тұрақтандыру мүмкін болған.

Күдікті қайда

Қыз баланы зорлау фактісі бойынша күдікті өткен жылдың қазанында Қарағандының тергеу изоляторында өлі күйінде табылды. Оның өз-өзіне қол салғаны белгілі болды. Бүлдіршінді ұрлау және зорлау туралы іс сотқа жөнелтілді. Екі адам сот алдында жауап беруде. БАҚ мәліметі бойынша олар - ерлі-зайыптылар.

163
Кілт сөздер:
қылмыс, зорлау, бала ұрлау
Тақырып бойынша
Алматыда балабақшадан сәби ұрламақ болған әйелге қатысты тың дерек шықты
Қарағандыда 3 жасар баланы өлтірген қаскөй ұсталды – фото
Айзаданың өлімі: жігіт өлер алдында анасына аудиохабарлама жіберген
Абзал Құспан педофилдер үшін өлім жазасын енгізуге қарсы шықты
Иллюстративті фото

Сәтбаевтағы жаппай тәртіпсіздікке қатысқандарға сот үкімі шықты

0
Бұған дейін сотталушылардың адвокаттары сот процесінде туындаған шиеленісті жағдайды ескеріп, істі қарауды тездетуді сұраған

АЛМАТЫ, 14 мамыр – Sputnik. Сот өткен жылы Сәтбаев қаласындағы жаппай тәртіпсіздікке қатысқандарға үкім шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қарағанды облысының ювеналды сотында 55 адамға қатысты іс қаралды. Себебі, тәртіпсіздік кезінде сотталушылардың үшеуі 18 жасқа толмаған еді.

Сот алдына 49 ер адам мен 6 әйел келді. Оларды екі қылмыстық бап бойынша кінәлі деп таныды: 272-бап "жаппай тәртіпсіздік" және 380-бап "билік өкіліне қатысты зорлық-зомбылық".

Процесс барысында сотталушылар өздеріне тағылған айыпты мойындап, прокурордың соттан сұраған жазасына келісті.

14 мамырда судья Кенжебай Ысқақбаев сотталушыларға қатысты жазаны анықтады. Тоғыз адам үш жылға бас бостандығынан айырылды. Тағы 44 сотталушы төрт жылға шартты түрде жаза алды, қалған екі адам бір жарым жыл шартты түрде бас бостандығынан айырылды.

Тұрғындар педофилді беруді талап етті

Сәтбаев қаласында жаппай тәртіпсіздік 2020 жылдың 24 шілдесіне қараған түні бес жасар қызды ұрлап, зорлағаннан кейін басталды. Ашуланған жергілікті тұрғындар өздеріне педофилді беруді талап етті. Алайда, полиция күдіктіні үйден байқатпай алып шықты.

Содан жаппай тәртіпсіздік басталды, жағдай ұлттық ұлан жауынгерлері көмекке келгеннен кейін ғана бақылауға алынды. Оған дейін полиция бөлімшесі, олардың қызметтік көліктері талқандалды. Іс бойынша елуге жуық полиция қызметкері, 13 азаматтық тұлға, облыстық полиция департаментінің бір өкілі жәбірленуші ретінде қатысты.

Оқи отырыңыз: Сәтбаевтағы жаппай тәртіпсіздік: адвокат сотталушылардың жүйкесі сыр бергенін айтты

Ал қызды зорлады деген күдікке ілінген ер адам сотқа дейін тергеу изоляторында қаза тапты. Ол өз-өзіне қол жұмсағаны хабарланды.

0
Кілт сөздер:
Сәтпаев қаласы, педофил
Тақырып бойынша
Қырғызстанда жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болған экс-депутат ұсталды
Алматыда жаппай вакциналау қайта басталады – денсаулық басқармасы мерзімін атады
Қордайдағы жаппай тәртіпсіздік: бір адам тергеу изоляторында қайтыс болды
Түркістанда жаппай төбелестен соң қылмыстық іс қозғалды – видео
Сәтбаевтағы жаппай тәртіпсіздік: 54 адамға қатысты сот басталды
Полиция автокөлігі

Педофилдер туралы хабарлама Шығыс Қазақстан полициясын әбігерге салды

571
Полиция өңір тұрғындарын шошытқан хабарламаны жоққа шығарып, оның Шығыс Қазақстан облысына еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді

АЛМАТЫ, 14 мамыр – Sputnik. Полиция Шығыс Қазақстан облысында "педофилдер тобы" бар екені туралы ақпаратқа түсініктеме берді.

Өйткені, Өскемен тұрғындары мессенджерде педофилдер туралы әртүрлі хабарлама ала бастаған, деп хабарлады жергілікті YK-news.kz басылымы.

"Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды және Шығыс Қазақстан облысына қатысы жоқ", – деп хабарлады облыстың полиция департаменті.

Сондай-ақ полиция тұрғындарды жалған хабарламаларға сенбеуге шақырды.

Айта кетейік, жақында Қарағандыда азғындық жасады деген күдікпен 55 жастағы ер адам ұсталды. Ол өңірде жоғалып кеткен кәмелетке толмаған қызбен бірге адам тұрмайтын үйден табылған болатын. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Оқи отырыңыз: Президенттің атынан жалған ақпарат таратылып жатыр - Тоқаевтың баспасөз хатшысы

571
Кілт сөздер:
ШҚО, жалған ақпарат, педофил
Тақырып бойынша
"Жалған ақпарат": министр 13,5 млрд доллар туралы жазған блогерлерге жауап берді
"Төбеңнен қойып қалады": әртістер жалған ақпарат тарағанда қандай күйде болатынын айтты
"Фотоға түсіріп, айыппұл салады": әлеуметтік желіде тағы бір жалған ақпарат тарады
Не себепті мұндай жалған ақпарат тарағанын білмеймін – Бекшин
"Тойды ұйымдастырған мен емес": Марат Омаров жалған ақпарат таратқандарды іздеп жатыр