Бұқар Жырау тұрғын үй кешені

"Мені қауіпті жермен өткізіпті": Алматы тұрғыны полицияның жұмысын сынға алды

827
(Жаңартылды 17:01 26.04.2021)
Қанат Қазбек "Бұқар жырау" кешенінде жүргізілген операцияға жауапты полиция басшылығына сөгіс жариялау керек деген пікірде

НҰР-СҰЛТАН, 26 сәуір — Sputnik. "Бұқар жырау" кешенінің тұрғыны Қанат Қазбек күш құрылымдары атыс кезінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етпегенін мәлімдеді.  

"Полицейлердің жұмысы өте нашар ұйымдастырылды. Қарбалас сәт 12-нің кезінде басталды. Тәртіп сақшылары Бұқар жырау даңғылы жақтан келетін жаяужол мен ауланы жауып тастаудың орнына Шагабутдиновті ғана қоршап қойды. Басында адамдар бірнеше сағат бойы аулада емін-еркін жүрді. Түстен кейін ғана аулаға кіруге тыйым салынды. Соны бірден істеуге болады ғой", - деп жазды Қазбек әлеуметтік желідегі парақшасында.

Алматы тұрғынының айтуынша, халық оқ атқан ер адамның терезесін де, өзін де фотоға түсіріп, желіде жан-жаққа таратқан. Снайперлерді шақырғанда оны оп-оңай атып түсіруге болатын еді дейді. Бірақ арнайы жасақтың сарбаздары үйге кіріп, қылмыскерді ұстауға тырысып, біраз уақыт келіссөз жүргізген. Ал полицияға оқ жаудырған ер адамның аулада жүрген адамдарды да аямайтыны анық.

"Сол кезде үйден шыққан едім. Полицейлердің рұқсатымен аула арқылы өттім. Сонда мені қауіпті жермен өткізіпті, оқ тиіп кетуі мүмкін еді. Мен ештеңе білмедім. Ал полицейлер біліп тұрып, ауламен өтуге рұқсат берді", - дейді Қазбек.  

Оның ойынша, арнайы жасақ шатырдан пәтерге немесе көрші пәтердің терезесіне түсе алады. Бірақ олар атыс шығарған ер адамның терезеден секіргенін күткен тәрізді. Ал қылмыскер көрші үйдің терезесіне немесе далада жүрген жолаушыларға оқ жаудырса, зардап шеккендердің саны артатын еді.  

"Иә, арнайы жасақтың сарбазы да біреудің баласы, олар да өз өмірін қатерге тіге алмайтын шығар. Бірақ халықты қорғай алмасаң, ондай құрылымға барудың қажеті қанша? Салық төлеушілердің есебінен жалақы не үшін төленеді? Демек тәртіп сақшылары өз қызметін дұрыс атқарып жүрген жоқ. Бейбіт митингілерге шыққан әйелдер мен әжелерді қудалап, автозактарға тығу жеңіл болып тұр", - деді Алматы тұрғыны.

Оқи отырыңыз: Алматыда күзетшіні атып, терезеден секіріп өлген ер адам Ресей азаматы болып шықты 

Оның пікірінше, осы операцияға жауапты полиция басшылығына сөгіс жариялау керек. Шабуылдаушы топтардың жаттығу базасын дайындау қажет. Әйтпесе осы іспетті жағдайлар елдің қорғаныс жүйесіндегі ақаулықтың бар екенін айқын көрсетіп отыр.   

Алматыдағы атыс

Айта кетейік, өткен сенбі, 24 сәуірде қаруланған ер адам алдымен "Бұқар жырау Тауэрс" тұрғын үй кешені күзетшісінің аяғына оқ атты. Одан кейін ол 17-қабаттағы өз пәтеріне кіріп, бекініп алды.

Полиция 9 сағат бойы күдіктіні құрықтауға тырысты. Кейін белгілі болғандай, құқық қорғау органдарының қыметкерлері 6 сағат бойы ер адаммен келіссөз жүргізген. Полиция тіпті оның таныстарын да бұл процеске қатыстырған. Алайда ер адам ешқандай талап қоймаған және өз әрекетінің себебін де жария етпеген.

Полиция департаментінің дерегінше, құқық қорғау қызметкерлері адам өміріне қауіп төндірмейтін қаруларды (жарық-дыбысты, жарық-шулы гранаталар) қолданған.

Баспалдақ алаңына қарай шамамен 30 рет оқ атқан ер адам терезеден секіріп көз жұмды. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

827
Тақырып бойынша
"Бетіне түкірді": атыс болған үйдің қызметкері секіріп өлген ер адам туралы айтты
Алматыда полициямен атысқан ер адам 17-ші қабаттан секіріп кетті
Полиция оқ жаудырған ер адамды неліктен ұзақ уақыт бойы ұстай алмағаны белгілі болды
"Сөзбен жеткізе алмай отырмын": атыс болған үйдің тұрғыны көршісі жайлы айтты
Алматыдағы атыс: "Бұқар Жырау" тұрғындарының зәресін ұшырған оқиға қалай өрбіді - фото
Ыстық ауа райы

36 градус ыстық және жел: ертең ауа райы қандай болады

1136
(Жаңартылды 21:17 15.05.2021)
Қазақстанның бес облысында дабылды ескерту жарияланды

НҰР-СҰЛТАН, 15 мамыр - Sputnik. Синоптиктер республиканың басым бөлігінде ауа райы ашық болады деп болжайды. Бес облыста дабылды ескерту жарияланды.

Дабылды ескерту

Атырау облысында оңтүстік-шығыстан жел соғады, кей жерлерде секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Түстен кейін 36 градусқа дейін қатты ыстық күтіледі.

Солтүстік Қазақстан облысында секундына 25 метрге дейін жел күшейеді.

Павлодар облысында кей жерлерде найзағай ойнап, секундына 20 метрге дейін жел күшейеді.

Қостанай облысында 35 градусқа дейін қатты ыстық болады деп болжануда.

Жексенбіде Қызылорда облысында кей жерлерде шаңды дауыл күтіледі, жел секундына 15-20 метрге жетеді.

Мегаполистегі ауа райы

Нұр-Сұлтанда күн бұлтты, жаңбыр жаууы мүмкін. Ауа температурасы түнде плюс 10-12, күндіз 27-29 градус ыстық. Желдің жылдамдығы секундына 9-14 метрді құрайды.

Алматыда күн бұлтты, жауын-шашын болуы мүмкін. Ауа температурасы түнде 7-9 градус, күндіз 19-21 градус ыстық.

Шымкентте күн ашық. Желдің екпіні секундына 13 метрге дейін жетеді, ауа температурасы түнде плюс 14-16, күндіз 27-29 градус ыстық болады.

1136
Кілт сөздер:
Қазгидромет, ауа райы
Улицы Шымкента

Шымкентте карантин талабы өзгерді жаңа қаулы шықты

130
Мегаполистегі карантин және шектеу шаралары 16 мамырдан бастап эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін ұзартылды

НҰР-СҰЛТАН, 15 мамыр - Sputnik. Шымкент қаласының бас санитар дәрігері Әбдіманап Төлебаев жаңа қаулыға қол қойды. Оған сәйкес мегаполис аумағында коронавирустың таралуына байланысты енгізілген шектеу шаралары ұзартылады.

"Шымкент қаласында карантин режимін және коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу жөніндегі шектеу шаралары 2021 жылдың 21 мамырынан бастап эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін ұзартылсын", ​​- делінген құжатта.

Қала тұрғындары мен қонақтарына адам көп жиналатын кез-келген іс-шараларды өткізуге тыйым салынған.

Оқи отырыңыз: Вакцина салдырмағандарға талап өзгерді – Қызылордада жаңа қаулы жарияланды

65-тен асқан адамдардың жүріп-тұруына шектеу қойылады. Көшеде және қоғамдық орындарда әлеуметтік арақашықтық пен маска режимін сақтау керек.

Құжаттың толық мәтінін мына жерден оқуға болады.

130
Кілт сөздер:
Шымкент, карантин, шектеу
Тақырып:
Төтенше жағдай және карантин