Өңірлер

Ақтөбе тұрғыны босанған келіншегін перзентханадан емес, мәйітханадан тапты

© Sputnik / Табылды КадырбековРука человека
Рука человека - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.05.2021
Жазылу
Жағдайды білуге келген марқұмның туыстарын перинаталды орталық директоры тәртіп сақшыларының көмегімен перзентханадан қуып шығуға тырысқан

НҰР-СҰЛТАН, 21 мамыр – Sputnik. Ақтөбеде перзентханада қайтыс болған келіншектің туыстары шу шығарды. 30 жастағы Аймира Атшыбаеваның бала босанамын деп бақилық болғанын дәрігерлер дер кезінде жақындарына естіртпеген. Тек, денесі мәйітханаға түскенде ғана аман туылған шақалақтың анасынан айырылып қалғанын біліпті, деп хабарлайды КТК арнасы.

Ал келіншектің өліміне не себеп болғанын айтудан мамандар қашқақтап жүрген. Тіпті, қайғылы жағдайдың себебін сұрай барған қаралы отбасының мүшелерін перинаталдық орталықтың директоры қуып шықты.

Марқұм Аймира Атшыбаева соңғы рет перзентханада жұбайына хабарласып, қиналып жатқанын айтыпты. Мұны естіген бойда күйеуі орталыққа жеткенімен, дәрігерлер түн жарымына дейін оны ішке кіргізбей қойған. Тек, есікті теуіп кіргенде ғана әйелінің мейітханада екенін айтқан.

"Қиналып жатырмын деп жазып жіберген. Содан кейін телефоны сөндірулі болды. Біз деген сағат алтыдан бастап перзентхананың алдында жүрдік. Сағат түнгі 11-12-лерде есікті әрең ашып, іште күтіп отырдық. Содан соң барып өмірден өткенін айтты", – дейді марқұмның жұбайы Алтынбек Жұмағазиев.

Былтыр ғана тұрмысқа шыққан Аймираның бұл алғашқы жүктілігі. Тоғыз ай бойы тұңғышын көтеріп жүргенде денсаулығына қатысты еш шағым болмапты. Тек, босанар уақытынан күні асып кеткен. Перзентханаға бірнеше рет келгенімен, дәрігерлер оны кері қайтарып отырған.

"Тұңғышын босанайын деп тұр. Дәрігерлер нәрестесі ірі екенін біліп тұр. Уақыты өтіп кетті. 41-ші апта. Ол деген екі жеті, 14-17 күн асып кеткен босануына. Дәрігерлер сол уақыттан бері не бітіріп отырды? Ол осы уақытқа дейін перзентханаға 5-6 рет түскен", – дейді марқұмның әпкесі Әлия Атшыбаева.

Келіншек аман-есен өзі босанып, ұл туады. Бірақ сәбидің жолдасы шықпай, жарты сағат өткен соң қан кетіп қайтыс болған. Оның өліміне не себеп болғанын білмек болған туыстарын дәрігерлер перзентханаға жолатпай қойды. Тіпті, перинаталды орталықтың директоры тәртіп сақшыларын шақырып, қуып шықпақ болды.

Ақыры айқаймен далаға шыққан перзентхана басшысы ешкімге көңіл айтпастан, келіншектің бала көтерерден бұрын пневмониямен аурығаны қан кетуіне себеп болды деп отыр. Сондықтан жатыры жиырылмай қалған көрінеді.

"Кесір тілігін жасауға ол кезде көрсеткіш болмады. Әйелдің өзі жақсы босанды. Негізі жатыры жиырылмады. Жиырылмағасын қан кетті", – деді Ақтөбе облысы перениталдық орталығының директоры Асхат Балықов.

Ал қайғылы хабарды неге 3-4 сағаттан кейін естірттіңіз деген сауалға ол дәрігерлердің өзі ес жия алмай қалғанын алға тартып, жауап берді.

Марқұмның жақындары келіншектің дәрігерлердің салғырттығынан қайтыс болғанына сенімді. Енді олардың үстінен іс қозғап, сотқа бермекші.

"Осыған кінәлі, кеше ғана дүниеге келген сәбиін анасыз қалдырып кеткен, қалдыруына себепші болған барлық дәрігерлерді заң бойынша жазалауын сұраймын. Мен соған дейін барамын", – дейді марқұмның әпкесі Бақытгүл Атшыбаева.

Оқи отырыңыз: Қостанайда үш балалы отбасы мәйітхана ғимаратында тұрып жатыр

Облыстық перинаталды орталық директоры Асхат Балықов аталмыш оқиғадан соң бірден қызметінен кетті. Бұған дейін жақында ғана осы перзентханада тағы бір ана туу кезінде қайтыс болған. Енді комиссия құрылып, келіншектің өлімінің себебін зерттейді.

Жаңалықтар
0