Экономика

Павлодарда жарты ғасырлық тарихы бар наубайхана жабылды

CC0 / Z O / pixabay.com / Нан
Нан - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.05.2021
Жазылу
Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Олег Крук наубайхана нарықта қалыптасқан бәсекеге шыдас беруі екіталай деп санайды

НҰР-СҰЛТАН, 21 мамыр – Sputnik. Павлодар нан-тоқаш өнімдері зауытының басшылығы кәсіпорынның қызметін тоқтатты. Бұл туралы Sputnik Қазақстанға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы қайта өңдеуді дамыту және кооперацияны дамыту бөлімінің бастығы Төлеген Көшербаев айтты.

"Біз нан-тоқаш өнімдерін өндіру саласындағы кәсіпорын қызметін тоқтату туралы хат алдық. Ол жерде кәсіпорынды жалға беру немесе оны сату мәселесімен айналысып жатқандығы айтылған. Ал нақты қандай шешім қабылдайтыны әзірше белгісіз", – деді Көшербаев.

Күні кешеге дейін Павлодар тұрғындарының көпшілігі "Семиреченский" қалыбындағы нанды тұтынып келген. Соңғы кездері дүкен сөрелерінде нанның осы түрі сиреп кетті. Ал мамыр мерекесінің қарсаңында әлеуметтік желілерде зауыт жабылып жатыр деген хабарлама тараған.

Сол кезде осы мәселеге қатысты жағдайды түсіндірген Павлодар нан зауытының директоры Виталий Сартаков: "Холдинг тарапынан бізге ресми хабар түскен жоқ, тек ауызша ескертілді. Бұл кәсіпорынның қаржылық әлеуетіне байланысты қалыптасқан жағдай", – деген.

Ал Көшербаевтың айтуынша, зауыттың өнімділік үлесі 5-6 проценттен аспаған.

"Кеңес заманында ол тек Павлодарды ғана емес, қала маңындағы аудандарға, сондай-ақ Екібастұз бен Ақсу қаласына да нан жеткізіп тұрды. Бірақ кәсіпорын ескі жабдықтармен жұмыс істегендіктен, өнім шығару үнемі төмен болды. 1 мамырдағы жағдай бойынша аталған кәсіпорын 130 адамды жұмыспен қамтыған", – деп түсіндірді ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі.

Бұған дейін Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Олег Крук Sputnik-ке зауыт қызметкерлері жұмыссыз қалмайтынын айтқан.

"Қалай болғанда да, біз ешкімді де жұмыссыз қалдырмаймыз. Бірақ егер наубайхана нарыққа оралуға шешім қабылдаса, бәсекеге шыдас беруі қиын болады", – деді ол.

Оқи отырыңыз: Дәрігер қандай нан денсаулыққа зиян екенін айтты

Айта кетейік, Павлодар нан-тоқаш өнімдері зауытының жарты ғасырдан астам тарихы бар. Ол 1958 жылы №1 наубайхана негізінде құрылды. Наубайхана осы кезге дейін нан мен нан-тоқаш өнімдерінің сан түрін шығарып келді.

Жаңалықтар
0