Өңірлер

Кәсіпкер тұтас бір ауылды қарызға батырып кетті – халық 145 миллион теңге төлеп жүр

© Sputnik / Андрей Архипов / Медиабанкке өтуУмирающая деревня
Умирающая деревня - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.06.2021
Жазылу
Фермер алдымен әрбір адамды кредит алуға көндірген, артынан банкрот болдым деп шыға келіпті. Енді ауыл тұрғындары өз ақшасын ала алмай жүр. Банк есепшоттарын бұғаттап тастаған

НҰР-СҰЛТАН, 24 маусым – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысындағы Макеевка ауылының тұрғындары бір фермердің кесірінен банктерге 145 миллион теңге қарыз болып қалған, деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.

Ауыл тұрғыны Елена Проскурякова шошқа фермасында жұмыс істейді. Бірақ жалақысының бір бөлігін ғана алады, қалғанын басқа біреудің кредиті үшін ұстап қалады. Бұған дейін Проскурякова шаруа қожалығында жұмыс істеген. Соның иесі 3 миллион теңгенің кредитін рәсімдеуге көндірген. Кәсіпкер бәрін өзім төлеймін депті. Бірақ сөзінде тұрмады. Енді қарызды Еленаның өзі төлеп жүр. Жақында оның жолдасы қайтыс болды. Жерлеу рәсіміне ақшаны әрең тапқан. Енді ұлының көзіне ота жасау қажет.   

Еленадан бөлек тағы 30 адам пысықай фермерге алданып қалған. Олардың ішінде зейнеткерлер де бар. Ауылдың тағы бір тұрғыны Ольга Толмачеваның айтуынша, кредит құжаттарын толық көрсетпеген. Әрбір адамның қолтаңбасын алып, тайып тұрған.

"Біз ақшаны көрген де жоқпыз, алған да жоқпыз. Бәріміз асханаға кезек-кезек кірдік, алдымызға қағаз қойды. Сосын әрбіреуін ашып, мына жерге аты-жөніңізді және қолыңызды қойыңыз деді. Барлық адам қол қойды. Артынан әрқайсымызға үш миллион теңгенің кредитін іліп кеткенін білдік", - дейді Толмачева.

Кәсіпкер құжаттарға қол қойғаны үшін қосымша 150 мың теңге беремін деген. Оған сеніп қалған адамдар өз туыстарын да шақырған көрінеді.

"Мен келінімді тарттым. Оның үш баласы бар. Қызымды да шақырып алдым. Үлкен шаруашылығы бар, кредитті өздері төлейді деп айттым", - дейді Нұрзипа Насимолдина.

Ауыл тұрғындары бірнеше инстанцияға арыз жазды. Бірақ адвокат жалдауға ақшасы жоқ. Қазіргі кезде оларға құқық қорғаушы Татьяна Дерябина көмектесіп жүр. Оның апасы да фермерге алданып қалған. 

"Бір айдың ішінде екі тергеуші ауысты. Бұл мәселе әлі ұзаққа созылатын сияқты. Кредиттердің жалпы сомасы 145 миллион теңгеден асады. Ал ауыл тұрғындарын алдап кеткен фермердің жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар. Қиындыққа тап болғаны көрінбейді, өз кәсібін дөңгелетіп отыр", - деп атап өтті Дерябина.

Ауыл тұрғындары барлық мал-мүлкін сатса да, кредитті жаба алмайды. Оның арты қылмыстық жауапкершілікке апаруы мүмкін. Жергілікті билік те қауқарсыз. 

"Біз оларға көмектесе алмай отырмыз. Есепшоттарын бұғаттап тастаған. Зейнетақы мен жалақыдан ақша ұстап отыр. Қарыздың көлемі әжептәуір. Көмек беруді сұраймыз", - дейді Өскемен ауылдық округінің әкімі Оксана Қарабалинова.

Ал полиция департаменті фермерге қатысты қылмыстық істің қозғалғанын хабарлады. Алайда тергеу мүддесіне сәйкес, істің мән-жайы ашылмай отыр. Татьяна Дерябинаның айтуынша, екі жыл өтіп кетсе, қылмыстық істі жауып тастауы мүмкін. Ал кредитті төлеуге тура келеді.

Жаңалықтар
0