Өңірлер

Жамбыл облысы әкімдігі дауыл кезінде көз жұмған бозбаланың отбасына көмектеседі

© SputnikТаразда дауыл тұрып, тұрғындарды әбігерге салды
Таразда дауыл тұрып, тұрғындарды әбігерге салды - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.11.2021
Жазылу
17-18 қарашадағы дауыл Жамбыл облысында үйлерді, газ құбырын, электр желісін зақымдады

АЛМАТЫ, 23 қараша – Sputnik. Жамбыл облысында өткен аптада болған дауыл салдарын жою мәселесі өңір әкімдігінде талқыланды.

Облыс әкімі Жамбыл ауданындағы дауыл кезінде қаза тапқан жасөспірімнің отбасына көмек көрсетуді тапсырды.

Бұған дейін 17 жастағы бозбала қатты жел болған кезде шатырдан құлап қайтыс болғаны хабарланды. Барлығы 51 адам медициналық көмекке жүгінген.

Жамбыл облысы бойынша төтенше жағдай департаментінің басшысы Ермек Момбаевтың айтуынша, Тараз қаласы, Сарысу, Талас, Жуалы, Байзақ, Шу, Тұрар Рысқұлов, Мойынқұм аудандарында желдің жылдамдығы секундына 26-38 метрге жеткен. 

Өңірде 137 елді мекенде 53 840 абонент жарықсыз қалды. Дауыл салдарын жою үшін "Жамбыл электр желілері" ЖШС-нің 53 бригадасы, 49 арнайы техникасы жұмылдырылды. Қазір барлық нысанда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, электр желісіне қосылды.  

Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында қатты жел ағаштарды құлатып, үйлердің шатырын ұшырды - видео 

Тараз қаласының 57 көпқабатты тұрғын үйі мен 8 әлеуметтік нысанын жылумен қамтамасыз ететін "Таразтрансэнерго" МКК 5 қазандығының электр желілерінің зақымдалуына байланысты баламалы электр энергия көздеріне қосылды.  Қаратау қаласындағы "Игілік" МКК қазандығы шұғыл түрде "KEGOС" АҚ желісіне ауыстырылды, бір сағат ішінде электр энергиясын беру жаңартылды. Байзақ, Жамбыл және Жуалы аудандарында әлеуметтік нысандардың қазандықтары резервтегі электр желісіне қосылған, жылу беру тоқтатылған жоқ. Қазір барлық қазандық қалыпты жұмыс істеп тұр.

Дауыл 6,5 км газ құбырына зақым келтірді. Барлық учаске қалпына келтіріліп, 545 абонент газға қосылды.

Таразда 107 көпқабатты тұрғын үйдің шатыры, Жаңатаста 2 көпқабатты үй, Талас ауданы Ақкөл ауылында 1 көпқабатты үй, барлығы 78 әлеуметтік нысан зақымдалған.  Сонымен қатар Таразда 66 жеке үй, Талас ауданында – 71 үй, Байзақ ауданында – 185 үй зардап шекті.

Қазір зардап шеккен нысандарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құлаған ағаштар жолдар мен тротуарлардан тазартылды.

Бердібек Сапарбаев әкімдерге өз күшімен, демеушілерді тартып, аз уақытта барлық зардап шеккен нысанды қалпына келтіруді тапсырды.  

Мектептерде қалпына келтіру жұмыстары мердігерлер есебінен жүргізілуге тиіс, деп атап өтті әкімдік.

Жаңалықтар
0