Алматыдағы жаппай тәрпісіздіктер - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.05.2022
Қаңтар оқиғасы
2022 жылғы қаңтарда Алматы қаласы мен басқа да өңірлерде болған жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты материалдар

Тәртіпсіздіктер кезінде Жамбыл облысында 7 мемлекеттік ғимарат бүлінді

© Sputnik / Ақмарал ШағатайТараз қаласы, 6 қаңтар
Тараз қаласы, 6 қаңтар - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.01.2022
Жазылу
Шығын мөлшерін есептеу бойынша арнайы комиссия құрылды. Алдын ала есептеулер бойынша жалпы облысқа келген шығын көлемі шамамен 7,6 миллиард теңге
АЛМАТЫ, 13 қаңтар – Sputnik. Жамбыл облысында тәртіпсіздіктерден кейінгі шығын көлемі шамамен 7,6 миллиард теңгені құрайды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Жамбыл облысы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыс бойынша 7 мемлекеттік ғимарат зардап шеккен. Олар: облыс әкімінің аппараты, Nur Otan партиясының облыстық және Шу ауданындағы филиалы, облыстық полиция департаменті, қалалық 3 полиция бөлімі.
Сондай-ақ, 149 қызметтік автокөлік, 4 бизнес нысаны зардап шеккен.
Шығын мөлшерін есептеу бойынша арнайы комиссия құрылды.
"Қазір зардап шеккен әкімшілік нысандарды қалпына келтіру жұмыстарына 35 арнайы техника, 680 жұмысшы тартылған. Жұмыстар биыл ақпанның соңына дейін толығымен аяқталады деп жоспарланып отыр", - делінген ақпаратта.
Бұған қоса, облыс аумағында автокөлік, әуе, темір жолдары ашық. Коммуналдық қызмет көрсету мекемелері штаттық режимде жұмыс істеп тұр, сұйық отын қоры жеткілікті.
Медициналық мекемелер, азық-түлік дүкендері, базарлар мен жанар-жағармай құю бекеттері қалыпты режимде жұмыс істеуде.
Айта кетері, облыста төтенше жағдай енгізілген. Кешкі 23:00-ден таңғы 7:00-ге дейінгі аралықта коменданттық сағат енгізілген. Теміржол вокзалында 23.00-ден кейін пойыздан түсетін жолаушыларды арнайы кезекші автобустар тасымалдайды.
Облыста терроризмге қарсы операция жалғасып жатыр. Облыс бойынша 36 блок бекет жұмыс істеп тұр, оның ішінде Тараз қаласының кіру-шығу жолдарына 13 блок бекет қойылған. Барлық көлік тексеріліп жатыр.
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында облыс бойынша 2000-нан аса құқық қорғау органдарының қызметкері жұмылдырылған. Теміржол вокзалы, әуежай, әскери қоймалар, Қордай ауданы Отар әскери қалашығындағы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ аумағын әскерилер күзетіп тұр.
Айта кетері, бұған дейін облыс бойынша тәртіпсіздік кезінде 200-ден аса құқыққорғау қызметкері түрлі дене жарақатын алғаны хабарланды. Жаппай тәртіпсіздікке қатысушылардың жалпы саны шамамен 2 мыңнан асады, қазір олардың 400-ге жуығы ұсталған.
Жаңалықтар
0