Қоғам

Ораза – жан мен тән тазаратын үлкен сабыр мектебі

© AFP 2024 / Kirill KUDRYAVTSEVМечеть Нур-Астана, виды столицы Казахстана
Мечеть Нур-Астана, виды столицы Казахстана - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Барша мұсылман қауымы үшін қасиетті ай Рамазан 27 мамырда басталады

АСТАНА, 26 мамыр — Sputnik, Айымгүл Әбіл. Барша мұсылман қауымы асыға күтетін он екі айдың сұлтаны қасиетті Рамазан айы келіп жетті. Адам баласының жаны мен тәнін тазартатын ораза құлшылығы осы айда әр мұсылманға парыз етілген. Биылғы жылы Рамазан айының алғашқы күні 27 мамырға тура келіп отыр. Ораза биыл 29 күнге созылады. Ал маусымның 21-нен 22-не қараған түн — қасиетті Қадыр түні. 

Сөзсіз, Рамазан айы мұсылман жамағаты үшін қасиетті, қадірлі. Ақ пен қараны ажыратып, сауап пен күнәнің парқын көрсетіп, тура жолға үндейтін Құран Кәрімнің аяттары жерге түсе бастаған ай. Адам баласына мол сауап жинап, жаратушының рақымына кенелуге берілген мүмкіндік. Сондықтан мұсылман жамағаты бұл айды асыға күтіп, ықыласпен қарсы алады. 

Хазірет Сұлтан мешіті - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Рамазан айы 2019: Оразаға қалай дайындалу керек?

Жан мен тән рухани тазарады

Рамазанда ораза ұстау мұсылманға парыз. Араб тіліндегі "саум" (ораза) сөзі "адамның өзін тізгіндей білуі және жол бермеу" деген мағынаны білдіреді. Оразаның терминдік мағынасы – ниет ете отырып, таңның атысынан күннің батысына дейін ішіп-жеуден және басқа да нәпсі қалауынан тыйылу. 

"Рамазан айында Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылып, тозақ есіктері жабылып, жын-шайтандар шынжырланады және осы айда тілектер қабыл болады. Сондықтан, Алладан тәуелсіздігіміздің баянды болуын, еліміздің тыныш, халқымыз аман болуын тілейтін болсақ, осы айда қабыл болады. Пайғамбарымыз хадисінде былай дейді: "Нәпіл намаз оқысаңыз, бір нәпілдің сауабы парыз жасағанмен тең. Егер парыз амалын орындасаңыз, бір парыз жетпіс парызға тең болатын қасиетті ай". Қасиетті айда адам баласы жасайтын ізгі амалдардың сауабы мол", — дейді Қазастан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі, "Нұр Астана" мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы. 

Ораза — өзіңді тек ішіп-жеуден ғана шектеу деген сөз емес. Наурызбай қажы Тағанұлының айтуынша, Ораза – жан мен тәнді рухани тазартатын үлкен сабыр мектебі. Төзімділікке тәрбиелейтін, адам баласының шын ықыласпен тәубеге келетін айы.

"Ораза деген таңертеңнен кешке дейін аш жүру деген сөз емес, ораза — бұл рухани құлшылық. Адам өз-өзін тәрбиелейді. Оразада ауыз бекітіп қана қоймай, күнәдан тазару керек. Көзін, құлағын, тілін, қолын, аяғын — бүкіл ағзасын күнәдан тыю қажет. Яғни, адам отыз күн бойы жаман істерден тыю арқылы өзін тәрбиелейді. Адам бір ай бойы бір нәрсемен шынықса, кейін басқа уақытта да сол әдеті қалады ғой. Сол сияқты Оразадан кейін да адам жақсы ой мен ізгі істерге ұмтылады", — дейді имам. 

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Бас мүфти Рамазан айына байланысты халыққа үндеу жасады

Ораза – диета емес…

Елімізде жыл сайын Рамазан айында ауыз бекітетін адамдар көбейіп келеді екен. Олардың қатарында, әсіресе, жастар көп. Ал ораза кезінде дінге бет бұратындар аз болмайды. Сондықтан осы уақытта түсіндіру, ақпараттандыру жұмысын сауатты жүргізу маңызды.

"Ораза кезінде дінге келушілер көп болады. Ал қазір жасыратыны жоқ, түрлі ағымдар бар. Адамдардың теріс ағымдарға кетіп қалмауына жол бермеу үшін тырысып жатырмыз. Оларға дұрыс ақпарат беру үшін үлкен  жұмыс істелуде. Ораза кезінде жамағаттан көп сұрақ болады. Осыған байланысты ақпараттар, бейнероликтер таратылды", — дейді Наурызбай қажы Тағанұлы. 

Ал "Әзірет Сұлтан" мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаевтың айтуынша, оразаның мәнін дұрыс түсіне білген абзал. Алланың ризашылығы үшін емес, басқа ниетпен ауыз бекіткен адамға оразаның сауабы болмайды. 

"Рамазанда артық салмақтан арылу, диета үшін, немесе біреуге еліктеп, болмаса мода болсын деген сияқты жағдайларда оразаның сауабы болмайды. Бір Алланың ризашылығы үшін ораза ұстауымыз керек. Бірақ тамақ пен судан шектелген соң адам белгілі бір деңгейде салмақ тастайды. Және оразаның денсаулыққа пайдасы өте көп. Ағзаның тазарып, бір жыл бойы тынымсыз жұмыс істеген ас қорыту жүйесінің дем алып, ретке келуіне мүмкіншілік болады. Ағза жақсы жұмыс істесе, денсаулық жақсаратыны анық", — деп әңгімеледі имам. 

мешіт - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Рамазан жайлы қызықты деректер

Ораза ұстамаған адамға не істеу керек?

Балаға, науқасқа, жолаушыға, қарт адамдарға ораза ұстамауға рұқсат етіледі. Ал ауыз бекітуге дайын емес адамдар қасиетті айда көбірек жақсылық жасап, ізгі істерге тырысқаны абзал. Өйткені, Оразада жасалған әрбір қайырлы іс – үлкен сауап.

"Алла тағала қасиетті Құранда былай дейді: «Дінде зорлық жоқ». Дін ешкімді ешбір нәрсеге зорламайды. Ораза мұсылман адам үшін парыз болғанымен, оған дайын болмаса, зорлық жоқ. Ол адам бұл айдың құрметін жасаса, Алланың рахметі болады. Мысалы, кітаптарда, уағыздарда басқа діннің өкілдері ораза айында мұсылманның оразасын құрмет қылса игі деп айтады. Сол сияқты ораза ұстамайтын адамдар аузы берік жандардың көзінше тамақ жемей, құрмет көрсетсе, осының өзі оған сауап болып есептеледі", — дейді Наурызбай қажы Тағанұлы. 

Сонымен қатар, аузы берік адамдарға ауызашар беру — сауап амал. Пайғамбарымыз былай дейді: "Аузы берік жанды ауызашарға шақырып тамақ берген – ораза ұстаған адамның алатындай сауап алады. Аузы берік адамның сауабынан да еш нәрсе кемімейді". Осылайша, Рамазан айында ораза ұстамаған адамның да сауап жинауға мүмкіндігі бар. Әрі қасиетті айда игі істердің сауабы еселенеді емес пе?! Әркім бойын күнә атаулыдан аулақ ұстап, жұртқа жақсылық жасап, кедей-кембағал, жарлы-жақыбайларға көмектесіп, садақа беріп, Алланың рақымына ие бола алады. Тек оның бәрін таза, адал ниетпен істеу керек. 

Центральная мечеть в Алматы, архивное фото - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Биылғы пітір садақа мөлшері бекітілді

Кімге пітір садақа беру міндет емес?

Биыл пітір садақа мөлшері 300 теңге мөлшерінде белгіленді. Былтыр 200 теңге болатын. Пітірсадақаның мөлшері бидай бағасынан алынады, сондықтан биыл ол өскен. Жарты сағ, яғни 1 кг 625 грамм көлеміндегі бидайдың құнымен есептеледі. Пітір садақаны құрма, мейіз, арпаның құнымен де беруге болады. 1 сағ қазіргі өлшеммен алғанда – 3, 25 кг.

"Пітір садақасы бидайға, құрмаға, арпаға, мейізге қарап өлшене береді. Бірақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ең төменгі бидайдың немесе ұнның бағасынан есептейді. Жағдайы бар адамдар жетім-жесірдің, тұрмыс төмен отбасылардың жағдайын ойлап, бағасы қымбат мейіз, құрма бағасынан садақа берем десе, нұр үстіне нұр болады", — дейді "Әзірет Сұлтан" мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаев. 

Имамның айтуынша, пітір садақасын беру жағдайы жақсы, ауқатты адамдарға міндет. Ал тұрмысы төмен отбасыларға уәжіп емес, оларға мүмкіндігінше беруге рұқсат етіледі. Бірақ халқымыз көбінесе Рамазанда сауап алу үшін пітір садақа беруді өз міндеті санайды.  

"Пітірсадақа негізі бай адамдарға міндетті. Ол кімдер? 85 грамм алтын көлемінде қаржысы бар, бір жыл өзінде немесе саудада айналымда болған адам. Малдан қырық қой деген сияқты ғой. Дегенмен, біздің қазақ халқы иманды халық болған соң, пітір садақа беру ата-бабадан келе жатқан, қалыптасып кеткен. Әлеуметтік аз қамтылған азаматтардың өзі пітір садақасын беріп, сауапқа кенелгісі келеді. Бірақ оларға міндет емес, өз еркі. Пітір садақасын бермесе, бір нәрсе жоғалтқандай, үлкен сауаптан құр қалғандай есептеп, әркім беруге тырысатыны содан", — дейді наиб имам. 

Пітір садақаны Рамазан айының басталуынан айт намазына дейін беруге болады. Әдеттегідей, Рамазанда жиналған пітір садақа оразадан кейін мұқтаж жандарға, тұрмысы төмен отбасыларға үлестіріледі. Мешітке өтініш жазған азаматтарға азық түлік есебінде немесе қаржылай көмек көрсетіледі

Жаңалықтар
0