Қоғам

Қадір түнінде Қыдыр ата келетіні рас па?

© Photo : muslim.kzАстана мешіттеріне қасиетті Қадір түнін қарсы алуға жамағат көп жиналды
Астана мешіттеріне қасиетті Қадір түнін қарсы алуға жамағат көп жиналды  - Sputnik Қазақстан
Жазылу

Көпшілік қауым  арасында  "Қыдыр Ата" мен "Қадір түнін" шатастырып жататындар жиі кездеседі. Алайда Қыдыр Ата мен Қадір түні екеуі екі бөлек нәрсе, деп жазады ummet.kz. 

Көп адамдар "Қасиетті Қадір түнінде Қыдыр ата келеді" – деп жатады. Ал расында ол қате пікір. 

"Бұл түнде Қыдыр баба елді аралап жүреді екен. Бұл түнде әрбір үйді жасыл шапан жамылып, қолына таяғын ұстаған ақ сақалды, аппақ киінген Қыдыр ата аралап жүреді-мыс. Оны таң атқанша күту керек. Қарт кісі үйлерге кіріп сыйлық таратып кетеді екен" деген қате пікірлерді ақиқат деп ұғатын адамдар да бар. 

Қыдыр ата – Хидр Алланың пайғамбарларының бірі болған деседі. Құранда "Кәһф" сүресінде ол кісінің Мұса пайғамбармен арасындағы оқиға айтылады. Хидр пайғамбар да басқа адамдар сияқты дүниеден өткен. Оны келеді деу өрескел қате түсінік. Бұған дәлел Абдуллаһ ибн Омар риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз бірде құптан намазын оқып болған соң сахабаларға бұрылып: "Мына түндеріңді көріп тұрсыңдар ма?" – деп сұраған. Олар: "Иә", – дейді. Сонда Пайғамбарымыз: "Жүз жылдан кейін жер бетінде қазір тірі болған ешкім қалмайды", – деген.

"Қадір" деген сөз – "ұлы және орасан зор" деген мағынаны береді. Яғни, Қадір түні ұлы және орасан зор болған аса құнды түн деген сөз. Ұлы және орасан зор болатын себебі, бұл түннің салмағы мың айдан да қайырлы. 

Сол үшін  Қадір түні Қыдыр ата келеді деп дастархан жайып, есік-терезелерді ашып қойып, ыдыстарға су толтырудың керегі жоқ. Қадір түні аспаннан періштелер түсетіні сөзсіз. Бірақ олар суға, тағы басқа нәрселерге мұқтаж емес. Өйткені олар ішпейді де, жемейді де. 

Ал Қыдыр атаға қатысты айтатын болсақ, қасиетті Қадір түнімен Қыдыр атаның бір-біріне қатысы жоқ, екеуі екі басқа ұғымды білдіреді. Қыдыр ата туралы ұғым бізге, яғни қазақ даласына мұсылман дінімен келген десек те, наурызға қатысты кей түсініктердің пайда болуына да себеп болды.

Қазақ халқы Ұлыс күнді "жыл басы" санайды. Мифологиялық түсінік бойынша, 21 наурыз түні даланы Қыдыр аралайды екен. Сол себепті осы түн "Қыдыр түні" деп аталған. Әр үйге кіріп шығады деген түсінік бар, сондықтан бұл күні есікті ашып қойып отырған. 

Ал Қадір түніне келетін болсақ, бұл Ислам, яғни мұсылмандардың түсінігі бойынша Алла Тағаланың қасиетті кітабы – Құран Кәрімнің алғашқы аяттары түскен қасиетті түн. Алла Тағала Қадір түнін берекелі етті, сол түнде Құранды түсіріп, басқа түндерден ерекшеледі. 

Жаңалықтар
0