АСТАНА, 7 желтоқсан – Sputnik, Нұргүл Абай. Бүгін елордада өткен баспасөз мәслихатында Қытайда жаппай қудаланып, сотталып жатқан қандастарымыздың туысқандары мұңын шағып, ел үкіметінен көмек сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Анаргүл Мәлік – Қазақстан Республикасының азаматы, әке-шешесі мен тұрмыстағы сіңлісі Қытайда тұрады. Айтуынша, туған сіңлісі Мерейгүл Мәлікқызы екі жарым айдан бері қамауда жатыр. Оған ауруханадан шығарда әпкесінен алған 500 мың теңге себеп болған.
"Туған сіңлім Мерейгүл Мәлікқызы екі жарым айдан бері қамауда. Екі жасар баласы бар. Ауруханадан шығарда, маған хабарласып, 500 мың теңге сұраған еді. Мен де, еш жамандық ойламастан, Қытайға, оның есепшотына ақша аудардым. Сол уақытта Қытай полициясы сіңлімнің қай ауданда тұратынын анықтаған. 500 мың теңгені алар-алмаста қолындағы баласын үйге апартқызып, өзін тексереміз деп алып кеткен. Содан бері екі жарым ай өтті, бауырымнан еш хабар жоқ", — дейді Мәлік.
Анаргүлдің айтуынша, Қытай полициясы оның әке-шешесін де бақылауға алған.
"Әкем мұғалім, былтыр ғана зейнетке шықты. Қытай өкіметі мұғалім болғаны үшін оны ерекше бақылауға алған. Қолындағы құжаттарын да тартып алды, полиция күніне екі сағат әке-шешемді бақылап отырады. Күйеу баламның да әр басқан қадамын бағып, бақылауда ұстап отыр. Тіпті оған "үш рет әйеліңді іздеп барыпсың, төртінші рет баратын болсаң, артынан өзің жауап бересің" деп ашық қорқытқан. Бұл қандай сұмдық жағдай! Сонда мен өзімнің туған сіңлімді Қытайға іздеп бара алмаймын. Өйткені Қытай өкіметі мені де бақылауға алған болуы мүмкін. Бір ай бұрын Қазақстан үкіметінен, президентімізден көмек сұрап, youtube-ке ашық видео жариялаған едім. Ашындыратыны – бір айдан бері маған тек Еуропадағы, шетелдегі журналистер ғана хабарласты. Қазақстаннан ешкімнен көмек болған жоқ", — деп көзіне жас алды Анаргүл.
Ол Қытайдағы қазақтардың мүшкіл хәліне кейбіреулері тіпті күмәнмен қарайтынын, Қазақстандағы қазақтардың өзі сенбей отырғанын ашына айтты.
"Қазір біздің осы айтып отырғандарымызды теріске шығарып отыр. Мен Қытайдың тәуелсіз Азия тілшілеріне талай мәрте сұхбат бердім. Сол материалдардың астына жазылған пікірлерді оқысаңыз, өзіміздің қазағымыз "мұның бәрі өтірік шығар, сенің 500 мың теңге ақша аударғаныңды қайдан біледі" деген сыңайда әңгіме айтып отыр. Қытай қалай білмейді?! Қытайдың "WeChat"- ын бәріміз қолданамыз. Вичатты қолданған адамның кіммен не сөйлескені оларға мәлім. Қазір Қытайдағы туысқандарым мені Вичаттан өшірді. Себебі Қытай полициясы менің кім екенімді, немен айналасатынымды, телефон нөміріме дейін сұрап жатқан көрінеді", — дейді ол.
"Үкіметтен көмек сұраймын, бұл тек сіңлімнің мәселесі емес, бүкіл қазақ ұлтының мәселесі. Мұндай заңсыздықтардың басталғанына бір жылдай болып қалды", — деп түйіндеді Мәлік.
Ел билігінен алыстағы ағайынға қол ұшын созуды өтінген жандар арасында Надира Қайсар есімді бойжеткен бар.
"Шілденің 21-і күні ата-әжем әкемнің қайтыс болуына байланысты Қытайға кетті. Содан бері бес ай өтті, еш хабар жоқ. Естуімізше, екі айдан бері түрмеде жатыр. Атам – 63, әжем – 59 жаста. Қазір інім екеуміз Көкшетауда тұрамыз. Қарайласып, көмектесетін ешкіміміз жоқ, жағдайымыз қиын. Қазақстан үкіметінен бұл мәселеге бей-жай қарамай, көмектесуін сұраймыз", — дейді ол.
Естеріңізге салып өтсек, бүгін Қытайда нақақтан-нақақ сотталған 160 қандасымызға қатысты ақпарат түскенін хабарлаған едік. Тіпті, қоғам белсендісі Қыдырәлі Оразұлы Қытайда Қанат Исламның Алматыда өткен жекпе-жегін көрген қолдаушылары кейін түрмеге жабылғанын айтты.
НҰР-СҰЛТАН, 18 қаңтар – Sputnik. Қарағанды фармацевтика кешені ресейлік Гамалея институтынан "Спутник V" вакцинасының белгіленген талаптарға сәйкес келетіні туралы ауызша жауап алды. Sputnik Қазақстанға бұл туралы ҚФК бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Владимир Фольмер хабарлады.
"Бәрі сәйкес келетіні жөнінде ауызша жауап алғанымызға біраз уақыт болды. Енді бұл топтамалар үшін олардың паспортын күтіп отырмыз. Біз паспортты алғаннан кейін Қазақстанда шығарылған осы препаратты тіркейміз. Яғни, тіркеу куәлігін аламыз", - деді Владимир Волмер Sputnik Қазақстанға.
Ол 2021 жылдың ақпан айының соңына дейін алғашқы коммерциялық топтама өндіріледі деп жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
"Біз осы аптада топтаманы әзірлеп, бір айға созылатын талдауға жіберуді жоспарлап отырмыз. Келесі айдың соңында алғашқы коммерциялық топтаманы шығарамыз", - деп атап өтті Фольмер.
Барлық топтаманың үлгісі тексеру үшін Ресейге жіберіледі, деді ол.
"Біз мұнда өз талдауымызды жүргіземіз. Оған қоса ресейліктер (Гамалея институты) қосымша бақылайды. Қазір шамамен 80-90 мың доза шығарамыз. Бәрін жібермейміз. Барлық партияның бір бөлігі таңдалып алынады", - деп түйіндеді ол.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда он миллион адамға вакцина салу жоспарланып отыр
Бұған дейін Қарағанды фармацевтика зауытында өндірілген 6000 доза мөлшеріндегі "Спутник V" вакцинасының тәжірибелік партиясы Ресей Федерациясына сапаны тексеруге жіберілген болатын.
Қазақстанда "Спутник V" вакцинасын алдын ала тіркеу 2021 жылдың 26 қаңтары мен 11 ақпаны аралығында өтеді деп жоспарланған. Вакцинаның өндірістік топтамасын жеткізу 2021 жылдың 12 ақпанында басталмақ.
АЛМАТЫ, 18 қаңтар – Sputnik. Алматыда "Найман" лақап атымен танылған аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитовқа қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр.
Сот талқылауы 18 қаңтарда Алмалы аудандық сотында өтті.
"Алмалы аудандық сотында Қылмыстық кодекстің 272-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікпен Қуат Хамитовке қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр", - деп хабарлады аудандық соттың баспасөз қызметі.
Аталған бапта азаматтың "билік өкiлдерiнiң заңды талаптарына белсенді түрде бағынбауға және жаппай тәртiпсiздiкке шақыру не жаппай тәртіпсіздікке арандату, сол сияқты азаматтарға зорлық-зомбылық жасауға шақыру" көзделген. Бұл бап бойынша үш жылға дейін бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Оқи отырыңыз: Қуат Хамитов дау тудырған видеосына қатысты мәлімдеме жасады
Айта кетейік, 2020 жылы қыркүйекте спортшы дезинфекция жасаушылар "халықты улап жатыр" деп мәлімдеп, оларды ұрып-соғуға үндеді.
Кейіннен спортшы ол видеоның әзіл ретінде түсірілгенін айтты.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Дезинфекция туралы тарап кеткен видеоға қатысты айтарым, ол – қалжың ретінде түсірілген видео. Мен ешкімді жаппай көтеріліске шақырмаймын. Ондай әрекет істеуге ешкімді шақырған емеспін және ондай әрекет істемеңіздер. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын", - деді Хамитов.
НҰР-СҰЛТАН, 18 қаңтар – Sputnik. Ресей коронавирус пандемиясын бәсеңдетуге қабілетті препарат әзірледі. Батыс ресейлік ғылымды қаралаудан танар емес, деп жазды "Monde diplomatique"француз газетінің Испаниядағы өкілдігі.
Мақала авторы Федерико Кусконың пікірінше, Батыс орыстың ғылыми дәстүрін білмегендіктен, "Спутник V" вакцинасына немқұрайлы қарап, сенбеді.
"Тілдік, мәдени пен саяси айырмашылықтан туындаған бұл білімсіздік ресейлік бастамаға күдікпен қарауға себеп болып отыр", - деді журналист.
Ол препаратты әзірлеу Ресейдегі ғылыми дамудың бүкіл тарихи тізбегінің нәтижесі екенін баса айтты. Алайда, оның пікірінше, батыстықтар көп жыл бойы Ресейдің ғылыми жетістіктерін жоққа шығарып келді де, енді вакцина ойлап табу туралы хабарландыруға таңғалуда.
"Фармацевтикалық зертханалары дәрі-дәрмекке удай қымбат баға белгілейтін АҚШ пен Еуропалық Одақ елдеріне қарағанда Ресей ақша табуды көздеп отырған жоқ", - деді Куско.
Кусконың пікірінше, шамамен 50 жыл өткен соң қазір әлемнің түрлі еліне таралып жатқан "Спутник V" вакцинасына қатысты күдік ешкімнің есіне түспейді.