Қоғам

Студенттер мен оқушылардың оқудан бос уақытта еңбек ету мүмкіндігі кеңейтілмек

© Photo : Официальный аккаунт Назарбаев Университета в FacebookСтуденттер
Студенттер - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Халықты жұмыспен қамту мәселелері туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды

АСТАНА, 21 ақпан  — Sputnik. Бүгін мәжілістің жалпы отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымова халықты жұмыспен қамту және көші-қон мәселелері бойынша жаңа заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Жаңа заң жобасында халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу құралдарын жетілдіру көзделеді. Жұмыспен қамтуға жүгіну рәсімдері жеңілдетіледі. Жұмыс іздеушілер енді жұмыспен қамту орталықтарына электронды веб-порталымен ғана емес, сондай-ақ халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жүгіне алады. Жұмысқа орналасу рәсімін тездету үшін жұмыссыз азамат өзіне ұсынылған жұмысқа келісетіні не келіспейтіні туралы мәліметті ұялы телефонмен немесе электронды түрде үш жұмыс күні ішінде хабарлай алады", — деп баяндады Әбілқасымова. 

Екіншіден, министр атап өткендей, мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар аясында құрылатын бос жұмыс орындарына мониторинг жүргізу құзыреті орталық және жергілікті атқарушы органдарға берілмек. Бұдан бөлек, еңбек министрлігінің құзыреті бос жұмыс орындары туралы ақпарат ұсыну және оған мониторинг жүргізу қағидасын бекітумен толықтырылады.

Тамара Дуйсенова - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Жаңа еңбек министрі: Тамара Дүйсеновамен сөйлестім...

"Үшіншіден, студенттер мен жоғары сынып оқушылары үшін жазғы демалыс кезінде ғана емес, оқудан бос уақытта да қоғамдық жұмыстарға қатысу мүмкіндігі кеңейтіледі. Бұған еңбек кодексінде шектеу жоқ. Төртіншіден, жұмыс берушілерді артық есептілік пен құжат тапсырудан босату мақсатында кәсіптік және қайта даярлықтан, өндірісте оқытудан өткен адамдардың саны туралы мәлімет беру міндеті алынып тасталмақ", — деді ол. 

Бұған қоса, жұмыспен қамтудың жеке агенттіктерінің және интернет-алаңдарының деректерін қоса алғанда, бос орындар мен жұмыс іздеп жүрген адамдар туралы ақпаратты барлық дереккөзден бірыңғай интернет-ресурсқа шоғырландыру көзделген.  

"Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін заң жобасында жұмыспен қамту орталықтарын реформалау және барлық бос жұмыс орындары мен елді мекендер бойынша бірыңғай онлайн-алаң құрылады. Осы мақсатта еңбек нарығының бірыңғай ақпараттық базасын құрайтын "Электрондық еңбек биржасы" мемлекеттік интернет-ресурсын құру жоспарланған", — деді министр. 

Министрдің айтуынша, жаңа заң жобасында көші-қон саласындағы функцияларды бөлу де көзделіп отыр. 

"Көші-қон саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру функциялары ұлттық экономика министрлігінен еңбек министрлігіне беріледі. Ал көші-қон саласындағы мемлекеттік саясатты ведомствоаралық үйлестіру және іске асыру функциялары еңбек министрлігінен ішкі істер министрлігіне берілмек", — деді Әбілқасымова.

Жаңалықтар
0