Айжан Байзақова

Атышулы Байзақова: қазақша боқтап сөйлеген соң инстаграмда жұлдызға айналдым

1227
(Жаңартылды 14:08 27.02.2018)
Танымал блогер әлеуметтік желіде жұлдыз болудың құпиясымен бөлісті

АСТАНА, 22 ақпан — Sputnik. Қазақстанның танымал блогері атышулы Айжан Байзақова елордаға қонаққа келіп, Astana Makingmoney Summit аясында өткен әлеуметтік желілерге арналған сессияға қатысты. Бойжеткен жиын қатысушыларының көкейіндегі сауалдарға жауап берді.

Сессия қатысушылары белгілі блогерден интернет арқылы қанша ақша табатынын сұрады. 

"Тұрақты табысым жоқ, желідегі бір пост үшін 2 мыңнан 5 мың долларға дейін аламын. Жарнаманы жиі жасаймын деп айта алмаймын. Айына 2-3 пост қана", — деп қысқа қайырды Байзақова. 

Бойжеткен инстаграмда танымал болу үшін бір жыл уақытын сарп еткенін айтты.  

Айжан Байзақова
© Sputnik / Данияр Дауталиев

"Инстаграмдағы жазылушылар санын көбейту үшін бір жылдай уақытым кетті. Алғашқы парақшам өшірілді, кейін мен басқасын аштым. Сөйтіп айналдырған екі ай ішінде жазылушылар саны 300 мыңға жетті. Ескі парақшамда 600 мың болатын, бірақ қаралу саны бойынша сол шамада қалды – 30-40 миллион. Меніңше, қазір адамдар аз жазылатын сияқты. Мүмкін мені танығандықтан, қорқатындықтан шығар", — дейді ол. 

Байзақова әлеуметтік желіде қалай жұлдызға айналғанын айтты. 

"Инстаграмға 2012 жылы тіркелдім, бас кезінде артық ештеңе жарияламайтынмын. Бір күні құрбым менің қазақ тілінде боғауыз сөз айтып жатқанымды видеоға түсіріп, сториз (инстаграмдағы уақытша видео – ескерт.) жариялады. Осыдан кейін жұрт шулап, бәрі менің парақшама жазыла бастады. Біздің халыққа былапыт сөздер, ашық-шашық түскен суреттер керек. Оған дейін пайдалы дүние жазғанымда ешкім елемейтін, қызық емес өйткені", — деп ағынан жарылды бойжеткен. 

Танымал блогердің айтуынша, қазақ тілінде бейпіл сөйлеу анағұрлым "тиімдірек". 

"Негізі, екі тілде де – қазақша, орысша айта беруге болады. Бірақ қазақ тілінде боқтаған жақсы", – дейді ол. 

Бүгінде әлеуметтік желідегі парақшасына жазылғандардың 60 пайызы 24 пен 30 жас аралығындағы қыздар екен.

"Әу баста 80 пайызы жігіттер болатын, қазір 60 пайызы – қыздар. Инстаграмда да, телеграмда да өзім отырамын, пост жазып, жариялаймын. Командам түсірілімге көмектеседі, жарнама мәселесін келіседі. Қалғаны менің жұмысым", — дейді Айжан.

Сессия қатысушылары блогерден алдағы жоспарлары туралы сұрады. 

Джохар Өтебеков
© Sputnik / Серикжан Ковланбаев

"Жаңа бар ашқалы жатырмыз. Бұған қоса, тағы бір жоба бар, бірақ әзірге ол жайында айту ерте", — деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдың 17 желтоқсанында Айжан Байзақова Zakova түнгі клубында қыздар арасында тыр жалаңаш шешінуден сайыс өткізіп, қоғамдық тәртіпті бұзған болатын. Осы қылығы үшін  Instagram жұлдызы үш тәулік қамауда отырып шықты. Сайыс шарты бойынша тыр жалаңаш шешінген қызға 50 мың теңге сыйақы берілген. Әлеуметтік желіде пайда болған видеода жалаңаш қыз бір қырынан көрінеді, ал жүргізуші конкурс шартын түсіндіріп, өзгелерді қатысуға шақырып жатыр.

Келесі күні "Нұр-Мұқасан" дуэтінің әншісі Мұқасан Шахзадаевтың парақшасында оннан астам жігіттің қыздардың тәртібін сынға алғаны түсірілген видео жарияланды. 

Кейін блогер өзінің Telegram арнасында қыздар арасында шешінуден сайыс өткізілген Zakova клубының жабылғанын хабарлады.

1227
Кілт сөздер:
Айжан Байзақова, блогер, инстаграм жұлдызы
Ақорда ғимараты

Тоқаев екі әкіммен телефон арқылы сөйлесті

93
Президент Алматы әкіміне коронавирус індетінің таралуына жол бермеу бойынша жұмысты күшейтуді және шектеу шараларының сақталуын қатаң бақылауға алу жөнінде тапсырма берді

НҰР-СҰЛТАН, 4 тамыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысы мен Алматы қаласы әкімдерінің есебін тыңдады. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында хабарлады.

Президентке Алматы облысының биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде телефон арқылы баяндалды.

Амандық Баталовтың айтуынша, негізгі салалардың барлығында өсім қамтамасыз етіліп, қысқа мерзімді экономика көрсеткіші 109,4 пайыз болған.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа аймақтағы эпидемиологиялық жағдай туралы мәлімет берілді. Облыс әкімі соңғы апта ішінде коронавирус індетін жұқтырғандардың саны 1 пайыздан аспағанын жеткізді. Өңірде 4 мың төсек-орын қарастырылған. Жұқпалы індет стационарының 55,8 пайызында, жансақтау бөлімдеріндегі орындардың 13 пайызында науқастар ем қабылдап жатыр.

Мемлекет басшысы сонымен қатар, тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету туралы мәлімет алды. Әкім облыста орталықтанған сумен қамту 98,3 пайыз болғанын және бұл еліміз бойынша ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі екенін айтты. Биыл 7 ауылға су құбырын тартып, 11 елді мекенді таза ауыз сумен қамту арқылы көрсеткішті 99,5 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл жобаға 10,9 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Алдағы бес жылдың ішінде тағы 33 ауыл ауыз сумен қамтамасыз етіліп, 72 елді мекенде желілерді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.

Президентке Амандық Баталов Үшарал қаласындағы әуежайдың ұшып-қону жолағын жөндеу жұмысының, Алакөл жағалауындағы су тазарту құрылғылары құрылысының басталғанын және ауыл әкімдері сайлауының қорытындысы туралы айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамытуға және ішкі туризмді ілгерілетуге ерекше көңіл бөлуді тапсырды.

Бұдан кейін мемлекет басшысы Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевпен шаһардағы коронавирус індетінің таралуына қарсы атқарылып жатқан шаралар мен қаланың инфрақұрылымын дамыту мәселелерін телефон арқылы талқылады.

Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, "дельта" штамының таралуына байланысты Алматы қаласындағы эпидемиологиялық жағдай күрделі болып тұр. Өткен аптада індет жұқтыру 1,4 есе артып, 7 936-дан 10 805-ке жеткен. Бір тәулікте вирус жұқтыру 1,4 пайызға көбейген. Соңғы тәулікте жаңадан 1558 науқас тіркелсе, олардың 1480-інде індеттің белгілері бар.

Науқастар санының артуына байланысты қосымша жұқпалы аурулар ауруханалары ашылуда. Қазір 7625 науқас ем қабылдап жатыр, 2400 орындық төсек-орын қоры жасақталды.

Қаланың дәріхана желісін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мақсатында 5 миллиард теңге көлемінде тұрақтандыру қоры құрылды. 68 түрлі дәрі-дәрмектің қажетті мөлшері жасақталды. Қаланың медициналық ұйымдары дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныш құралдарының екі айлық қорымен қамтамасыз етілген.

Тұрғындарға жаппай екпе салу жалғасып жатыр. Қалада 167 вакцина салу пункті жұмыс істеп тұр. 4 тамыздағы жағдай бойынша 740 487 адамға екпенің бірінші компоненті, 545 954 тұрғынға екінші компоненті салынған.

Мемлекет басшысы Алматы қаласының әкіміне коронавирус індетінің таралуына жол бермеу бойынша жұмысты күшейтуді және шектеу шараларының сақталуын қатаң бақылауға алу жөнінде тапсырма берді.

Әңгімелесу барысында Бақытжан Сағынтаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа Наурызбай ауданына қосылған ықшам аудандардағы тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және Абай даңғылын қала шекарасына дейін ұзарту жөнінде баяндады. Сонымен қатар қаланың тарихи орталығындағы құрылыстарды шектеу мәселелері көтерілді.

93
Тақырып:
Коронавирус эпидемиясы
Архивтегі сурет

Әкімдік 19 миллионыншы тұрғынның отбасына 1 млн теңге сыйға тартты

74
(Жаңартылды 17:59 04.08.2021)
Әкімдік нәрестенің отбасына балалар арбасын, сәби күтіміне арналған жиынтық, жеміс-жидек себеті мен басқа да сыйлықтар сыйлады

НҰР-СҰЛТАН, 4 тамыз – Sputnik. Алматы облысының әкімдігі Қазақстанның он тоғыз миллионыншы азаматы атанған Жәния Азаматқызының отбасына 1 миллион теңгенің сертификатын тарту етті, деп хабарлайды өңір әкімдігінің баспасөз қызметі.

Алматы облысы әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев пен Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев сәбидің отбасымен кездесті. Шенеуніктер қыздың ата-анасын қуанышты күнмен құттықтап, мықты денсаулық және бақытты ғұмыр тіледі.

Сондай-ақ отбасына облыс әкімінің атынан құттықтау хат пен 1 миллион теңгенің сертификатын табыстады. Бұдан бөлек, балалар арбасын, сәби күтіміне арналған жиынтық, жеміс-жидек себеті мен басқа да сыйлықтар сыйлады.

Жәнияның әкесі Азамат Нұрғалиевтің айтуынша, бұл бүкіл отбасы үшін күтпеген оқиға болды.

"Біз басында сенген жоқпыз, қателесіп кеткен шығар деп ойладық. Учаскелік дәрігер хабарласып, бізді әкімдік іздеп жатқанын айтқанда ғана сендік. Біз қызымызды Қазақстанның лайықты азаматы етіп тәрбиелеуге тырысамыз", - деді ол.

Ал нәрестенің анасы Назгүл Көбентаева Жәния ол үшін ерекше бала екенін атап өтті.

Тағы оқыңыз: Қазақстанның он тоғыз миллионыншы тұрғыны туралы жаңа дерек шықты

"Жәнияны біз бес-алты жыл күттік. Қызымыз дүние есігін ашқан сәттен бастап бүкіл Қазақстанға танымал болды, болашақта да белгілі азамат болады деген үміттемін", - деді келіншек.

20 маусым күні Алматы қаласының перзентханасында Қазақстанның 19 миллионыншы тұрғыны дүниеге келді.

Сәби түнгі сағат екіде туды, салмағы – 4160 грамм , ал бойы – 57 см.

Нәрестенің ата-анасы – 1982 жылғы Азамат Нұрғалиев пен 1986 жылғы Назгүл Көбентаева Алматы облысы Іле ауданы Чапаево ауылында тұрады.

Жәния Азаматқызы – отбасындағы төртінші бала.

3 тамыз күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де Қазақстан халқы 19 миллион адамға жеткенін хабарлады. Мемлекет басшысы он тоғыз миллионыншы азаматтың ата-анасы мен қазақстандықтарды осы қуанышпен құттықтады.

74
Кілт сөздер:
Алматы облысы, сәби, Қазақстан халқы
АҚШ полицейлері

АҚШ-тың гипердыбысты зымыраны тағы да сынақтан өте алмады

0
Алғашқы америкалық гипердыбысты зымыран прототипінің бірнеше сәтсіз сынағы АҚШ-тың Ресей мен Қытайдан технологиялық тұрғыда кейіндеп қалғанын көрсетеді   

28 шілдеде АҚШ-тың әскери-әуе күштері AGM-183A Air-Launched Rapid Response Weapon (ARRW) гипердыбысты зымыранын ұшыру сынақтарын сәтсіз аяқтады. Super duper missile өнімі Оңтүстік Калифорния жағалауында B-52H Stratofortress бомбалаушы ұшағынан бөлініп шықты, алайда реактивті тартылыс іске қосылмады. Прототипі Тынық мұхитқа құлады.

Сәуірдегі ұшу сынағы кезінде AGM-183A зымыраны тасымалдағыш ұшақтың қанатынан ажырамай, Эдвардс авиабазасына қайта оралды.

Салыстыру үшін айтсақ, ресейлік гипердыбысты "Кинжал" зымыран кешені 2017 жылдың желтоқсанында әскери-ғарыш күштеріне қарулануға қабылданды. Зымыран әскері қатарында стратегиялық мақсаттағы "Авангард" гипердыбысты блоктары 2019 жылдан бері кезекшілікте тұр. Ресейлік әскери-теңіз флоты "Циркон" кемеге қарсы гипердыбысты зымыранының мемлекеттік сынақтарын аяқтап жатыр. РФ әскери-ғарыш күштері үшін үлкен қашықтыққа ұша алатын Х-95 гипердыбысты зымыраны әзірленіп жатыр.

АҚШ перспективалы гипердыбысты зымыранын әзірлеуді 2022 жылы аяқтауды жоспарлап отыр. AGM-183A аппараты "сипаттамасы жағынан кез келген ресейлік аналогтан озық болады деп күтілуде". Бұл шындыққа жанаспайтын секілді.

Америкалықтар 5 Махтан асатын гипердыбысты жылдамдыққа қол жеткізуді әзірше армандап қана жүр. Ресейдің "Авангард" гипердыбысты блогы 28 Махқа дейінгі жылдамдықпен ұшады. "Кинжал" мен "Циркон" 10 Махқа дейін жылдамдықты үдете алады.

Ал Қытайдың орташа қашықтыққа ұшатын гипердыбысты DF-17 техникасы 10 Махты еңсере алады. Ол 2019 жылдан беру қарулануға қабылданған.

АҚШ-тың әскери-әуе күштері 2022 қаржы жылында 212,8 миллиард доллар, соның ішінде құпия жобалар үшін 39 миллиард доллар сұрап отыр. Бұл 2021 жылдың бюджетімен салыстырғанда 7,3 миллиард долларға жоғары. Гипердыбысты қаруды дайындауды қаржыландыру 386 миллионнан 438 миллион долларға дейін артады.

AGM-183A аппаратын дайындау 2018 жылы басталған болатын және Lockheed Martinм компаниясы 480 миллион долларға келісімшарт жасады. Оның жобалық қашықтығы 1600 километр болса, жылдамдығы 20 Махты құрауы керек.

The Drive басылымының мәліметі бойынша америкалық әскери-әуе күштері ARRW ұшу сынақтарының кестесі бойынша жеті жылға кешігіп келеді. Бастапқыда оны іске қосу 2020 жылға жоспарланған болатын. АҚШ-тың әскери бюджеті 700 миллиард доллардан баяғыда-ақ асып кетті. Әйтсе де әскери өнеркәсіптік кешен Пентагон үшін гипердыбысты зымырандар құрастырудан жақсы нәтиже көрсете алмай келеді.

Мәскеу мен Бейжің өз территориясын қорғау үшін басымды мақсатта гипердыбысты зымырандарды дайындауға кірісті. Ресей мен Қытай басқа мемлекеттерге әскери шабуыл жасап, басқыншылықпен айналысуды көздемейді. Бұл ұжымдық Батыстың кей кезде агрессияға толы әрекеттерінен қорғану үшін жасалып жатқан шаралар.

Америка Құрама Штаттары 2021 жылдың басында F-15EX сегіз жойғыш ұшағын қаржыландыруды мақұлдады (құны 1,2 миллиард доллар болатын келісімшарт). Бүкіл бірінші партия бойынша ықтимал шығын көлемі шамамен 23 миллиард долларды құрайды. Қалай дегенмен де бүгінде Ресей мен Қытай гипердыбысты қару-жарақ дайындауда оқ бойы озық шықты.

0