Қоғам

"Қазаққа заманауи болу тән". Ninety One әншісі қазақ өнерін қалай дамыту керектігін айтты

© Photo : Официальный сайт группы Ninety OneNinety One тобының әншісі Дулат Мухаметкалиев
Ninety One тобының әншісі Дулат Мухаметкалиев - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Елордада "Жас Отан" жастар қанатының IV съезінің қорытынды күні өтіп жатыр

АСТАНА, 29 наурыз – Sputnik. Астанада өтіп жатқан "Жас Отан" жастар қанатының IV съезінде "Ninety One" тобының әншісі Дулат Мұхаметқалиев сөз сөйледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Айта кетсек, кеше съездің алғашқы күнінде "Ninety One" тобының солисі "Жас Отан" жастар қанатының Орталық кеңесінің мүшелігіне қабылданған еді. Бүгін съездің қорытынды күнінде өтіп жатқан гала-форумда Дулат Мұхаметқалиев мінберден сөз сөйлеп, өнердегі әріптестерін Қазақстанды әлемге танытуға шақырды. 

"Музыка деген не? Дәл осы сұраққа мен жауап тапқаннан кейін, өмірім бірден өзгеріп кетті. Мен өнерге деген қызығушылым арқылы "Ninety One"  тобына келіп, әлеммен музыка арқылы танысуға мүмкіндік алдым. Топ болып құрылғаннан кейін бәрі бірден жақсы болып кеткен жоқ, алда көптеген түсініспеушіліктер болды. Бірнеше қалада, бірнеше алаңда біздің өнер көрсетуімізге қарсы болды. Яғни ән айту, шоу көрсету, нағыз заманауи әртіс болу 21 ғасыр қазағына тән емес екен. Дәл сол уақытта біз XXI ғасыр мен қазақ менталитеті және мәдениеті бір-біріне сәйкес келмейді деген таптаурынмен кездестік. Мен ол оймен мүлде келіспеймін. Менің ойымша, қазаққа мәдениетсіз болу тән емес, бірақ қазаққа заманауи болу тән", — деді жас әнші. 

Эстрада жұлдызы батыс мәдениеті қазақ мәдениетімен несімен ерекшеленетініне тоқталды.

NINETY ONE - Sputnik Қазақстан
Қоғам
"Артық әңгімені қойыңыздар!": Ninety one әншісінің ата-анасы Сәкен мен Мейрамбекке ашық хат жазды

"Батыс мәдениеті заманға сай әрдайым өзгеріске ұшырап отырады, сол үшін де ол бүкіл әлемнің жастарына өте тартымды. Біз мәдениетімізді, рухани қорымызды биік деңгейге шығарғымыз келсе, жастардың қызығушылығын ескеруіміз керек. Қазіргі трендтерге қазақтың мәдениетін бейімдегеніміз жөн. Осы кішігірім әлемге бір айтқым келетін нәрсе: рухани жаңғырудың негізгі көзі ол өнер саласы, рухани қордың қоректендіруші салмақты құралдарының бірі ол шоу-бизнес", — деді Мұхаметқалиев. 

Әнші 91 тобы қазақ шоу-бизнесіне K-pop бағытын алып келгенін атап өтті. 

" K-pop бағытының негізгі мақсаты неде? Барлық музыкалық бағытты, тв-шоу бағдарламаларды қазақ тілді контентпен толтыра отырып, қазақтың мәдениеті мен тілі, өнері жан-жақты бола алатынын дәлелдеу", — деген ол Корея елінің K-pop субмәдениетін мысалға келтірді. 

"Жастардың сұранысы бойынша дәл сол жастардың екпінімен және сіздердің қолдауларыңызбен біз қазақ мәдениетінің, тілінің, өнерінің, кодының қорын жай ғана дамытып қана қоймай, әлемдік деңгейге шығара аламыз. Өнердегі әріптестеріме айтарым: бәріміз бірігіп, ел экономикасына ықпалын тигізетін өнер нарығын аяққа тұрғызып, Қазақстанның атын әлемге паш етейік. Мұзды еріту ешқашан да кеш емес", — деп түйіндеді жас әнші. 

Айта кетсек, Астанада кеше "Жас Отан" жастар қанатының төртінші съезі басталды. Бүгін "ЭКСПО-2017" Конгресс орталығында "Жаңа әлемге жол саламыз" атты гала-форум өтіп жатыр. Оған еліміздің барлық өңірінен келген 1500-ден аса белсенді жасотандық қатысуда.

Жаңалықтар
0