Қара жамылған әйелдер

Қара жамылуға тыйым салатын заң жобасы мәжілісте мақұлданды

1368
(Жаңартылды 10:39 17.05.2018)
Діни саланы реттейтін жаңа заң жобасының кейбір нормалары қоғамда даулы пікірлер тудырған еді

АСТАНА, 16 мамыр — Sputnik, Айымгүл Әбіл. Мәжіліс депутаттары бүгін "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Соңғы жылдары әлемде қалыптасқан геосаяси, діни ахуал, экстремизм мен терроризмнің күшеюі дін саласындағы ұстанымдар мен нормативтік, құқықтық нормаларды жетілдіруді талап етіп отыр. Бұл әлемнің барлық елдерінің басындағы жағдай. Бұл мәселе бізді де айналып өтпейді. Сондықтан, дін саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған қадамдар мемлекеттің қауіпсіздігі мен тұрақтылығы үшін ауадай қажет деп санаймыз", — деді мәжілістің жалпы отырысында Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев.

Оның айтуынша, 12 заң актісіне, соның ішінде 3 кодекс пен 9 заңға 53 түзету енгізу көзделіп отыр.

Бірінші, дінді деструктивті мақсаттарға қолдануға жол бермеуге бағытталған түзетулер қарастырылған. Атап айтқанда, "деструктивті діни ағым" және "діни радикализм" деген жаңа ұғымдар енгізіледі.

"Бұл ұғымдарды енгізу және деструктивті діни ағымдардың идеологиясын, атрибуттары мен сыртқы белгілерін таратуға тыйым салу арқылы сырттан елімізге жат иделогияның енуіне тосқауыл қоюға мүмкіндік береді. Жобада бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім-кешекті қоғамдық орындарда киіп жүруге тыйым салу көзделген. Мұндай шараларды енгізу азаматтардың қауіпсіздігі үшін қажет. Айта кетейін, мұндай нормалар Бельгияның, Францияның, Болгарияның, Австрияның және басқа да бірқатар мемлекеттердің заңдарында қолданылады.Бұл норма дінге ғана қатысты емес, сол себепті ол "Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы" заңға енгізліп отыр", — деп баяндады Кәлетаев.

Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметшілердің дін саласындағы әдебіне байланысты бірқатар талап нақтыланған. Министрдің атап өтуінше, мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексінде көзделген үш шектеу енгізілген.

"Атап айтқанда, өзінің қызметтік мүмкіндіктерін діни бірлестіктердің мүдделеріне пайдаланбау, өзіне бағыныстағы қызметшілерді діни қызметке мәжбүрлемеу, діни бірлестікті құруға бастамашы немесе оның мүшесі болмау. Жалпы, ұсынылатын нормалар азаматтардың дін саласындағы негізгі құқықтарына, мысалы жұмыс уақытынан тыс кезде діни іс-шараларды және ресімдерді орындау немесе оларға қатысу құқықтарына әсер етпейді. Мемлекеттік бюджеттен және Ұлттық банктің бюджетінен қаржыландырылатын ұйым қызметкерлерін де осы норманың бір бөлігімен қамту ұсынылады", — деді ол.

Тағы бір маңызды жайт, дінге көзқарасына қарамастан азаматтардың, соның ішінде дінге сенушілер мен сенбейтіндердің тең құқығы қамтамасыз етілмекші. Бұл бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі комитеті ескерту жасаған екен.

Министр келтірген мәліметке сүйенсек, бүгінгі таңда шамамен 14,5% қазақстандық өздерін атеист немесе агностик ретінде көрсетіп отыр.

"Олардың құқықтары дінге сенушілердің құқықтары қорғалатын деңгейде қорғалуы тиіс", — деп атап өтті Кәлетаев.

Сонымен қатар, кәмелетке толмағандарды діни қызметке заңсыз тартудан қорғау деңгейі күшейеді. Балалар мен жасөспірімдерді ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің келісімінсіз діни салт-жораларға тартуға болмайды.

Шетелде діни білім алу реттеледі. Қазақстан азаматтары елімізде жоғарғы діни білім алғаннан кейін ғана шетелде оқи алады.

Бұдан басқа, діни бірлестіктердің қаржы қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету бойынша нормалар ұсынылып отыр.

"Олардың ішкі қаржылық есептерін міндетті түрде жүргізу талаптары енгізілді. Осы есептерді бұқаралық ақпарат құралдарында жыл сайын жариялау көзделген. Халықаралық тәжірибеде бұл кеңінен қолданылатын заңнамалық талап.  Аталған мәселе біздің қоғамда да талай мәрте көтерілген болатын", — деді министр.

Заң жобасындағы тағы бір жаңашылдық — ғибадат үйлерінен тыс жерлерде некені қию немесе тоқтату бойынша діни жоралар мен рәсімдерді жасауға тыйым салынбақ.

"Діни жолмен некеге тұруға ниет білдірген адамдардың біреуі ғибадат ғимаратына келе алмайтын жағдайда (ауыр науқастануы, мүгедектігі, бас бостандығынан айыру орындарында болуы)  бұл діни рәсімді медициналық немесе өзге де ұйымда некеге отыратын адамдардың қатысуымен тіркелген діни бірлестіктің өкілі жүргізе алады", — деп түйді сөзін министр.

1368
Кілт сөздер:
діни радикализм, мәжіліс депутаттары, деструктивті діни ағымдар, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, Дархан Кәлетаев
Қасым-Жомарт Тоқаев

Тоқаев Үндістан президентіне көңіл айтты

3
Махараштра штатында су тасқыны мен лай көшкінінен кем дегенде 138 адам көз жұмды

НҰР-СҰЛТАН, 25 шілде – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістан президенті Рам Нат Ковиндке көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорда.

Қазақстан президенті Махараштра штатында болған су тасқыны мен лай көшкіні салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны және үйлер мен ғимараттардың қирағаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдады.

"Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан қаза болған адамдардың отбасыларына көңіл айтамын және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін. Із-түзсіз жоғалған отандастарыңыз өз отбасыларына аман-есен оралсын. Осындай қиын-қыстау шақта біз Үндістан халқымен біргеміз", – делінген жеделхатта.

Тағы оқыңыз: "Қайғырып көңіл айтамын": Тоқаев Си Цзиньпинге жеделхат жолдады

Үндістанның орталығындағы Махараштра штатында су тасқыны мен лай көшкінінен кем дегенде 138 адам көз жұмды, деп хабарлайды РИА Новости.

84 мыңнан астам адам штатттың оңтүстігіндегі Пуна округінде қауіпсіз аймаққа орналастырылды.

Үнді метеорология бюросы Махараштра штатының әкімшілік орталығы Мумбаидағы нөсер жауынға байланысты дабылдың қызыл деңгейін жариялады. Табиғи апат салдарынан қала тұрғындарын жарық және сумен қамтамасыз етуде қиындықтар туындады.

3
Кілт сөздер:
көңіл айту, Үндістан, Қасым-Жомарт Тоқаев
Елордадағы билборд, архивтегі сурет

Індет өршіп тұр: "сары" аймақта тек бір ғана облыс қалды

62
Қазіргі таңда Қазақстанның он алты өңірі "қызыл" аймақта орналасқан, "жасыл" аймақта бір де бір облыс жоқ

НҰР-СҰЛТАН, 25 шілде – Sputnik. 25 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстан өңірлеріндегі эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы жарияланды.

"Қызыл" аймақта Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстары тұр.

"Сары" аймақта тек Алматы облысы қалды.

25 шілдедегі мәлімет бойынша 78 917 адам коронавирус инфекциясынан (76 891 КВИ+ және 2 026 КВИ-) емделуде, олардың ішінде 23 046 пациент стационарда, 55 871 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдап жатыр.

Індетке шалдыққандар арасында:

  • 1 438 адамның жағдайы ауыр,
  • 284 пациенттің жағдайы өте ауыр,
  • 182 науқас жасанды тыныс алдырту аппаратына қосылған.

Соңғы дерекке сүйенсек, республикада 5 127 049 адам вакцинаның бірінші компонентін, ал 3 232 019 адам екінші компонентін салдырды.

62
Кілт сөздер:
коронавирус
Тақырып:
Коронавирус эпидемиясы
Тақырып бойынша
1 қыркүйекке дейін балаларды вакцина салдыруға міндеттей ме?
Қазақстандықтарда таңдау бар ма – өңірлерде қандай вакцина қалды 
"Вакцина алмағанына өкінеді": денсаулық министрі халыққа үндеу жасады 
"Вирус мутацияланады": Шарман вакцина алмағандарға қандай қауіп төніп тұрғанын айтты